«Халық үніне құлақ асатын мемлекет қалыптасуда» – Берік УӘЛИ, Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы

363

– Осыдан бір жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құзыретін тоқтатуы, шын мәнінде күт­пеген жағдай болды. Тәуелсіз Қазақстан тарихында Мемлекет басшысы бірінші рет ауысты. Еліміздегі биліктің өзгеруін қалай бағалауға болады?

– Расында, Қазақстан үшін биліктің ауысуы тың тәжірибе еді. Жаңа Президенттің сайлануы Ата заңымызға сәйкес жүзеге асы­рылды. Бұл тәуелсіз еліміздің демократиялық негіздері кемел әрі берік екенін дәлелдеді.

Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаев – аса көрнекті саясаткер, қазіргі қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаушы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр­сұлтан Әбішұлының страте­гия­лық бағдарының сабақтас­тығын жалғастыра отырып, қол жеткіз­ген жетістіктерімізді одан әрі арттыруға күш салуда. Демек, би­ліктің ауысуы 2019 жылдың 9 маусымындағы жалпыхалық­тық Президент сайлауын өткізу арқылы табысты аяқталды деп айта аламыз. Мемлекет басшысы халықтың толық сеніміне ие бо­лып, билік мандатын алды.

Қазақстан Президенті өз қыз­метінің кредосын ұлықтау рә­сімінде «Билік халық үніне құлақ асуға, жергілікті жерлердегі проб­лемаларды шешуге, азаматтар алдында тұрақты түрде есеп бе­руге міндетті. Құрғақ уәде бермей, жұмыс істеуі керек! Осы қағи­датты Үкіметтің барлық мүшесі және әкімдер берік ұстануға тиіс» деп анық атап өтті.

– Сайлаудан бері біршама уақыт өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау алдында берген уәделерін қалай жүзеге асырып жатыр?

– Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды бағдарламасында елімізді одан әрі дамытудың негізгі басымдықтары жөнінде өз ұстанымдарын ұсынды.

Сайлаудағы жеңіс Қасым-Жомарт Кемелұлының ұсынған бағытын қоғамның толық қол­дайтынын көрсетті. Сайланған Президент халыққа берген уә­десін орындау үшін жұмысқа бірден кірісіп кетті.

Қысқа мерзім ішінде сай­лауалды бағдарлама мен «Бірге» жалпыұлттық шара барысында азаматтар тарапынан түскен ұсы­ныстарды жүзеге асыру жөніндегі іс-қимылдар жоспарын бекіткен Жарлық қабылданды. Аталған құжат мемлекетті және қоғамды одан әрі жаңғыртуға бағытталған нақты 106 міндет пен шараны қамтыды.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 12 маусымда өткен ұлық­тау рәсімінде бірқатар жаңа идеяны айтқан болатын. Оның бәрі Президенттің жыл бойғы атқарған жұмысында анық кө­рініс тапты. Соның ішінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мен «Ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына көшу бас­тамаларын атап өткім келеді. Қазір байқасаңыз, шын мәнінде халықтың үніне құлақ асатын, елдің арыз-арманын тыңдап, жедел жауап беретін, мәселелерін шұғыл қарастыратын мемлекеттік аппарат қалыптасып келеді.

Президенттің Ақорда сайтын­да Виртуалды қабылдау ашуы тағы бір маңызды шешім болды. Бүгінге дейін оған 9 мыңға жуық хат келіп түсті. Бұл хаттарда жа­зылған талап-тілектер мен ша­ғымдарға айрықша мән берудің арқасында көптеген азаматтың мәселесі шешілді, сондай-ақ мем­лекеттік органдардың жұмы­сы жақсарды.

– Мемлекет басшысының жұмыс стилі мен ұстанымдарын қалай сипаттар едіңіз?

– Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан Президенті қызметін атқарған бір жыл ішінде жүйелік, жеделдік, нақтылық, баста­машылдық сияқты ұстанымдарды басшылыққа алатынын көрсетті.

Президент жоғары мемле­кеттік лауазымдағы алғашқы жұмыс күнінен бастап өз қыз­метінің негізгі бағыттарын бел­гіледі. Ол елімізде болған барлық маңызды оқиғаға дер кезінде назар аударып, Қазақстан аза­маттарына билік пен қоғамның біртұтас екенін дәлелдеді. Елі­міздің бүкіл өңіріне бірдей көңіл бөлінді және отандастарымызды алаңдатқан бірде-бір өзекті мә­селе назардан тыс қалмады.

