Ұстаз – мектептің жүрегі

88

Инемен құдық қазғандай оқу жолына түскен жасөспірімдерге оң бағыт көрсетіп, білім беретін мұғалімге жүктелер жауапкершілік жоғары. Бүгінде облысымызда 25 мыңнан аса мұғалім осы жолда еңбек етеді. Ғылымда сәт сайын жаңалық еніп отыратын бүгінгі техника ғасыры педагогтардан үздіксіз ізденісті талап етеді. Сол үдеден шығу үшін педагогтардың білімін жетілдіру курстары үнемі ұйымдастырылып отырады. Мысалы, облысымыздың 15 633 мұғалімі жаңартылған мазмұн бойынша курстан өтті. Сонымен қатар, 888 педагог жаратылыстану пәндері бойынша ағылшын тілінен білімін жетілдірді. Сондай-ақ, 11 маусымнан бастап аудандар мен Тараз қаласында физика, химия, биология, информатика пәндерінен сабақ беретін 220 педагог жергілікті бюджет есебінен «USTAZ Professional Learning Centre» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мамандарының ұйымдастыруымен ағылшын тіліндегі курстардан өтті.

Әлемге белгілі ұстаз әл-Фараби «Ұстаз жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек» деген екен. Яғни, ұстазға қай заманда да парасат-пайымын, ой-өрісін іліммен байытып отыру міндеті тән. Өйткені, олар ел болашағының тұтқасын ұстар балаларды, жасөспірім жеткіншектерді оқытады, тәрбиелейді. Шәкірттің білімімен, жан-жақты тұлға болып қалыптасуымен мұғалімдердің еңбегін көреміз. Айтулы білім бәсекелерінде топ жарып, оза шауып жүрген жеңімпаз оқушыларымыздың жетістігі – мұғалімдеріміздің тынымсыз еңбегінің нәтижесі.
Ағымдағы жылы облыстың 508 педагогы республикалық байқауларда жеңімпаз атанды. Биыл облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес озық тәжірибелі, республикалық, халықаралық олимпиадалар мен байқау жеңімпаздарын даярлаған педагогтарға сыйақы беру туралы Ереже бекітілді.
Облыс ұстаздары Мұғалімдер күніне орай «Жылдың үздік педагогы», «Жылдың үздік тәрбиешісі», «Жылдың үздік қосымша білім беру педагогы», «Жылдың үздік арнайы білім беру мекемесінің педагогы», «Жылдың үздік инженер-педагогы» номинацияларымен марапатталады. Бұл өлшеусіз еңбектің бағалануы.
Бүгінгі уақыт бұған дейін адам қолымен жүзеге асырылған барлық істерді электронды жүйеде орындауды талап етуде. Ол әрі уақытты ұтымды пайдалануға көмектеседі және атқарылып жатқан қызметтердің ашықтығын қамтиды. Заманауи талапқа сай білім саласында да цифрландыру жүргізілуде. Осы бағытпен мұғалімдерді қағазбастылықтан арылту мақсатында «Күнделік» жүйесі енгізілді. Бір сөзбен айтқанда, үйреншікті қағаз күнделіктер компьютерлік бағдарламаға алмастырылды. Облыстың 434 (97,5%) мектебі «Күнделік» жүйесіне қосылған. Жүйеге бүгінгі күні жалпы 233 940 пайдаланушы тіркелген. Оның ішінде 25 710-ы мұғалім, 200 552-сі оқушы, 95 701-і ата-ана.
Сонымен қатар, «Bilimland» цифрлық білім беру ресурстары порталына облысымыздың 446 мектебі түгел қосылған. Оның ішінде 428 мектеп онлайн және 18 мектеп офлайн тәсілінде білім беру ресурстары порталына қосылды.
Халқымыздың аса көрнекті ағартушы ғалымы Ыбырай Алтынсарин «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» дейді. Алтын ұя – мектебіміздің жүрегі үнемі соғып, балаларымыздың білімін кеңейтіп, сапалы тәрбие беру мақсатында еңбектеніп жүрген барша әріптестеріме төл мереке аясында сәттілік, табыс тілеймін. Мұғалімнің мәртебесін көтеретін оның сауаты мен тәлімі. Әрқашан парасат биігінен көріне беріңіздер, аяулы ұстаздар!

Рахия Тұрмаханбетова,
облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.