ТӨЛ МӘДЕНИЕТІМІЗДІ ТӨРТКҮЛ ДҮНИЕ ТАНУДА

1 576

Әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарына қосылуды мұрат тұтқан мемлекетімізде қайта түлеудің айрықша маңызды екі процесі – саяси реформа мен экономикалық жаңғырудың жүзеге асып жатқаны белгілі. Серпінді стратегия барда межеленген міндеттердің мерзімінде орындалатынына күмән жоқ. Оны жасампаздық жылнамасы әлдеқашан дәлелдеп қойған. Бірақ, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айрықша атап көрсеткендей, «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс». Міне, осы орайда Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының мәні зор, маңызы үлкен.

Міне, осынау рухани жаңғырудың бірегей бағдарламасына айналған құнды дүниенің жарық көргеніне күні кеше бір жыл толды. Алғашқы жылдың өзінде еліміз бойынша ауқымды тірліктер атқарылып, талай жарқын жобалар жүзеге асырылғаны белгілі. Аталған бағдарлама шеңберінде ұлттық құндылықтарымыздың құнтталуына сеп болған «Туған жер», «Киелі жерлердің географиясы», «100 жаңа оқулық», «100 жаңа есім», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» секілді бірқатар жобалар өмірге келіп, қоғамдық сананы жаңғырту бағытында жүргізілген жұмыстар барысында өзінің өзектілігін көрсетіп берді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Президентіміздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының жарыққа шыққанына бір жыл толуына орай ұйымдастырылған көрмеде, міне, осындай жарқын жетістіктер мен жасампаз жобалар егжей-тегжейлі айтылды.

Онда бағдарлама аясында барлық өңірлерде атқарылған жұмыстардың нәтижелері таныстырылып, алда жүзеге асырылуы тиіс міндеттер сараланды. Жиынды жүргізген Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева жобалардың әр өңірде жүзеге асырылуына жұртшылықтың белсенді араласқанын, бағдарламаның халық арасында кеңінен насихатталуына бұқаралық ақпарат құралдарының тигізген көмегі зор екенін атап өтіп, ерекше алғысын жеткізді.

Президентіміздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында қолға алынған негізгі жобалардың бірі – «Туған жер». Осы жоба аясында халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтарын қолдау, жұмысқа орналасуына жәрдем беру, тарихи-мәдени мұраларды қорғау, инфрақұрылымдық нысандарды жөндеу, мектептерді заманауи үлгіде жабдықтау көзделген. Бүгінге дейін 1700-ден аса меценаттардың көмегімен 51 миллиард теңгеге 700-ге жуық нысан салынған және жөндеуден өткізілген. Соның ішінде ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында меценаттар тарапынан тартылған қаражат 4 миллиард теңгені құрапты. Биыл, сондай-ақ, 61 миллиард теңгеге 450 нысан салу және жөндеу жоспарланып отыр екен. Бұл жөнінде Президент Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысының меңгерушісі Мақсат Мұханов айтып берді.

Біз сөз етіп отырған басқосуға қатысқан белгілі әншілер Майра Мұхамедқызы, Сүндет Байқожин, Медет Шотабаевтардың есімі қазақ мәдениетін шетелде насихаттаушы ретінде аталып, олар көрме барысында әуелете ән шырқап, көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыру барысында қазақ елінің мәдениетін әлемге таныту үшін айтарлықтай ауқымды жұмыстар атқарылыпты. Өткен жылдың қазан айында Францияның Париж қаласындағы беделді халықаралық ұйым саналатын ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының таныстырылымы өтіп, соның арқасында отандық мәдениеттің әр түрлі бағыттарын шетелдік аудиторияға көрсету, төл мәдениетімізді дәріптеу тұрғысында бірқатар шаралар ұйымдастырылыпты.

Негізінен, бұл жоба екі кезеңнен тұрады екен. Алғашқысы, ұлттық мәдени құндылығы жоғары шығармаларды іріктеу болса, екіншісі – іріктелген туындыларды шетелдерде насихаттау. Сондықтан да, елімізде тұңғыш рет тәуелсіздік дәуірінде жарыққа шыққан бүкіл өнер туындыларының тізімі жасалып, әдебиет, музыка, театр, кино, бейнелеу, би өнерлерін қамтитын 500-ге шуық шығарма іріктеліп, олар шетелдіктерге насихатталыпты.

