ҚАЖ қызметкерлері Шераға қазынасына қанықты

115

Өңірлік ҚАЖ департаментіне қарасты ЖД-158/4 (тергеу изоляторы) мекемесінің қызметкерлері ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен жаңа оқу жылының басталуына орай қабырғалы жазушы Шерхан Мұртазаның саналы ғұмырындағы сара жолы, сарқылмас қазынасымен жан-жақты танысты.

Іс-шара барысында өлмейтұғын артына сөз қалдырған Шерхан Мұртазаның атындағы кітапхана қызметкерлері қазақ әдебиетінің қазынасына айналған жазушының мұралары жайлы ой өрбітті. Тұлғаның тағдыры, өмірі мен еңбек жолына қатысты тың деректермен бөлісіп, әрбір өскелең ұрпақ үшін өшпес өнегелі кітаптарына кеңінен тоқталды. Кең дүниенің кемшілігін кертіп алып, күнделікті өмірдің күре тамырын тап басып танып, ел өміріндегі тағдыршешті сәттерде батылдық танытып, төл әдебиеттің тұғырын биіктеткен Шерағаның ғибратты ғұмырының мекеме қызметкерлері үшін де тағылымы мол екені сөзсіз. Бұл ретте мекеме қызметкерлері де өз ойларымен бөлісіп, алдағы уақытта да ізгі шара жалғасын тапса деген тілектерін жеткізді.

– Расымен Әулиеата өңірі талантты тұлғаларға кенде емес. Ақын да, батыр да, би де, шешен де осы өлкеде кіндік қаны тамып, күллі алаштың болашағы үшін тағдыр кешті. Жұмыс барысында көбіне кітап оқуға уақыт болмай жатады. Дегенмен осы игі шара барысында өңірімізден шыққан дарынды тұлға – Шерхан Мұртазаның шығармашылығымен танысуға мүмкіндік туды. Өзім біле бермейтін көптеген кітаптарымен, шығармаларымен, деректермен таныстым. Сол үшін мұндағы кітапханашыларға да алғыс айтамын, — деді мекеме қызметкерлері.

Әбдуғани Құдайқұлов,
ЖД-158/4 мекемесінің сотталғандар арасында тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмысын жүргізу бөлімінің бастығы әділет капитаны

Leave A Reply

Your email address will not be published.