Мың айдан да қадірлі түн

544

Қадір түні – адамзат баласына Құран Кәрімнің аяттары түсе бастаған қасиетті түн. Биыл мұсылман ғалымдарының пәтуәсімен мың айдан да қайырлы Қадір түні маусымның 11-нен 12-сіне қараған түнге сәйкес келді.

Жалпы, жыл сайын қасиетті түнде  барлық мешіттер Аллаға құлшылық жасауға ниеттенген мұсылмандарға толы болады. Тараз қаласындағы орталық «һибатулла Тарази» мешітіне ауызашардан кейін ағылған жұртшылықтың да қарасы қалың.

Жиылған жамағатты мешіттің бас имамы Данияр Жұмабаев қасиетті Қадір түнінің келуімен құттықтап, мемлекетіміздің мығым, ел-жұрттың аман болуын Алладан сұрап, дұға оқыды. Ал, Тараз қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының маманы Бейбіт Манасов менингит ауруынан сақтану, қажылық сапарға шығарда екпе салдыру шаралары жайлы көпшілікке түсіндіріп өтті.

Жұртшылық Тарауих намазын оқығаннан кейін, мешіттің наиб имамы Ержан Аманбаев жастар тәрбиесі, суицид, харам істер және шариғат бойынша 7 ауыр күнәнің үкімі, одан сақтанудың жолдары жайлы уағыз айтты. Сондай-ақ бұл түні көпшілік арасында дұға оқудан, Алланың 99 көркем есімін жатқа айтудан жарыс ұйымдастырылып, жеңімпаздарға қазақша түсіндірмесі бар қасиетті Құран Кәрім кітабы сыйға тартылды. Таң қылаң бере, аузы берік мың адамға сәресі таратылды.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.