«Заман қаншалықты дамыса да, жастарға кітапты көп оқу керек»

778

Шырын Мамасерікова, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Меркі ауданының Құрметті азаматы, ақын

– Шырын апа, мәуелі жырларыңызбен жұртыңыздың құрметіне ие болып, бірқатар кітаптарыңызды жарыққа шығардыңыз. Жас ұрпақты оқытып, тәрбиелеп, ұстаздық еттіңіз. Біраз жыл аудандық өлкетану мұражайын да басқардыңыз. Ал, бүгін немен айналысып жүрсіз?
– Әрқайсысымыз да бізді жарық дүниеге әкеліп, есейгенше түн ұйқысын төрт бөліп, әр қадамымызға алаңдаған анамызға қандай қарыздар болсақ, Отан алдында да дәл сондай парызымыз зор. Туған елдің игілігіне өміріміздің соңына дейін қызмет етуге міндеттіміз. Мен де өз елімнің перзенті ретінде зейнетке шықсам да, жас ұрпақтың тәрбиесіне барынша үлес қосудамын.
Өмірде бос отыруға уақыт та тапшы. Әйел адамның үй шаруасы да аз емес. Одан бөлек, шапағаттың шуағы жайында жаңадан кітап жазып жатырмын. Бұйыртса, келесі жылы жарық көріп қалар деп ойлаймын.
Бұдан бөлек, аудандық Қоғамдық кеңестің мүшесімін. Ол кеңеске қатысумен өз ауылымның алуан түрлі мәселелерінің оң шешілуіне аз да болса қолғабыс етудемін.
– Қоғамдық кеңес ел ішіндегі түйткілдердің түйінін тарқатып, әділдіктің кең өріс алуы үшін құрылғаны белгілі. Аудандық Қоғамдық кеңес сол үдеден шыға алып жатыр ма? Жалпы кеңесте қандай мәселелер қаралуда?
– Ел іші болған соң түрлі мәселелер орын алып жатады. Әсіресе, денсаулық – ең басты байлық болғандықтан болар, осы сала кеңестің талқысына жиі салынуда. Жақында ғана аудандық Қоғамдық кеңес өлкедегі медициналық қызметтің сапасына саралау жүргізді. Бірақ, өзім денсаулығыма байланысты ол кеңеске қатыса алмадым.
Меркі ауданындағы Қоғамдық кеңестің төрағасы Серік Құралбаев – көзі ашық, құлағы түрік, белгілі журналист. Осы ауылдың тумасы. Меркінің әр тасын жақсы біледі. Өзі әділдік үшін көп күресетін азамат. Сондықтан, ауданымызда шешімін ұзақ күттірген күрделі мәселе жоқ деп ойлаймын.
Меркі өңірі таудың етегінде орналасқандықтан да табиғаты өте керемет. Тарихының да тамыры тереңде жатыр. Көнеден қалған, бағзы замандардан сыр шертетін жәдігерлер де аз емес. Ақын Жарасқан Әбдірашев бір келгенінде «Ааай, апай-ау, мына жер кішкентай Париж ғой» деп тамсанғаны әлі күнге көз алдымда. Ол онда бұл жерге зәулім ғимараттары үшін сүйсінген жоқ, әлгінде айтқанымдай тамылжыған табиғатына тамсанды. Соныман қатар, ауданның мәдениет саласы ол кездерде өте жақсы дамыған еді. «Меркі әуендері» тобы Италияға, Францияға барып, қазақтың әнімен сол жақтың жұртын тамсандырып келген болатын.
Осындай құнарлы топырақта дүниеге келіп, түлеп шыққан тұлғалар да шүкір, баршылық. Ертедегі тарихқа үңілсек, Сыпатай батыр, Жауғаш батыр, Ақкөз батырлар ерліктің ерек үлгісін көрсетіп кетті. Одан бергіде халқының қамы үшін өз жанын да аямаған Тұрар Рысқұловтың өзі бір төбе. Қабылбек Сарымолдаев, Асанбай Асқаровтар алты Алаш ардақтаған қайраткерлер. Асанбай Асқаров жайлы «Қазақта аса байлар көп, Асанбайлар жоқ» деп мәні терең ой айтқан Намазалы Омашев биік өрелі, өткір сөзімен көпке танылған азамат. Кешегі Ақан серілердің жалғасы болып жүрген Алтынбек Қоразбаевтың әнін сүймейтін кісі жоқ шығар, сірә. Солардың ізін жалғаған озық ойлы, іскер жастарымыз да бар. Мысалы, төрт түлікті өсіріп, мал шаруашылығын жақсы өркендетіп отырған Аманжол Әкетаев, аудан орталығынан «Мега» орталық ашып, тұрғындардың тілеуін орындаған Болат Рахымбаев, тіпті, өзіміздің Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбеков те іскерлігімен тұрғындардың алғысын алып отыр. Мен өзім 1967 жылдан бері осы Меркіде 12-13 аудан әкімін көрген адаммын. Павловский дегеннен басқасының бәрі жақсы болды. Ауданымыз күннен-күнге дамып отырса, онда әр әкімнің еңбегі бар. Қазіргі уақытта білімпаз, өнерпаз жастарымыз өсіп келеді. Олар да ертең ауданның өркендеуіне өз үлесін қосады деп сенемін.
