Жамбыл облысында 80 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген

575

Жамбылдық кәсіпкерлерді «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасының қолданылу мерзімі ұзаратындығы қуантып отыр.

Оған жыл сайын бөлінетін 30 миллиард теңге шағын және орта кәсіпкерлік саласын дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Ал 2019 жылдың қаңтарынан басталатын «салық амнистиясы» біраз шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне тірлігін тіктеп, қайта қатарға қосылуға жағдай жасамақ.

«Энерджи Тараз» – «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасынан түлеп шыққан кәсіпорын. Мемлекеттік қолдаудың арқасында 40 миллион теңге жеңілдетілген несие беріліп, бірнеше жыл бұрын іске қосылған. Өндіріс орнында энергияны 70 пайызға дейін үнемдейтін диодты шамдар шығарылады. Отандық өнім жоғары технологиямен жасалады. Жылына 15 мың дана жарық шам шығаруға қауқарлы. Алайда соңғы жылдары түрлі себептерге байланысты компанияға тапсырыс азайған. Салдарынан бірқатар қиындыққа тап болып, мемлекетке салық төленбей, өсім мен айыппұл бірнеше миллион теңгеге өсіп кеткен көрінеді.

Облыста осындай 80 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген. Бүгінде оның 62 мыңнан астамы табысты жұмыс істеп тұр. Онда 120 мыңнан астам адам еңбек етіп жатыр. Елбасы айтқан «Салық амнистиясы» тынысы тарылып, жабылуға шақ тұрған кәсіпорындарға тың серпіліс береді. «Ал «Бизнестің жол картасы – 2020» жобасының 2025 жылға дейін жалғасуы кәсіпкерлерге берілген тағы бір мүмкіндік», – дейді мамандар.

– Ағымдағы жылдың өзінде бюджеттен осы бағдарламаға 2 миллиардтан астам аса қаржы бөлінді. Бұл қаржы сұранысты түгелдей жаппағандығын көріп отырмыз. Кәсіпкерлік саласына қаржы сомасын 30 миллиардтан аса жұмсау қажеттігін айтып кетті. Ол өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Өндірген өнім көлемінің өсуіне мүмкіндік тудырады, – дейді облыстық кәсіпкерлік және ИИД басқармасы басшысының орынбасары Жандәулет Кенжебеков.

Жамбыл облысында «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы қабылданғалы бері жалпы құны 100 миллиард теңгенің мыңнан астам жобасы жүзеге асырылған. Бағдарлама аясында соңғы екі жылдың өзінде өңірде 3600 жаңа жұмыс орындары ашылды.

– Орта бизнес дамыған сайын жұмысшылар да көбейе бастайды. Жұмыс көп болғаны бізге де жақсы. Осы арқылы біз бала-шағамызды асырап отырмыз, – дейді электр өнімдерін құрастыратын цех шебері Айбек Құрмансейіт.

Айта кету керек, биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы қорытынды бойынша шағын және орта бизнес субъектілерімен 66,2 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Ал жалпы өңір республикада бұл бағыттағы көрсеткіштер бойынша 7 орында тұр.

24.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.