«Нұрлы жол» жобасы қалай жүзеге асып жатыр?

398

Елбасының тапсырмасына сәйкес, осыдан біраз бұрын Үкімет инфрақұрылымды дамытудың «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына біршама түзету енгізген. Кейіннен Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев жаңартылған бағдарламаның орындалуын тапсырып, Вице-Премьер Асқар Маминге жобаларды қатаң бақылауды ұстауды сұраған еді. Бұл да бағдарламаның ел дамуы үшін маңызын білдірсе керек. Жалпы алғанда «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға 2018 жылы барлық қаржыландыру көздерінен 829,5 млрд теңге қаралған екен. Қомақты қаржының қайтарымы да ел игілігінен көрініс табуы тиіс. Сондықтан «Нұрлы жол» бағдарламасының барысы туралы сөз қозғағанды жөн санаған едік.

Қандай жобалар қолға алынды?

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 4,5 шақырымды құрайтын 15 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Мемлекет басшысы атап өткеніндей, бұл бірінші кезекте Астананы республиканың өңірлер орталығымен байланыстыратын көлік инфрақұрылымын құруды қарастырады. Яғни, инфрақұрылымдық қаңқа Астанамен және макроөңірлерді магистральды автомобиль, теміржол және әуе жолдарымен шұғыла қағидаты бойынша өзара байланыстырады. Бұл жобаларға Орталық-Оңтүстік, Орталық-Шығыс, Орталық-Батыс, Орталық-Солтүстік дәліздері жатады. Бұдан бөлек, халықаралық дәліздер мен шекара маңы бағыттары да басымдық берілген жобалар қатарына жатқызылған. Атап айтқанда, Алматы — Өскемен, Үшарал — Достық, Бейнеу — Ақжігіт, Қалбатау — Майқапшағай, Орал — Ресей шекарасындағы Каменка бағыттары жандана түсетін болады. Бүгінгі кезеңде осы жобалардың барлығында дерлік тиісті іс-шаралар қолға алынған, яғни құрылыс жұмыстары барлық жобаларда басталды.

Жобалардан тиімділік қалай?

Елбасы бір сөзінде «Жол — шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуаттылықтың қайнар көзі» деген болатын. «Нұрлы жол» бағдарламасының жоғарыда аталған жобалары бойынша құрылыс жұмыстарын аяқтау — жолдағы тіршілікті жандандырады. Атап айтқанда, автокөлік жолдары жоғары санатқа ауысып, онда ең бірінші кезекте жолдағы қауіпсіздік қамтылады, екіншіден, өткізу қабілеті арта түседі. Жайлы жолдармен көлік ағынының арта түсуі — бұл ел экономикасының серпінін де ұлғайтпақ.

Айта кетерлігі, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы жобаларды қаржыландыру республикалық бюджет пен сырттан займ тарту есебінен жүргізілуде. Бюджетке салмақ түсірмеу, сонымен қатар, автожолдарды ұстап тұрудың өзін-өзі ақтауын қамтамасыз ету мәселесі де өзекті. Осыған байланысты ақылы жолдарды қолданысқа енгізу жұмыстары да атқарылуда.

Атап айтқанда, «Астана-Теміртау», «Алматы-Қапшағай», «Алматы-Қорғас» ақылы жол учаскелерінде ақылы жүйені іске қосу жұмыстары атқарылып жатыр. Бұл жолдардың жалпы ұзақтығы 471 шақырымды құрайды. Бұдан бөлек, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойынша да жалпы ұзындығы 5,5 мың шақырымды құрайтын 13 жол учаскесіне ақылы жүйені қосу қарастырылған. Бұндағы жұмыстар негізінен мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы немесе қаржыландырудың басқа көздерін тарта отырып жүргізілетін болады.

Жолдағы жайлылық қалай болады?

Осындай қарқынмен Қазақстанда 2020 жылға қарай ақылы автожолдардың көрсеткішін 6,7 мың шақырымға, ал 2025 жылға қарай 11,7 мың шақырымға жеткізу көзделеді. Жоспарға сүйенсек, ақылы автожолдардан түсетін қаражат жылына шамамен 40 млрд теңгені құрайды екен. Ендеше, есепшілердің пікірінше, осы қаражатқа әлгіндей сапалы жолдарды ұстап тұрумен қатар, басқа да республикалық маңызы бар тегін жолдардың жағдайын бақылап, сапасын арттыруға да болады.

Тоқтала кететін тағы брір мәселе автожолдарды жаңғырту, сапасын көтеріп, жөндеу жұмыстарынан бөлек жолдағы қызмет көрсет инфрақұрылымдарын жақсарту да назарда. Ресми мәліметтерге қарағанда, бүгінгі күні республика бойынша жолдағы қызмет көрсетудің 1859 нысаны істеп тұр екен. Бұлар негізінен Май құю бекеттері, сауда және тамақтану орындары. Әлбетте бұлардың бәрі жоғары деңгейде қызмет көрсетеді деп айтуға ертерек. Дегенмен, жолдағы осы нысандардың 779-ы немесе 42%-ы ұлттық стандарттарға сай болып табылады. Ондай орындарда 25 мың адам жұмыс істеп, кәсібін дөңгелетіп отыр.

Республикалық маңызы бар жолдарды жолда қызмет көрсету нысандарымен толық қамтамасыз ету үшін 2018 жылдың соңына дейін типтік жобалар әзірленеді. Ал мейлінше қажет етілетін учаскелерге демалыс алаңдары, тамақтану орындарымен қоса, жолда көрсетілетін қызметтің барлық түрлері ұсынылатын болады. Бізге берілген мәліметтерге сүйенсек, биылдың өзінде KazWay компаниясының 68 сервистік павильонын орнату жоспарланған. «Астана-Теміртау», «Астана-Щучинск», «Бурабай демалыс аймағы жолдары», «Астана қаласын айналып өту» учаскелерінде қазірдің өзінде бұндай сервистік павильон жұмыс істейді.

Жолаушылардың жайлы сапары үшін жолда қызмет көрсететін 200 объектіге картографиялық ақпараттарды ұсынатын Google Maps және Яндекс Карта сервистері енгізілген. Ондағы картографиялық ақпараттарды қазірдің өзінде пайдаланушылар 1,5 миллион рет қараған екен. Түйіндей айтқанда, республикалық маңызы бар жолдарда бұл бағыттағы Ұлттық стандарттарға сай келетін, қызмет көрсету жұмыстары жалғасып, одан сайын кеңейе түспек.

Мәселен, IRU Автокөлік халықаралық одағының Transpark картасын енгізу жоспарланады. Бұдан бөлек, қазіргі күні жолдағы сервистік нысандар бойынша көрсетілетін қызметтер туралы ақпаратты толықтыру бағытында жұмыстар да атқарылуда.

Айта кетерлігі, 2018 жылы KazWay мобильдік қосымшасы жасалған болатын. Ол қосымшаға жолдағы сервистің барлық нысандары, нақтырақ айтқанда елді мекендер, республикалық маңызды жолдарда орналасқан жедел жәрдем пункттері көрсетілген. Бұл қосымшаларды iOS және Android платформаларынан көшіріп алуға болады.

inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.