Пилоттық жоба –  оң қадаммен

452

Меркі ауданында «Тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық жобасының іске асу қарқыны жоғары. Сұрат ауылдық округіндегі пилоттық жоба аясындағы жұмыстар оңды қадам басуда. Бүгінгі күні ауыл тұрғындарының қоралар малға толып, қызу жұмыстар жүріп жатыр. Жоба аясында алынған малдар төлдеп, тұрғындар қуанышына бөленуде.

Бүгінгі күні 150 тұрғынның несиесі есеп шоттарына түскен. Оның 96-cы керегінше мал басын сатып алған. Жалпы пилоттық жоба аясында   224 жылқы, 294 ірі қара, 1584 ұсақ мал сатылып алынған. Оған 290 856 000 теңге қаражат жұмсалған. Сұраттық тұрғын Рүстем Найзабеков  пилоттық  жоба аясында  жеңілдетілген пайызбен 3 млн. теңге алған. Оған  төрт жылқы, үш бұқа, бір сиыр, он бас қой сатып алған. Бүгінде алған он қойынан жеті қозы туылған, ал биелерінің үшеуі күн санап туайын деп тұр екен. Сатып алған сиыры келе сала бұзаулаған. Міне, жобаның алғашқы табыстары деп те атауға болатын жай бұл.

 Рүстемнің айтуынша, жеңілдетілген несиенің пайдасы көп. Бір жылдық демалысы да бар.

– Алған малдарымыз төлдетіп жатыр. Алдағы уақытта төлдерін өсіріп, сатып, мал санын арттыруды жоспарлап отырмын. Жобаны бастаған облыс әкімі болған Асқар Исабекұлына алғыс білдіремін. Аудан әкімі мен ауылдық округ әкімі осында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жүргенде сенімсіздік білдіріп едік. Міне, табысын, төлін, жемісін көріп жатырмыз, — деп ойын білдірді.

Ауылдық округ әкімі Ғазиз Байарыстан ауыл тұрғындарының шыж-быж тіршілік ішінде жүргенін айтып, тұрғындар жоба аясында атқарылатын жұмыстарға тың дайындалуда екенін баяндады.

– Бірер күнннен соң, жер кепкенде ауыл маңындағы жерді жыртуға кірісеміз. Кооператив төрағасымен ауыл азаматтары ақылдаса, жұмыла жұмыс атқаруда. Ынтымақ, береке болған жерде жұмыстар оң нәтижесін берері анық. Қазіргі кезде ауылдықтар мал сатып алуда. Әлі біраз тұрғын малдарын алған жоқ. Жалпы бүгінгі күнге дейін несиеге 2102 мал басы сатылып алынды. Олардың барлығы ветеринар маманының бақылауынан, тексеруінен өтуде. Құжаттары мен сырғасының дұрыс болуы басты назарда.

Ия, жобаның тиімділігін енді түсініп жатқан ауылдықтар атқарылып жатқан істерге дән риза.

 Пилоттық жобаның тың жұмыстарын көру мақсатында Ақшабаев Рысқұлдың үйіне барып, мал жайының күтімін көріп қайттық. Ол 2 млн.600 мың теңге несиеге  40 қой, 2 жылқы сатып алған. Бұрындары қой бағып көрмеген шаруа, бұл шаруаның тиімділігін көруде екен. өйткені жақын арада 1 тоқты сатыпты. Оны 20 мыңға сатып алған екен.  мал базарына алып барып 35 мыңға саудалапты. Осылайша екі тоқты сатып,  үстінен 35 мың пайда көргенін айтып, қуануда. Мамандығы ұстаз Рысқұл аға үйінде немерелерін қолына көтеріп, әр жарты сағат сайын мал қораға қарай шығатынын айтып, күлді.

– Бұрындары ірі қара бақпаған едім. Қой, шуылдаған қозылар. Шығып кете ма деп қорқам. Оның өзіне уақытылы жем-суын беріп отыру керек. Жауапкершілігін сезініп, жарты сағат сайын, мазасызданып қарай беремін. Үйдегі балаларға да  қызық. Менімен бірге барамын деп, қораға қарай қол созады. Осы балалардың, немерелерімнің ырзық несібесі ғой. Балалар қызығын көрсін деп мал бағуды қолға алдым. Үйде қора-жайдың мазасы да жоқ еді. Алған қаражатқа қоражайды да сайлап алдым,-деп жымиып алды.

– Ал, ауыл тұрғыны Қайрат Сатымбаев мал аламын деген ниетте екі жыл бұрын «немісше» қора соғып қойған екен. Бәрі өз орнында. Жемін-шөбін турайтын, майдалайтын құрылғыларды да тізіп қойыпты. Қора-жайдың тазалығы шіркін, мал жоқтай. Дегенмен, жоба аясындағы жеңілдетілген несиеге ие болып, 3 млн. 600 мың қаражатқа 50 қой, 4 бұқа сатып алған. Бүгінде сол елу қойдан 37-гу жуық қозы алған. Бұқаларды бордақылап, ет бағытында жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Жем-шөбі қысқы мерзімнен шығатындай толық.

Сұраттық Найзабеков Азамат та 4 бас сиыр, 9 бұқа сатып алған. Оған жалпы соммасы 5 млн. теңге кеткен.  Шаруаның әкелген бір сиыры бұзаулапты. Ал бұқаларын қора-жайында тізіп байлап, бордақылауда. Өзінің де бағып, баптап жүрген бұқалары бар екен. «Меркі ет» комбинатымен тығыз байланыста болып, ет бағытында жұмыс жасауды көздеп отыр.

Сұраттықтар пилоттық жобаның әрбір бағытына тыңғылықты дайындалғаны көрініп-ақ тұр. Өйткені мал бағып отырған шаруалардың бәрінде дробилка, шөп майдалағыш құрылғылар бар. Астау, суын да қораға жақындатып, жағдай жасаған. Мал қиын үй іргесіндегі жерге үйіп-үйіп қойған. Ертең жер жыртылғанда жермен бірге аударып, тыңайтқыш ретінде пайдалануды да ойластырып қойған. Әрбір тұрғын екінші, үшінші бағыт бойынша атқаратын жұмыстардың ыңғайына қарай іс-әрекет етуде.

Ләззат Құралбаева,

Меркі ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.