Кәсіпкердің Астана күніне тартуы

460

Қордай ауданындағы Бетқайнар ауылында да көл-көсір қуаныш. Мұнда Астана қаласының 20 жылдығына орай жаңадан бой көтерген «Асыл перзент» балабақшасы пайдалануға берілді. Жалпы жобасы 40 миллион теңгені құрайтын аталған нысанның жылу жүйесі газдандырылған, сондай-ақ орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Негізінен аталған ауылда осы уақытқа дейін балабақша мәселесі күн тәртібінен түспей келген екен. Осы проблеманы ескерген Ләззат Оңгелдиева ауылға балабақша салуды жоспарлап, қолда бар қаражатымен іске кірісіп кеткен. Нәтижесінде, жоспары іске асып, ауыл тұрғындарының батасын алуда. Бүгінде 100 бүлдіршінді 4 топ бойынша тәрбиелеп жатқан балабақшада 10 педагог және 16 кіші қызметкер жұмыспен қамтылған. –Қазіргі таңда кәсіп ашып, ісін өрге қарай дөңгелетемін дегендерге түрлі мемлекеттік бағдарламалар жәрдемесе алады. Біз де жекеменшік балабақшаға мемлекет тарапынан көмектер болатынын біліп, осы іске кірістік. Жалпы, бұл менің 5 жылдан бері ойлап жүрген ойым болатын. Сәтін салып, Астана қаласының 20 жылдығы қарсаңында ауылымыздың өз балабақшасының тұсауын кесіп отырмыз. Мұнымен тоқталып қалмай, ғимаратымыздың аумағын кеңейту арқылы бүлдіршіндерді көптеп қабылдауға жағдай жасауымыз қажет. Бүгінде балаларды 7 мың теңгеден қабылдап жатырмыз. Сондай-ақ мемлекет тарапынан әр бүлдіршінге 25 мың теңгеден қосымша қаржы бөлінбек. Бұның барлығын Елбасының мектепке дейінгі тәрбиеге деген қамқорлығы деп түсінеміз, – дейді балабақша мердігері Ләззат Оңгелдиева. Балабақшаның салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан аудан әкімі Болатбек Байтөле жергілікті жұртшылықты құттықтап, ізгі тілегін білдірді. –Ауданымызда елордасы Астана қаласының 20 жылдығына орай 7 нысан ашылып, ел игілігіне берілуде. Соның бірі «Асыл перзент» балабақшасы. Елбасы өз тапсырмаларында мектепке дейінгі тәрбиеге баса назар аударып келе жатқандығы белгілі. Бүгінде 66 балабақша болса, оның 29 жекеменшік. Осы орайда, мектепке дейінгі тәрбиеге көңіл бөліп жатқан кәсіпкерлердің еңбегі өлшеусіз.– дейді Болатбек Байқонысұлы. Сондай-ақ шарада аудандық мәслихаттың хатшысы Руслан Нұрсипатов та сөз тізгіндеп, тұрғындарды балабақшаның ашылуымен құттықтады. Ал, Бетқайнар ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сейсенбек Сабиров ақ батасын берді. Мұнан соң балабақшаның лентасын аудан әкімі Болатбек Байтөле мен аудандық мәслихаттың хатшысы Руслан Нұрсипатов салтанатты түрде қиып, заманауи жабдықтармен жабдықталған ғимарат ішімен танысты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.