Шу ауданында ІТ-сынып ашылды

860

«Нұр Отан» партиясы Шу аудандық филиалының қолдауымен және аудан әкімдігі білім бөлімінің ұйымдастыруымен аудандағы Жібек жолы мектеп-лицейінде алғаш рет ІТ-сынып ашылды.

Салтанатты шараға арнайы келген аудан әкімі, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы Қайрат Досаев жиналған көпшілікті Конституция күнімен құттықтап, мектеп ұжымына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, аталмыш шараға «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дархан Әліпбаев пен аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Майра Базарова, мектептің ардагер ұстаздары мен оқушылар қатысты.

ІТ-сынып бір мезетте 10 оқушы мен 1 мұғалімге қызмет көрсететін заманауи құрал-жабдықтармен, оқу құралдары және компьютерлермен қамтамасыз етілген. Сонымен бірге, мұнда оқушылардың құрылғылармен жұмыс істеудегі ескертпе стендтері, робототехника және 3D модельдеу үстелдері де орналасқан.Айта кетерлігі, аудандағы ІТ-сыныптың өзге аудандардан артықшылығы мұнда виртуалды көзілдіріктің болуында.

ІТ-сыныпта 8 бен 16 жас аралығындағы мектеп оқушылары 3 модульден тұратын оқу бағдарламасымен оқитын болады. Оның алғашқы модулінде бағдарламалауды игеріп шығады. Дәлірек айтқанда, оқушылар бұл модульде «Скрейтч», «Питон», «Си++», «Жава» бағдарламаларын меңгерсе, екінші модульде «Лего» және «Арудино» робототехникаларын игеріп шығады. Ал, үшінші модулінде 3D модельдеумен шұғылданып, «Аутодеск», «Скетч ап» және «Солидоркс» бағдарламаларын үйренбек. Сонымен бірге, мұндағы оқыту америкалық «STEM» әдісі бойынша жүргізіледі. Инновациялық технологияны игеруге икемі бар жас дарындар білімін арттырып, шеберлігін шыңдап, сандық ақпараттық білімдерін жетілдіреді. Робот техникасын, логика мен модельдеудің алуан түрін игереді. Оған қоса, жаңа бағдарламаның көмегімен балалар 3D нысандар мен виртуалды қалаларды құрастыруға мүмкіндік алады. Өз кезегінде, оқушылар бағдарлама жасау барысында міндетті түрде математика, информатика, физика және геометрия пәндерінің элементтерін пайдаланады. Сондай-ақ, осының барлығын мектеп оқушыларына бірінші санатты және бірінші деңгейлі курстан өтіп келген информатика пәнінің мұғалімі Элмира Сұраншиева мен робототехниканың 90 күндік курсын тәмамдап, 9 айлық ағылшын курсынан өткен Айдын Тлебалдиев үйрететінін де айта кеткен жөн.

Leave A Reply

Your email address will not be published.