Тараз үш ұпай жоғалтты

426

Футболдан ел біріншілігінің бірінші лига ойындары шешуші кезеңіне жақындаған сайын тартыс қыза түсуде. Ұпай жолында жан салып жатқан командалардың бір-біріне есе жібергісі жоқ. Тіпті, турнир барысында осал көрінген командалардың өздері фавориттерді сүріндіріп, сенсация жасауда. Міне, осындай сәтсіздікке өткен сенбіде «Тараз» да тап болып, ауадай қажет үш ұпайдан қағылды.

Жалпы, Премьер-лигада ойнауға басты үміткерлердің бірі саналатын шымкенттік «Қыран» өскемендік «Алтайдан» 1:2 есебімен ұтылып қалғаннан кейін біздің жігіттерге турнир кестесіндегі орнын нығайта түсуге тамаша мүмкіндік болған. «Оқжетпеспен» бірдей ұпай иеленіп тұрғанымызбен, соғылған голдар саны бойынша көш ілгері едік. Сондықтан, «Тараз» өткен сенбіде талдықорғандық «Жетісу-Б» командасын тас-талқан етіп жеңеді деп сенгенбіз. Алайда, бәрі басқаша болды.
Жасырып қайтейік, өз алаңы­мыздағы ойында осылайша жаңылысу үш ұйықтасақ та түсімізге кірмеген шығар. Бірақ, төреші ысқырығы естілген бойы «Тараз» бірден шабуылға иек артқанымен, талдықорғандықтар тас қамал қорғанысқа жатып алып, айып алаңдарына аттап бастырмады. Әлішер Сүлей мен Айдос Тәттібаевтың қос қапталдан қыспаққа алып, алыстан бағыттаған соққыларын да
«Жетісу-Б» қақпашысы еш қиналмай қайтарып отырды. Алғашқы тайм тең нәтижемен аяқталғанымен, екінші кезең біз үшін сәтсіз басталды. Қонақ команданың ойыншысы Бағлан Бөрібайдың айып алаңына асырған добына бірде-бір қорғаушымыз тосқауыл қоя алмай, нәтижесінде талдықорғандықтар есеп ашып кетті. Десе де, біз «Тараздың» есепті теңестіріп, тіпті, жеңіске жететініне сендік. Себебі, жігіттеріміз бұған дейінгі ойындарда да ұтылып жатып, талай мәрте жеңісті қолдан жұлып алғандары есімізде еді. Бірақ, осы голдан кейін қонақтар бүкіл құрамымен қорғанысқа көшті. «Тараздықтар» шабуылдарын үсті-үстіне үдетіп, сәт сайын қақпаға соққы бағыттаса да талдықорғандықтар сыр бермеді. Бас бапкер Нүркен Мазбаев екінші тайм барысында Предраг Говедарица, Евгений Шипицын, Думан Тұрсынбай және Константин Дудченконы алаңға шығарғанымен, бұл ойыншылар да қорытынды есепті өзгерте алмады. Нәтижесінде «Тараз» тегіс жерде сүрініп, ауадай қажет үш ұпайдан айырылып қалды. Турнир кестесінде бізбен иық тіресіп келген «Оқжетпес» «Мақтааралды» ойсырата ұтып, үш ұпайға ұзап кетті. «Тараз» дәл қазір турнир кестесінде екінші орында нық тұрғанымен «Қыранның» өкшелеп келе жатқанын естен шығармау керек. Оған қоса, осы жексенбіде жігіттеріміз өскемендік «Алтайға» қонаққа барады. «Алтайдың» қарымды қарсылас екенін ешкім жоққа шығара алмас. Алдыңғы маусымда осы «Алтай» «Таразды» Премьер-лига жолдамасынан қаққан болатын. Сондықтан, бұл кездесуде «жан алысып, жан беріскен» айқас болатыны даусыз. Бұдан кейін жерлестеріміз 5 қазанда шымкенттік «Қыранды» қабылдайтын болса,
21 қазанда Ақтөбенің «Ақтөбе-Жас» командасымен күш сынасады. Аталған екі ұжымнан «Тараз» ұпай олжалауы керек-ақ. Әйтпесе, жағдайымыз шынында қиындай түсетіні сөзсіз. Егер осы турлар аралығында «Оқжетпес» пен «Тараз» қайта теңесетін болса, онда топта кім көш бастайтыны Көкшетауда анықталады.
«Таразға» соңғы турларда сабырлылық пен сауатты ойын керек. Ең бастысы, турнир кестесіндегі орнымызды айқындадық. Енді тек санаулы кездесулер қалғанда білгенімізден жаңылмағанымыз абзал. Сонда клуб басшысы Қанат Мұсатаев маусым басында уәде еткендей «Таразды» Премьер-лигадан қайта көретін боламыз. Лайым, сол күнге жігіттерімз сүрінбей, жанкүйерлердің жүйкесіне ши жүгіртпей жетеді деп үміттенеміз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.