Қызметіне адал офицер, отбасының сенімді отағасы

180

Отбасы – қоғамның іргетасы, ажырамас бөлігі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Отанға деген ыстық сезім жақындарыңа, туған-туысқандарыңа деген сүйіспеншіліктен басталады» – деп отбасының маңызын атап көрсеткен. Сол себепті де Ұлт Көшбасшысы өз Жарлығымен Жарлығымен қыркүйек айының екiншi жексенбiсiн «Отбасы күні» деп белгілеген еді.

Отбасының ең басты құндылығы – күнделікті өмірінен білініп жүрген патриоттық сезімі, үлкендерді құрметтеумен байланысты және бала тәрбиесінде, оқуда, еңбекте көрсетілген рухани-өнеге негіздерін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыруы. Бұл ретте, табанды еңбегімен ел дамуына үлес қосып әрі отбасының тұтқасы, асыл жар ардақты әке болып, артынан ерген ұрпағына үлгі-өнеге көрсетіп, отансүйгіштікке тәрбиелеп жүрген азаматтар аз емес. Соның бірі – біздің бүгінгі кейіпкеріміз Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты ЖД-158/2 мекемесі бастығының жалпы сұрақтар және сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру жөніндегі орынбасары,  әділет подполковнигі Бақытжан Қасымбеков.

Бақытжан Тынышбайұлы 1973 жылдың 9 мамырында Т. Рысқұлов ауданында дүниеге келген. Жеңіс мерекесі күні дүние есігін ашқаны себеп болса керек, ол әскери қызметке жастайынан құштар болған. Арманын жүзеге асыру Б. Қасымбековке ел тәуелсіздігін алғаш алған жылдары әскер қатарында болған соң бұйырды. Осылайша, жігерлі жас 1995 жылы ЖД-158/5 мекемесінде бақылау қызметі бөлімінің бақылаушысы болып еңбек жолын бастайды.

Қызмет бабында алғырлық пен адалдықтың, ұтқырлық пен ойының ұшқырлығын танытып,  сатылай өскен Б. Тынышбайұлы сонан соң Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті тылдық қамтамасыз ету бөлімінің қаруландыру жөніндегі инспекторы болған. Ал 2019 жылдан бастап қазіргі қызметін абыроймен атқарып келеді.

Қалтқысыз қызмет етіп жүрген Б. Қасымбеков отбасында да үлгілі әке, арқасүйер отағасы. Жары Аида Қасенова екеуі 4 бала тәрбиелеп өсіріп отырған аяулы ата-ана.

Leave A Reply

Your email address will not be published.