Мұның бәрі Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстан Прези­денті ретінде қызметіне кіріскен сәттен бастап жұмысының өте қызу болғанын және оның нақты нәтижеге қол жеткізуге бағыт­талғанын аңғартады.

– Мемлекет басшысының жұмыс кестесінің өте тығыз екенін білеміз. Бір жыл ішіндегі Президент қызметінің жалпы нәтижесі қандай?

– Дұрыс айтасыз, Президент­тің былтырғы жұмыс кестесінің өте тығыз болғанын қарапайым статистикалық мәліметтерден-ақ көруге болады. Ол бір жылда 67 заңға, 357 Жарлыққа, 158 өкімге қол қойды.

2019 жылдың наурызынан бастап Мемлекет басшысы 500-ге жуық түрлі іс-шараға қатысты. Соның ішінде 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына арналған алғашқы Жолдауы ерекше орын алады.

Қасым-Жомарт Тоқаев ел ішінде 26 жұмыс сапарын жасап, бүкіл өңірді аралап шықты. Ал сыртқы саясат бойынша Прези­денттің қатысуымен 100-ден астам кездесу мен іс-шара өтті.

Мемлекет басшысы бір жыл ішінде еліміздің өңірлерінде – 30, шетелде – 28, жалпы 58 күн ісса­парда болды.

Қасым-Жомарт Кемелұ­лы­ның масс-медиамен ықпал­дас­тығын ерекше атап өткен жөн. Бір жыл ішінде ол шет мемле­кеттердің және халықаралық ұйым басшыларымен бірлесіп, 3 баспасөз мәслихатын, 8 брифинг өткізді. Мемлекет басшысы отан­дық және шетелдік БАҚ өкіл­деріне 18 сұхбат берді. Газеттерде екі мақаласы жарыққа шықты. Оның Twitter парақшасында 1,1 мыңға жуық хабарламасы және Instagram-да 72 жазбасы жа­рияланды.

– Ұлттық қоғамдық сенім ке­ңесінің құрылуы – Президенттің ең маңызды бастамасының бірі. Осы кеңес жұмысының алғашқы нәтижелері ретінде нені айтуға болады?

– Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі – еліміздегі түйткілді мәселелерді шешуге бағытталған маңызды бастама. Бұл ұйым мемлекеттік шешімдер қабылдау үшін жаңа әдістер әзірлейтін алаңға айналды. Бүгінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің билік пен қоғам арасында диалог ор­нату бағытында атқарып жатқан жұмыстарының нақты нәти­желері анық байқалады.

Мемлекет басшысы Ұлттық кеңестің жұмысын әрдайым ба­қылауда ұстайды және оның мү­шелерімен ақылдасып отырады. Осыған дейін Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 21 мү­шесімен жеке-жеке кездесу өткізді.

Кеңестің желтоқсан айында өткен екінші отырысында Қа­сым-Жомарт Тоқаев маңызды ре­формалар ұсынды. Атап айт­қанда, Қасым-Жомарт Кемелұлы партияларды тіркеуден өткізу шегін 40 мыңнан 20 мың адамға азайтуды, парламенттік оппози­ция институтын енгізуді, Қыл­мыстық кодекстің жала жабу туралы 130-бабын қылмыстық деп танымау жөнінде шешім қабылдауды, партия мүшелерінің 30 пайызы әйелдер мен жастар болуы қажетін айтты. Сондай-ақ заң шеңберінен шықпайтын бей­біт шерулерге рұқсат беру мә­се­лесі де қолға алынды. Қазіргі уақытта аталған заң жобасы – Парламент Мәжілісінің қа­рауында.

Президенттің Үкіметке жүк­теген міндеттері алдағы уақытта мемлекеттік аппарат пен әлеу­меттік саясатты жаңғырту жө­ніндегі барлық жұмыстың лейт­мотиві саналады. Бұл – аса маңызды. Өйткені «халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру міндеті дәл осы мемлекеттік аппаратқа жүктеледі.