– Бүгінгі жас ақындарымыздың бет алысы жайында не айтасыз?
– Қазір облыста ақындығымен көрініп жүрген Ерлан Жүніс, Хамит Есаман, Табиғат Абаилдаев, Наурыз Сарша деген жігіттердің шумақтарынан табиғи талант байқалады. Сөз құдіретін ұғынған жастар жаман адам болмайды. Қаламды жанына серік еткен, көкейіндегі ойын өлең сөзбен өрнектеген жастардың ертеңінен көп жақсылықты күтемін.
Бірақ, жас ақындардың көбісі айтар ойын көпке түсінікті тіл­мен жазбай, күрделі сөзбен жұмбақ­тандырып жіберетіні бар. Сірә, тұмандатып айтуды ұтымды көретін шығар. Дегенмен, «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деп Абай айтқандай, тап-тұйнақтай етіп жазса, көркем сөзбен кестелесе деймін. «Өнер алды – қызыл тіл» деген қазақ әу бастан көркем сөзге бай халық. Сол байлығымызды неге көрсетпеске?!
Бәлкім, бұл жастардың кітапты көп оқымайтындығынан да шығар. Жаратылыс сөзден басталған дейді ғой. Сондықтан да сөздің құдіреті бар. Жалқаулыққа салынып, сөзден қашуға болмайды. Заман қаншалықты жаңарып, ақпарат айдыны дамыса да, сөз құнарын сіңіру үшін жастарға кітапты көп оқу керек.
– Бұл өмір сынақ алаңы іспетті. Тағдырдың асау толқындары кейде жағалауға лақтырып тастаса, енді бірде тереңге құлдилата әкетеді. Сондай сын сәттерге кезіккенде, неден жұбаныш табасыз, жігеріңізді жануға не себеп болады?
– Әжем марқұм айтушы еді «Нағыз бақытты адам – сынаққа сабыр еткен адам» деп. Сол айтқандай, барынша сабырлы болуға тырысамын. Мен де біраз сынақтардан өттім. Шаңырақ көтергенімізге көп болмай жатып, күйеуімнен ажал айырды. Аяғым ауыр еді. «Баланы әкесіз қалай өсіресің, алдырып таста» дегендер де кездесті. Бірақ, мен жолдасымды қатты жақсы көрдім. Одан қалған тұяққа, кішкентай ғана жаратылысқа ондай қиянат жасай алмадым. Ұлым дүниеге келіп, жақсы азамат болып өсті. Әкесіндей адал еді. Заң саласында қызмет етіп, әділдігімен еліне еленді. Қазір аудан орталығындағы абыройлы азаматтардың есімі жазылған ескерткіште оның да есімі жазылып тұр. Жасындай жарқыраған ұлымды да ажал ерте алып кетті. Отыз жасында мәңгілік сапарға аттанып кете барды. Одан қалған қос немерем бар, шүкір. Олардың оқып, есеюіне қолымнан келгенінше еңбектендім. Қазір екеуі де Алматы қаласында математиктерді оқытатын Жәутіков атындағы мектепті озатқа бітіріп, жоғары білім алды. Білімге құштарлығымен көзге түсіп, Британияның жоғары оқуынан оқып келді. Кіші немеремнің бойында өнерге жақындық бар. Бір күні «Апа, менің ән айтқанымды тыңдашы» деп бір әнді орындап берді. Енді аса жаман да емес, бірақ құлақ құрышын қандырарлықтай да дей алмаймын. Сосын балама айттым «Қарағым, мұндай дауыс екінің бірінен кезігеді. Табиғи талант болмаса, бұл дауыспен ән айтпай-ақ қой. Одан гөрі оқуыңа сал бар зейініңді. Сенен жақсы білімді азамат шығады» дедім. Шүкір, айтқаным айна қатесіз келді. Әкесінің жолын қуып, ол да заңгерлік білім алуда. Қазір сол немерелеріме сүйсініп, тәңірге көп тәубе етемін. Тағдыр бір жағынан қамықтырса, екінші жағынан сүйіншілейді. Осыған көзім жетті.
