Құрметті Тараз қаласының тұрғындары!

449


Бүгінде облыс көлемінде, соның ішінде Тараз қаласында карантин режимі енгізіліп отырғанын бәріңіз жақсы білесіздер. Күні бүгінге дейін тиісті мекемелермен көптеген жұмыстар атқарылды. Бұл бағыттағы жұмыстар ары қарай да жалғасын таба бермек. Ал ертеңнен бастап карантин режимі күшейтіле түсетінін хабарлаймын. Өйткені, еліміздің ең бірінші байлығы – адам, оның денсаулығы десек, қазіргі жағдайда біз азаматтарымызды аман-есен сақтап қалу үшін қатаң шараларға баруымызға тура келіп тұр. Бұл шаралардың барлығы, айналып келгенде тұрғындар игілігі үшін жасалып жатқан іс екенін жете түсінсеңіздер дейміз.
Ертеңнен бастап қала ішіндегі қоғамдық көліктер толықтай тоқтатылады. Карантинге дейін 43 бағыт бойынша 442 автобус жүріп тұрған болса, карантин енгізілген соң оның санын айтарлықтай қысқарттық. Алайда, қала ішінде жүріп-тұратын азаматтардың әлі де азаймай тұрған жайы бар. Автобустардың жүру тәртібінің сақталмай, әрі онымен қатынайтын тұрғындардың саны күрт көбеюіне байланысты осындай қадамға баруымызға тура келіп тұр.
Сондай-ақ, жеңіл автокөліктердің де жүруіне тыйым салынып отыр. Күні бүгінге дейін түрлі анықтамалармен жүріп келген автокөліктерге ертең таңғы сағат 8:00-ден бастап шектеу қойылады. Ал «Сергек» базасына енгізілген, яғни блок-бекеттердегі тексеру алаңдарындағы арнайы планшеттерге енгізілген 14 мыңнан аса азаматтың тізімі де қайта тазартылады.
Жасыратыны жоқ, қанша жерден шектеу қойылып, тәртіп түсіндіріліп жатса да, қала ішінде халық емін-еркін жүріп-тұруын тоқтатар емес. Сондықтан, жергілікті полиция қызметі мен әскери қызметшілер жұмыла отырып, жіті тексеру жұмыстарын жүргізетін болады. Тек халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету ұйымдарының қызметкерлері, медициналық қызметкерлердің қала аумағына кіруге және шығуына, авариялық-құтқару қызметтерінің, жедел медициналық көмектің көліктері ғана жүруіне рұқсат беріледі.
Барлық екінші деңгейлі банктердің «Казпочта» АҚ-ның, ақша ауыстыру пунктерінің жұмыстары тоқтатылып, онлайн режиміне және «клиентке дейін жеткізу» қағидаты бойынша рұқсат етіледі. Дейтұрғанмен, халықтың жағдайына қарайласып, «Казпочта» АҚ бөлімшелерінің алдағы демалыс күндері, яғни 18-19 сәуірде де жұмыс істеуіне рұқсат етілуде.
Көшелерде және өзге де қоғамдық орындарда үш адамнан артық жиналуға, тұрғындардың аса қажет болмаған жағдайда тұрғын үйден шығуына шектеу қойылады.
Азық-түлікті, бірінші кезекте қажетті заттарды, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алуға, жұмысқа шығуға ғана рұқсат етіледі.
Қала аумағына азық-түлік тауарларын, медициналық бұйымдар мен препараттарын, бірінші кезекте қажетті тауарларды тасымалдайтын, көктемгі егіс және ауыл шарушылығы жұмыстарын жүргізу үшін қажетті тұлғалар мен автокөлік құралдарын өткізуге рұқсат беріледі. Карантин режимін бұзғандар, әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

ҚР Бас санитарының арнайы бекіткен Қаулысына сәйкес жүргізіліп отырған бұл жұмыстарға қала халқының түсіністікпен қарап, қолұшын созатынына сенім зор.
Өйткені, адам аяғы тыйылмай, ауру да тыйылмайтынын көптеген елдің тәжірибесі көрсетіп отыр. Сондықтан, «сақтансаң – сақтайды» деген қағиданы басты ұстаным етіп, сабыр сақтап, үйден шықпауға тырысайық!

Leave A Reply

Your email address will not be published.