– Президенттің отандаста­рымызды алаңдатқан мәселелерге, оқиғаларға дер кезінде жауап беруі халықтың мұң-мұқтажын жақсы білетінін, еліміздің тыныс-тірші­лігін ұдайы бақылап отыратынын көрсетеді. Соңғы оқиғалардың арасынан Президент бірден үн қатып, шұғыл шешім қабылдаған мәселе деп қайсысын айтар едіңіз?

– Шын мәнінде, өткен кезең түрлі оқиғаларға толы болды. Бүкіл қоғамның жұдырықтай жұмылуын талап ететін күрделі сынақтар мен қиыншылықтарды бастан өткердік.

Оқ-дәрі қоймасындағы жа­рылыстан кейін Арыс қаласын қалпына келтіру ісі халық пен Мемлекет басшысының бірлігін анық көрсетті. Қасым-Жомарт То­қаев күллі Қазақстан жұртшы­лы­ғын алаңдатқан Арыс қаласын­дағы жарылыс болған жерге сол күні кешкісін өзі арнайы барды. Зардап шеккен тұрғындардың ахуалымен танысып, оларға жан-жақты қолдау көрсетті. Президент уәде еткендей, қысқа мерзім ішін­де қалпына келтіру жұмыс­тары жүргізіліп, инфрақұрылым жаңартылды. Арыс қаласының халқы Президенттің тікелей қамқорлығын сезінді.

2019 жылдың аяғында Алматы қаласының маңында болған ұшақ апаты да Мемлекет басшысының назарынан тыс қалмады. Ол қа­заға ұшыраған азаматтардың от­басыларына материалдық көмек көрсетуді, апат жағдайы­ның се­бептерін тексеруді тапсырды.

Дерек:

Мемлекет басшысы бір жыл ішінде еліміздің ­өңір­­лерінде – 30, шетелде – 28, жалпы 58 күн ісса­парда болды…

…Оның Twitter парақшасында 1,1 мыңға жуық ха­барламасы және Instagram-да 72 жазбасы жа­рияланды.

Президент биылғы ақпан айын­дағы Жамбыл облысы, Қор­дай ауданында болған оқиғаға да айрықша мән берді. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл төтенше жағдайға дереу назар аударып, ымырашылдық рөлін өз қолына алды және қоғамдық келісімді нығайтты.

Мемлекет басшысы Алғыс айту күні Қордай ауданына барған жұмыс сапарында жергілікті тұрғындармен, соның ішінде дүнген қауымының өкілдерімен кездесті.

Қазақ халқы Тәуелсіздіктің арқасында дербес мемлекет құра білгенін атап өткен Президент, оның шын мәнінде мемлекет құ­раушы ұлтқа айналғанын айтты. Бұл еліміздің болашағы үшін әр­бір азаматқа ерекше жауапкер­шілік жүктейді. Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті ақсақалдарды жастардың тәрбиесіне белсенді атсалысуға, жас буынның сана­сына бірлік пен қоғамдық келісім идеяларының мәнін сіңіруге шақырды.

Ол тұрғындарға әлеуметтік мәселелерді шешу үшін нақты қолдау көрсететінін және барлық тергеу шарасы әділ жүргізілетінін мәлімдеді.

Мемлекет басшысы барлық этникалық топтың жастары өз салт-дәстүрлерін сақтай отырып, қазақ халқының мәдениетін құрметтеп, қазақ тілін үйренуге және Қазақстанның мемлекеттік рәміздерін қадірлеуі тиіс екенін айтты.

Әлемде коронавирус індетінің таралуына байланысты аса ауқым­ды шаралар қабылданды. Осы ретте Президент батыл қа­дамдар жасады, соның ішінде қа­зақстандықтардың денсау­лы­ғын сақтап, қауіпсіздікті қам­тамасыз ету үшін еліміздің бүкіл аумағында төтенше жағдай енгізді.

– Әлеуметтің әлеуметтік жағ­дайын, халықтың тұрмысын арт­тыру – Мемлекет басшысы бел­гілеген басым бағыттар. Дегенмен осы бағытта нақты қандай жұмыс­тар атқарылды?

– Мемлекет басшысы өзінің қыркүйек айында жариялаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жол­дауында мемлекеттік басқару­дың тиімділігін арттыруға және ха­лық­пен кері байланысты кү­шей­туге негіз болды.