– Елімізде алғаш ұйымдастырылған «Рух» халықаралық әдеби конкурсына сегіз елден қатысқан оннан астам үміткердің өз шығармаларына біздің ұлттық болмысымызға тән рухани құндылықтарымызды арқау етуі үлкен жетістік. Соның нәтижесінде қазақ поэзиясы мен прозасының антологиясы құрастырылып, қазіргі таңда француз, ағылшын тілдеріне аударылуда. Бұдан бөлек, классикалық туындыларды дәріптеуші жезтаңдайлар гастрольдік сапармен көптеген шетел­дер­дің әлемге әйгілі сахналарында өз өнерлерін көрсетуде. Нақты айтқанда, ең үздік солистерден құралған өнер иелері 50-ге жуық мемлекетті аралады. Қылқалам шеберлерінің де дарындық әлеуетін әлемдік деңгейде көтеру үшін жаз айларында Астана қаласында арнайы халықаралық суретшілер көрмесін өткізу көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық жобасы басталды. Бұл – Қазақстанның мәдениетін танытатын ең негізгі де бірегей бренд. Қысқаша айтқанда, бұл жоба қазіргі заманғы қазақ мәдениетін дүниежүзіне таныстырып қана қоймай, мәдени алмасулардың ұзақ мерзімді арналарын қалыптастыруды көздейді және төл мәдениетіміздің әлемдік деңгейде өз орнын нықтай түсуіне мол мүмкіндік берді, – деді Ақтоты Рахметуллақызы.

Еліміздегі қасиетті нысандарға терең ғылыми зерттеу жүргізуге түрткі болған арнайы жобаның бірі – «Қазақстанның киелі жерлер географиясы». Ұлтымыз қадір тұтып, қастерлейтін киелі жерлердің ұрпақ жадында жаңаша жаңғыруына мұрындық болған жоба аясында жалпыұлттық маңыздылығы айрықша 185, жергілікті мәндегі 463 қасиетті нысан анықталған. Өткен жылы зерттеушілердің ауқымды топтары үшін 3D форматта қасиетті нысандардың виртуалды картасы әзірленіпті. Осылайша жыл ішінде Солтүстік Қазақстан, Орталық Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстары бойынша әр бағытта этномәдени экспедициялар ұйымдастырылған. Осы жылы қасиетті нысандардың жалпыұлттық тізіміне енетін «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркі ашылып, «Бозақ», «Ботай», «Сарайшық» республикалық мұражай-қорықтарының құрылысын бастау көзделіп отырған көрінеді.

– Негізінен, Қазақстанның киелі жерлерін анықтау барысында өңір-өңірлерде арнайы комиссия құрып, оның құрамына жергілікті жерлердегі ғалымдар мен зерттеушілер, өлкетанушылар енді. Аймақтағы дәстүрлі, ата-бабаларымыз бұрыннан тағзым етіп жүрген және мемлекетімізде елеулі орын алатын тарихи жерлер мен тарихи тұлғаларды анықтауға баса мән берілді. Экспедиция тізімді анықтауда міндетті түрде жергілікті тұрғындардың пікіріне құлақ асып, ел аузынан қасиетті жерлерге қатысты жинақталған аңыздар негізіне сүйенді.

Ендігі кезекте біздің алдымызда осы жұмыстардың нәтижесін, қоғамға деген өзектілігін ел арасында насихаттау міндеті тұр. Десе де, бұл тізім мұнымен аяқталмайды. Өйткені, ғалымдардың пайымы бойынша белгілі бір оқиғаның немесе тұлғалардың, киелі орындардың ел жадында сақталу мерзімі 300 жылды құрайды екен. Сондықтан да, бұрыннан білетін киелі жерлерден бөлек, біз ұмыта бастаған маңыздылығы айрықша орындар мен қасиетті тұлғаларды анықтау шаралары алдағы уақытта да жүргізіле береді. Бұл тұрғыда ғалымдар мен археологтарға, өлкетанушыларға артар сеніміміз мол, – дейді «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғали.

Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының директоры Бақытжан Байтанаев еліміздің барлық облыстарындағы киелі жерлер туралы деректердің кітап болып басылып шыққанын айтады. Биыл жыл аяғына дейін тағы да зерттеу жұмыстары жүргізіліп, бір кітап Сарыарқаның, екіншісі Шығыс Алтайдың, тағы бірі Сырдария мен Қаратаудың, Жетісу және Каспий өңіріндегі сан түрлі киелі орындарға арналып, жұртшылыққа жол тартады екен. Жалпы, былтырғы зерттеу бойынша анықталған киелі орындардың 280-і кітапқа енсе, соның ішінде өз облысымыздың аумағындағы Қарахан, Айша бибі, Шоқай датқа кесенелері, Ақыртас кешені мен Аспара, Ақтөбе қалалары, Әбдіқадыр мешіті, Ойжайлау петроглифтері секілді жиырмадан астам археологиялық, архитектуралық және табиғи нысандар қамтылған.
Жиын барысында «Қазақстанның 100 жаңа есімі», «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобаларының жемісі туралы да жан-жақты айтылды. Жалпы, рухани жаңғыру мезгілмен өлшенбек емес. Ол ұлттың болмыс-бітімімен біте қайнасып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын үдеріс болуы тиіс. Ендеше, болашаққа бағдарланған бастамалар баянды болсын дейміз.

Тараз-Астана-Тараз

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ar-ay.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.