Анам Дідәкүл де өмірді мағыналы сүру үшін адамға сабыр, қандай жағдайда да адастырмас ақыл керектігін, бабалардан қалған сара жолдан, ардан аттамай, ұятты ұмытпай жүруді құлағыма көп құйған. Анам өте парасатты кісі еді. Өнерді жақсы көретін. Ән айтатыны да бар. Кітап оқығанды ұнататын. Үйде қазақ әдебиетінің классиктерінің туындылары тұратын. Біздің кезде Тұрар Рысқұлов ауданының Жалпақсаз ауылында электр жарығы жоқ еді. Шешеміз бізге майшам жағып, кітап оқыттыратын. Ескі киімдерден құрастырып, қолдорба тігіп беретін. Кітап, дәптерлерімізді соған салып, мектепке бардық. Сабағымызды алаңсыз оқу үшін, таң қараңғысынан тұрып, от жағып, үй ішін жылытып, шайымызды беріп сабаққа шығарып салып, кешкісін дәмді асымен күтіп алатын. Ағаш жарып, отын дайындап, жаз айында сиырдың тезегінен жаппа жайып, соған нан көміп, пісіретін. Біздің қамымызбен таңның атысы, күннің батысында бір тыным таппайтын. Өзі қызылшашы да болды. Ол кезде барлық істі қолмен жасайтын, қазіргідей техника жоқ. Сонда анам қызылшаның ауыр бейнетіне де, біздің қамымызды күйттеп, үйдің шаруасын дөңгелетуге де үлгерді. Сондай әрекеттерімен өмірдің қиындықтарына мойымай, ширай түсуді, қайта алдыңнан кедергі кездессе, жол тауып, нендей қыспақты да белді бекем буып қарсы алуды үйретті.
Адамға өмір бір-ақ рет беріледі. Ол – Алланың сыйы. Оған құрметпен қарап, өнегелі өмір сүруге тиістіміз. Бұл – әжем мен анамнан алған тәлімім.
– Бүгінде жабыққанда жаныңыздан табылатын жанашырлар көп болар. Бірақ, «Нағыз досты басыңа іс түскенде танисың» дейді ғой…
– Иә, бабаларымыздың қай сөзі болсын, нағыз өмірден алынған, дәлелін күн сайын көріп жүреміз. Расында, атақ пен билік, байлыққа қолың жетсе, жан-жағыңда дос-жаран көбейеді. Олардың ішіндегі нағыз бауырмал досты қиын сәттер ғана ажыратып, көрсетіп береді. Мен жас күнімде танысып, достасқан Күләш Ахметова, Айша Көпжасарова секілді құрбыларыммен тағдырдың сан қырын кешсем де әлі күнге жақын сыйласып келемін. Бәлкім, басыма түскен қайғылардың әсері болар, кейінгі кездері денсаулығым сыр бере бастады. Өткен қыста қатты науқастанып, ауруханада жатып қалдым. Сонда облыстық мәслихаттың депутаты Гүлдара Нұрымова есімді сіңлім өзінің «Мейірім» клиникасына алдыртып, толықтай медициналық тексерістен өткізді. Анықталған диагноз бойынша сол клиникада емдеді. «Мейірімде» заманауи құрыл­ғы­лармен емдейтіндіктен төлемақысы да арзан емес. Сол кезде менің емімнің әр күні 20 000 теңге екен. Менің бір зейнетақым үш-ақ күндік еміме жететін. Сонда Гүлдара әр күнімнің төлемақысының жартысын өзі төледі. Жоғарыда айтқан ақын құрбыларым, тағы бірқатар жанашыр достарым көмектесіп, белгіленген күн бойынша барлық емімді алып, айығып шықтым. Тәубә, қазір денсаулығым біршама жақсарып қалды.
Жаңа айтқанымдай, жақынымнан айырылып, жабыққан күндерімде Мұхтар Шаханов «Сен қазақтың қанатты қызысың» деп жұбату айтқаны, Шерхан Мұртаза келіп «Батыр адам ғана қиындықтан жол табады. Ақылы аздар күйгелектеніп, жынды болып кетеді» дегені де қанат бітіріп, қуат берді.
– Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда жастар арасында ажырасу фактілері жиілеп кетті. Бұған не себеп деп ойлайсыз?