Атаулы әлеуметтік көмек бе­рудің жаңа тәртібін енгізу бас­тамасы да аз қамтылған отбасы­ларды қолдау бағытындағы жұ­мыстарға тың серпін берді. 2019 жылы 485 мыңнан астам отбасы атаулы әлеуметтік көмек алды. Бұл – 2,5 миллион адам деген сөз.

Осы ретте «Қазақстан Рес­публикасы азаматтарының бо­рыш жүктемесін азайту туралы» Жарлыққа қол қойылып, оның жүзеге асырылуы әлеуметтік бағыттағы ауқымды жұмыстың атқарылуына себеп болды. Нәтижесінде, 555 мың азаматтың 300 мың теңге көлеміндегі бе­решегінің қарыз жүктемесі тө­мен­детілді, 1,2 миллион адамның айыппұл мен өсімпұлдары ке­шірілді. Бұл шараларға 149 мил­лиард көлемінде қаржы бөлінді.

– Мемлекет жастарды қол­дауға байланысты қандай жұ­мыстар атқарып жатыр?

– Жастар – еліміздің бола­шағы, келешегіміздің кепілі. Сон­дықтан Президент жастарды қолдауға ерекше көңіл бөледі. Мұны Жастар жылының қоры­тындысынан көруге болады. Мысалы, жұмыс істейтін жастарға 9 мың пәтер берілді, 5 мың адам мемлекеттік грант алып, кәсіп­керлікпен айналысуға мүмкіндік алды, 10 мың жас бизнесмен, оның ішінде ауылдағы кәсіпкер­лер микрокредиттер есебінен өздерінің өндірісін кеңейтті.

Шәкіртақының 25 пайызға көбеюі білім алып жатқан жас­тарға үлкен қолдау болды деп ойлаймын. Жоғары оқу орындары мен колледждерде оқып жатқан 230 мың студент бұл бастаманың игілігін көрді. Мұндай жұмыс Во­лонтер жылында да жалғасып, жас­тарды қолдаудың жаңа ба­ғыттары іске асатын болады.

Мемлекет басшысының Жас­тар кадрлық резервін құру бас­тамасын қоғам жақсы қабылдады. 13 мың үміткердің арасынан білімі мен білігі сай 300 азамат іріктеліп алынды. Бүгінде оның 132-сі қызметке тағайындалды. Осылайша, ел басқарудың жаңа толқынын дайындаудың алғашқы қадамы жасалды.

– Президент экономиканы дамытудың негізгі бағыттары ретінде қандай жұмыстарға ба­сымдық беріп отыр?

– Қасым-Жомарт Тоқаев осы бір жыл ішінде көптеген маңызды бастаманы қолға алып, бірқатар нақты міндет жүктеді. Айталық, Қазақстан халқына арналған Жолдауында еңбек өнімділігін кемінде 1,7 есеге арттырып, 2025 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайызға немесе одан да асыруды міндеттеді.

Президент мемлекеттік хол­дингтер мен ұлттық компания­лардың тиімділігін, монополистер белгілеген бағаны қайта қарауды, салық жүйесін жаңғыртуды тап­сырды. Әсіресе, Қасым-Жомарт Кемелұлының микро және шағын бизнес өкілдерін үш жылға тек­серу және салықтан босату туралы шешімі кәсіпкерлердің арасында үлкен қолдауға ие болды.

2020 жылдың басынан бас­талған әлемдік нарықтағы айтулы оқиғалар да бізді сын тезінен бір өткізіп алды. Осы наурыз айында Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет басшылығымен шұғыл кеңес өткізіп, жаһандық экономиканың құлдырауына қарамай, ел эконо­микасын дамытуға қатысты бір­қатар нақты міндетті тапсырды.

– Қасым-Жомарт Тоқаев осы бір жыл ішінде сыртқы саясат бойынша да ауқымды жұмыс атқарды. Солардың арасынан сіз қайсысын атап айтар едіңіз?

– Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев теңдестірілген көпвекторлы сыртқы саясатты жүргізу және қазақстандық дипломатияның эко­номикалық құрамдас бөлігін күшейтуді негізгі бағыт ретінде белгілеген еді. Осы міндеттерді жал­ғастыру Қасым-Жомарт То­қаевтың сыртқы саясаттағы қыз­метінің негізгі ұстанымы десек болады.

