Қордайдағы жаппай тәртіпсіздік кезінде ұсталған 47 адамның барлығы босатылды

293

 

Қордай ауданындағы бүлікшілік кезінде ұсталған 47 адамның барлығы да босатылды. Бұл туралы аймақ басшысы Асқар Мырзахметов мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24″.

Өңірде болған жағдайға байланысты бүгін Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысына шұғыл жетіп, жағдаймен танысты. 7 ақпан күні, кешкі сағат алты жарым шамасында Қордай ауданының Қаракемер мен Масанчи ауылдары тұрғындарының арасында қақтығыс орын алды. Таяқ-тастармен қаруланған бүлікшілер тұрғын үй терезелерін сындырып, көліктер мен дүкендерді өртей бастады. Қазір жағдайды полиция толық бақылауына алды. Осыған байланысты Үкімет комиссиясын бастап барған вице-премьер Бердібек Сапарбаев тұрақтылықты қамтамасыз етеміз деп сендірді.

Бердібек Сапарбаев, ҚР премьер-министрінің орынбасары:

– Қазіргі таңда біз арандатушылардың кімдер екенін білмейміз. Өздеріңіз көрдіңіздер, үйлер мен сауда орындарының, көліктердің қандай жағдайға ұшырағанын. Бұл қарапайым халықтың қолынан келмейді деп ойлаймын. Сондықтан біздің ойымызша, араңдатушылар мен арнайы ұйымдастырушылар болуы мүмкін. Оны құқық қорғау органдары құрған жұмыс тобы зерттейді, тексереді, анықтайды.

Өкінішке қарай бүлікшілік салдарынан 8 адам қаза болды. 127 адам медициналық көмекке жүгінді. Оның ішінде 39-ы оқ жарақатын алған. Тағы 43 адам ауруханада ем қабылдап жатыр. Жетеуі жансақтау бөлімінде. Олардың жағдайымен Бердібек Сапарбаев танысты. 5 науқас санитарлық авиация арқылы Алматы қаласына және біреуі Тараз қаласына, сонымен қатар 13 адам туысқандарының көмегімен көрші Қырғыз еліндегі Тоқмақ ауруханасына жеткізілді.

Асқар Мырзахметов, облыс әкімі:

– Жаңа түс қайта да өздеріңіз білесіздер, 47 адам түні бойы болған жағдай салдарынан Қордайда ұсталған болатын. Одан кейін 44 адам Ауқатты ауылында ұсталған болатын. Олардың біразы – Қаракемер елді-мекенінің азаматтары. Олардың кінәсі жоқ деп отыр.

Қазір оқиға орнында 14 жедел жәрдем бригадасы мен 39 дәрігер медициналық көмек көрсетіп жатыр. Арнайы техниканың 19 бірлігі, 12 өрт сөндіру көлігі мен Төтенше жағдайлар департаментінің 80 қызметкері жұмылдырылды.

Исмар Войнце, Сортөбе ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Бір Аллаға шүкіршілік айтамын. Бейбітшілікті ту еткен осындай елде тұрып жатқанымыз үшін Үкіметке алғысымызды білдіреміз. Жерлестер, ешқандай арандатушылыққа жол бермеңдер. Сан жылдар бойы тату-тәтті өмір сүріп келдік. Санаулы адамдардың тұрмыстық сипаттағы мәселесіне бола, күллі елдің мазасын алдық. Біздің, ақсақалдардың да қателігі барын жасырмаймыз. Қариялар жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жиі жүргізіп отыру керек.

Үкімет комиссиясы, сондай-ақ Қордай ауданындағы Қордай, Масанчи, Ауқатты және Сортөбе елді-мекендеріне барып, ішкі жағдаймен танысады. Жергілікті тұрғындарымен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.