Жамбылда тұңғыш рет қыздар арасында Құран жарысы өтті

747

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Құран аяттарын неғұрлым көп жаттаған адамның жұмақта дәрежесінің соншалықты жоғарылайтынын айтады.

Тағы бір хадисінде: «Араларыңдағы ең қайырлыларың – Құранды үйренгендерің және үйреткендерің» (Бұхари), — дейді.

Үстіміздегі жылдың 2-3 қараша күндері Тараз қалалық «Кеңесхан қажы» мешітінде, ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілі Жұмабаев Данияр Әлимұхаммедұлының, мешіт бас имамы Жұмағұл Қанат Әділханұлы және мешіт ұстаздарының ұйымдастыруымен облысымызда алғаш рет әйелдер-қыздар арасында 3 аталым (номинациялар) бойынша Құран жарысы өтті.

Қарақылды қақ жарар әділ қазылар құрамында – Данияр Әлимұхаммедұлы, Қанат Әділханұлы, Қасымжан Бекжігітұлы, Жібек Болатбекқызы және Гүлжан Серікқызы  жарыскерлердің дайындығын тексерді. Сонымен қатар, бағаларын берулері нәтижесінде 3 аталым бойынша І, ІІ және ІІІ орындарды иемденген 9 қатысушы оқ бойы озып шықты.

«Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді», — дейді дана халқымыз. Әйел адам үйдегі ұрпақ тәрбиесінде маңызды рөлге ие. Бұл сайыстың ерекшелігі сол – қоғамымыздағы әйел балаларының Алланың қасиетті кәләмі – Құран кәрімнің тағылымын бойларына сіңірулеріне жол ашу еді.

Сайыстың «Құранды мәнерлеп, бетінен оқу» аталымы бойынша 19 үміткер сайысқа түсіп, қызу бәсекелестік жағдайында алғашқы 3 орын иегерлері анықталды. Үшінші орынды «Һибатулла Тарази» мешітінің шәкірті Қалдыбекова Динара, екінші орынды «Кеңесхан қажы» мешітінің шәкірті Елеусинова Әсия, ал бірінші орынды «Һибатулла Тарази» мешітінің шәкірті Сүлейменова Зәмзәм иеленді.

«Құранның жарты парасын жатқа оқу» аталымы бойынша 23 қыз сынға түсіп, үшінші орынды «Кеңесхан қажы» мешітінің шәкірті Әлимұхаммед Рабиа, екінші орынды «Һибатулла Тарази» мешітінің шәкірті Тымбаева Шырайлым, ал бірінші орынды «Кеңесхан қажы» мешітінің шәкірті Шадиярқызы Нұрай алды.

«Құранның І парасын жатқа оқу» аталымы бойынша 10 қыз сынға түсіп, үшінші орынды «Кеңесхан қажы» мешітінің шәкірті Бейсеналы Әмина, екінші орынды Жамбыл ауданынан келген Танысбаева Мөлдір алса, бірінші орынға «Һибатулла Тарази» мешітінің шәкірті 6 жасар бүлдіршін қыз Әлжан Ләтифа қазылардың ортақ шешімі бойынша лайықты деп танылып, 150 000 теңге сыйақыға кенелді.

Жыйын соңында қатысушыларға ас беріліп, апалар мен ұстаздар ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, жүрек жарды тілектерін жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.