– Жаңа әжем мен анамның өнегесін сөз еттім ғой. Олар қазақтың қайсар қыздарының бірі. Тоқсаныншы жылдардағы экономикалық дағдарыста жалақы біраз уақыт берілмей, дүкендерге тауар келмей, электр қуаты секілді коммуналдық қызметке дейін тоқырады. Міне, сол кезде біздің келіншектер бала-шағасының наны үшін ала дорбаны арқалап, ел кезіп, саудаға кетті. Жол азабына да, сауданың қиындығына да төзді. Сол кезең біздің қазақ отбасындағы ер мен әйелдің орынын алмастырып жіберді. Әйелдері саудаға кеткен соң, ер азаматтарымыз үйдегі бала-шағаға бас-көз болып, ошақ басында қалды. Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеген біздің халықта ер адам айбат әрі асыраушы, әйел адам шаңырақтың шырайын келтіріп, дастарханының берекесін ұйытып, ошақ басында балаларын тәрбиелеп отыратын. Кейінгі кездегі көбейіп кеткен ажырасуларға осы себеп деп ойлаймын. Отбасында келіншектеріміз іскерлік танытып, табыс әкелушіге айналғасын ол да сыртта көп жүруге мәжбүр. Ер мен әйел екеуі де сыртта қызмет қуып жүрсе, шаңырақтың жылуын кім сақтайды? Бала-шағаға тәлім-тәрбиені кім береді?
Анам өнерді жақсы көргенімен өзі ол жолға түскен жоқ. Бірақ, ауылға келетін әртістер біздің үйге түсіп, анамның дастарханынан дәм татып кететін. Жамал Омарова, Күләш Байсейітовалармен жолдас болған Үрия Тұрдықұлова деген жезтаңдай әнші келіншек жиі келетін. Бір күні сол әншіге анам менің ән айтқанымды көрсетіп еді, ол «Ділдәкүл, қызыңды әнге жолатпа, не дәрігер, не мұғалім қыл» деді. Ән айтқанды ұнататын мен іштей әлгі келіншекті жек көріп қалдым. Кейін есейгесін түсіндім ғой, Үрия апай өнер жолына түсіп, тұрмыста әйел бақыты бұйырмай, өмірде жалғыз жүргендіктен, менің де ертеңіме алаңдаған екен ғой. Жолы жіңішке қыз баланың өнерді таңдаса, қиналатынын ескерткенін мен ұқпаппын.
Анам да сол әнші келіншектің сөзін ескерді ме, мені үлкен қалаға оқуға жібергісі келмеді. Ал, мен балалыққа басып, оқуға жібермесе, ас ішпеуге бекіндім. Содан үш күн нәр татпадым. Ақыры, анам мен әжем ақылдасып, оқуға жіберетін болды. Бірақ, маған «Шашыңды қидырмайсың, тырнақ өсірмейсің, арақты ауызға алмайсың» деп шарт қойып, әбден ақылдарын құлағыма құйып, шығарып салды. Үлкен қаладағы студенттік шақ қызылды-жасылды бояу секілді қызығына баурап әкетті. Алайда, қасымдағы сылқым қыздардың қылықтары қаншалықты қызықтырса да, анамның айтқандарын бұлжытпай орындадым. Соның арқасында талай бойжеткен сыртынан ғашық болып, қол жеткізе алмаған, жақсы жанға жар болдым. Шын бақыттың дәмін таттым. Елімнің, ауылымның сый-құрметіне ие болдым.
