Санкт-Петербургте Əлихан Бөкейхановқа естелік тақта орнатылады

391

Санкт-Петербург мемлекеттік орман-техникалық университетінің Ғылыми кеңесі бас ғимаратына Алаш көсемі Əлихан Бөкейхановқа естелік тақта орнатылатын болды. Бұл туралы алаштанушы Сұлтан Хан Аққұлы айтты.

«Сүйінші, Алаш ұрпақтары, сүйінші!!! Осыдан тура жарты сағат бұрын ғана Санкт-Петербордан қуанышты жаңалық келіп жетті. Алты Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың 1890-1894 жылдары оқып бітірген бұрынғы Императорлық орман институты, қазіргі Санкт-Петербор мемлекеттік орман-техникалық университетінің Ғылыми кеңесі бас ғимаратының маңдайына өзінің даңқты түлегі, 2015 жылы ЮНЕСКО Бас конференциясынының 38-сессиясы «бүкіл әлемдік шынайы даңқты қайраткер» деп таныған Әлихан Бөкейханға естелік тақта орнату туралы ұсынысты 27 дауыспен қолдап, 7 дауыс қарсы, 5 дауыс қалыс қалып, басым көпшілік дауыспен мақұлдады», — деп жазды Сұлтан Хан Аққұлы өзінің Фейсбуктегі парақшасында.

Ескерткіш тақта орнатуды осы ЖОО-ның тағы бір қазақ түлегі Майкен Әзенов ұсынып, Ғылыми кеңестің қарауына арнайы хат жолдаған.

Тақтаны жасатып, орнатуды «Ақ жол» партиясы өз жауапкершілігіне алып отыр.

«Одан бөлек ұлт көсемінің қиян-кескі күреске толы ғұмырының ақырғы 15 жылын (1922-1937 жж.) өткізген Мәскеудегі Б. Кисловский орамы, 4 үйі мен Самара қаласындағы 1909-1917 жылдары тұрған Казанская көшесі, 30 (қазір 32 үй) үйіне де естелік тақта орнату ісі қолға алынды. «Ақ жол» партиясының Мәжілістегі фракциясынан Мәскеудегі Елшілікке тиесілі хат жолданды. Енді Мәскеуден хабар күтіп отырмыз», — дейді алаштанушы.

inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.