Бір жыл ішінде Мемлекет басшысы шетелдерге 14 рет, оның ішінде 3 мемлекеттік және 3 рес­ми сапарға шығып, 12 халықара­лық форумға, саммиттер мен конференцияларға қатысты.

Айтулы оқиға ретінде Қазақ­стан Президентінің Ресей Феде­рациясына, Қытай Халық Рес­публикасына сапарларын, БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясына қатысып, АҚШ Президенті До­нальд Трамппен кездесуін атап өтуге болады. Осылайша, әлемнің жетекші державаларының көш­басшыларымен байланыс ор­натты.

Біз үшін Орталық Азия ел­дерімен өзара тиімді достық қа­рым-қатынас құру негізгі басым­дық болып қала береді. Бұл тұр­ғыда Мемлекет басшысының Өз­бекстан мен Қырғыз Респуб­ликасына сапарлары үлкен ма­ңызға ие болды.

Сонымен қатар Президент Германияға, Біріккен Араб Әмір­ліктеріне барды. Еуразиялық эко­номикалық одақ, Шанхай ын­тымақтастық ұйымы, Азия­дағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Тә­уел­сіз Мемлекеттер Достастығы саммиттерінің жұмысына қа­тысты.

Қазақстанға өткен жылы ресми және мемлекеттік сапар­лармен 13 шет мемлекеттің бас­шылары мен үкіметтерінің же­текшілері келді. Олардың ара­сында Корея Республикасының Президенті Мун Чжэ Иннің, Вен­грия Премьер-Министрі Вик­тор Орбанның, Еуропалық кеңестің төрағасы Дональд Туск­тің, Швейцария Президенті Ули Маурердің, Беларусь Президенті Александр Лукашенконың сапар­ларын атап өту қажет.

– Президент Әкімшілігі немесе Президенттің баспасөз қызметі бір жылдыққа арналған іс-шаралар өткізе ме?

– Әрине, 12 айдың ішінде көптеген жұмыс атқарылды. Осы жыл елімізді дамудың жаңа бе­лесіне шығаруға, саяси және әлеу­меттік-экономикалық өзге­ріс­терді белсенді, жігерлі түрде іске асыруға арналған уақыт болды.

Біз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент қызметінің бір жыл­дығын Төтенше жағдай кезінде қарсы алып отырмыз. Қазір мемлекеттің барлық күші әлемдік экономика мен қаржы жүйесін тұралатып жатқан коронавирус пандемиясы мен катаклизмнің жағымсыз салдарын еңсеруге бағытталғаны белгілі.

Осындай келеңсіз жағдайларға қарамастан, экономика мен әлеу­меттік саладағы белгіленген ба­сымдықтардың барлығы өз кү­шін­де қалады. Мемлекет халық ал­дындағы барлық міндеттемесін толық көлемде орындайды. Бұл – Президент қойып отырған басты міндет және оны орындау үшін Қа­сым-Жомарт Кемелұлы уақыт­пен санаспай жұмыс істеуде.

Алайда бүгінгі жағдайда қан­дай да бір салтанатты іс-шара­ларды ұйымдастыру орынсыз. Бізге мемлекет игілігі үшін, ха­лық­тың тұрмыс сапасын жақсарту үшін еңбек ету қажет.

Сонымен қатар жыл ішінде атқарылған жұмыстың қорытын­дысы ретінде Ақорданың баспа­сөз қызметі Мемлекет басшы­сының сөйлеген сөздері, сұхбат­тары мен мақалаларының жина­ғын шығарды. Төрт томнан тұ­ратын кітап «Сабақтастық. Әділ­дік. Өрлеу» деп аталады.

Бірінші томға Президенттің жалпыұлттық іс-шараларда жа­саған баяндамалары, екінші томға өңірлерге сапар барысында сөйлеген сөздері, үшінші томға сыртқы саяси кездесулердегі сөздері, төртінші томға отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында берген сұхбаттары мен мақалалары топтастырылған. Осы арқылы Қасым-Жомарт Кемелұлының мемлекет тізгінін қолына алғаннан кейінгі бір жылда атқарған жұмысына шолу жасауға болады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Әлихан ИСМАН

aikyn.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.