Егер әрбір қаракөзіміз әлгінде айтқанымдай тәрбиеге берік болса, ал, ерлеріміз өз сөзі мен ісіне беріктік қылса, ажырасу сынды дүниелер мүлде болмас еді.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен Президент болмай тұрғанында кездесіпсіз. Тарихқа сәл шегініс жасап, сол сәтті қайта еске түсіріп көрсек…
– Иә, 1990 жылы аудандық өлкетану мұражайының директоры қызметін атқарып жүргенімде Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан ССР халық депутаттығына кандидат ретінде Меркінің тыныс-тіршілігімен танысып, тұрғындардың тілегін тыңдауға келді. Оның алдында 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы болған кезде біздің Меркіде де кішігірім төңкеріс орын алды. Астанадан шалғай ауылда жүрсек те туған өлкемізді басқаруға өз ұлтымыздың өкілі, атап айтқанда Колбин жіберген Павловский емес, ауданымызда көптеген игі жұмыстарды атқарған Ермек Сауранбаевтың өз орнында қалуын жақтап, екі жүзден астам адам қол қойғанбыз. Осы әрекетіміз үшін «ұлтшыл» деп айыпталып, қаншама жан жазықсыз жұмыстан қуылды, партиядан шығарылды. Жұмысыма берік әрі арақ атаулысын аузыма алып көрмеген мен ғана жұмыстан шығарылмадым. Сол кездегі билік қазақ жастарына маскүнем, ішкіш деген айып тағып, партиядан, қызметтен қудалағанын бәріміз жақсы білеміз. Бірақ, мен қызметте қалсам да, жұмысымнан ши іздегендердің назарында жүрдім. Сөйтіп жүргенде ауданымызға Нұрсұлтан Назарбаев келіп, ойламаған жерден басшылық «Сағат 11.00-де Музейге келеді, дайындал. 15 минуттан артық уақытын алма» деп бұйырды. Арнайы экскурсовод дайындап отырғанымда «Экскурсия қазақша жүргізілсін» деген бұйрық тағы түсті. Менен басқа ешкім қазақшы білмейтін. Содан аз ғана уақыт дайындалып, депутаттыққа үміткер Елбасыны күтіп алдық. Алдында қаншалықты дайындалсам да, не құдірет екенін білмеймін, экскурсиямды бастайын десем, жағым ашылмайды. Басшылар «баста» деп ымдап жатыр, сөйлейін деймін, еркімнен тыс, жағым ашылмайды. «Енді қайттім» дей бергенімде Нұрсұлтан Әбішұлы жылы жүзбен «Осы музейдің ашылуына ҚССР министрлер Кеңесінің төрағасы ретінде шешім қабылдаған едім, сол құжат бар ма?» дегені сол, «Иә, міне тұр» деп бірден сөйлеп кеттім. Содан музейімізді толық таныстырып, «ХІ ғасырдың ұлы ойшыл философы, 54 жасында «Құт әкелетін білім» атты кітап жазған данышпан ақын Жүсіп Баласағұни Меркіден сүт пісірімдей қашықтықта тұратын Ақтөбе деген ауылдағы Баласағұн қаласында дүниеге келген» дедім. Тыңдап тұрған Мемлекет басшысы сөзімді салиқалы түрмен бөліп, «Қырғыз ғалымдары Баласағұн қаласын Талас жақта деп жүр ғой» дегенде мен қарсыласып «Жоқ, олай емес. Институтта оқып жүргенде ұстаздарымнан естігенмін. Әрі тарихи кітаптарда қытай, парсы жиханкездерінің жазбаларында Баласағұн қаласы Жетісу өңіріндегі Шу бойында деген» деп сөйлеп тұрып айналама қарасам, бәрінің ұнжырғасы түсіп кеткен. Аудан басшысының мүлдем түрі бұзылып, теріс айналғанын көргенде «Басына бәле тілеген адам Сұлтан сөзін қайырар» деген нақыл есіме түсіп, жылап жібере жаздадым. Бәрін бақылап тұрған Нұрсұлтан Әбішұлы «Дұрыс айтасыз, тарих деген жұмбақ. Әлі толық шешілген жоқ. Сіз де қорықпай осылай айта беріңіз» деп арқамнан қақты. Сыпатай Әлібекұлына арналған залға барғанда, бүкіл Жетісу өңірінің әулие, пір санайтын, қазақ-қырғыздың төбе биі атанған батыр бабамыздың күмбезі қирап жатқанын, ел-жұрт жылда ақша жинап, материалдың жоқтығынан іске аспай тұрғанын айтқанымда ол кісі «Онда қаражат сіздерден, материал бізден. Халыққа күмбезін салып беріңдер» деді. Содан кейін келесі жылы батырдың күмбезі бой көтерді.
Ал, «Бүгінгі Меркі» залындағы А.Қоразбаевтың суретінің тұсына келгенде «»Қазақтың қара шалының, қара кемпірінің, қара баласының мұң-зарын алты Алашқа жеткізген талантты сазгер ініміздің «Әуесқой композитор» деген атағы ғана бар» дедім мұңая. Содан дәл 21 күн өткенде талантты сазгерге «Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қызметкер» атағы берілді. Санамда 15 минут жатталып тұрса да Мемлекет басшысы жиі сұрақ қойып, әңгімелесумен уақыт 40 минуттан асып кетіпті. Осы уақыт аралығындағы кездесу маған ерекше әсер сыйлап, Елбасыны халықтың тілегін назардан тыс қалдырмайтын, сөзі ісіне сай басшы ретінде таныдым. Қазаққа көреген басшы бұйыртқан жаратқан Ием еліміздің басынан бағын тайдырмасын!
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қамар Қарасаева

Leave A Reply

Your email address will not be published.