Елімізде ақшадан ауру тарала бастады

557

Кәдімгі қызылды-жасылды ақша да аса қауіпті ауруларды тасымалдайды. Алматылық дәрігерлер менингит, туберкулез сынды өлімге әкелетін қауіпті бактериялар банкноттардан табылып жатыр деп дабыл қақты. Қарапайым тазалық талаптарының сақталмауынан көзге көрінбейтін заттар адам ағзасына түсіп, арты қайғылы жағдайға әкелуі бек мүмкін екен.

Әдетте біз «Ақша – қолдың кірі» деп жатамыз. Тура мағынасында да солай екен. Яғни, көзге тап-таза болып көрінгенімен, банкноттардың қай-қайсысында да бактерия қаптап жүр. Ақша айналыста неғұрлым ұзақ жүрсе, ондағы ауру тудырғыш заттар да соғұрлым көбейе түседі. Мамандар бір ғана қағаз ақшада 500-ден аса микроағза болатынын анықтаған. Әрі купюрадағы бактериялар өте өміршең келеді. Көк қағаздың осындай жоғары қаупі туралы алматылық дәрігерлер қараша халыққа ескерту жасады.

Алмаш Ахметова, Алматы қаласы қоғамдық денсаулықты қорғау департаментінің бөлім жетекшісі:

-Көп адамдар ойланбастан ақша санаған кезде ауыздарына саусақтарына салып, түкіріп, жатады. Бұл адамдарда жұқпалы ауруларды жұқтыру қаупі өте жоғары.

Бацилла, стрептококк, ішек таяқшасы… Банкноттарда өте жиі кездесетін бактериялар осылар. Ақшада өмір сүретін мұндай заттар адамды фарингит, менингит, өкпе қабынуы, туберкулез сынды кеселдерге душар етуі мүмкін екендігі ғылыми тұрғыда дәлелденіпті. Бірақ, мұны көпшілік ескере бермейді. Ақшадан тарайтын аурулардан арнайы қорғанатын бірен-саран адам бар. Солардың бірі алматылық Людмила Шукшева. Ол бала-шағасына ақшаны ұстатпас бұрын, қызған үтікпен әбден басады екен.

Людмила Шукшева, Алматы қаласының тұрғыны:

-Ақша бізге дейін небір қолдан өтеді. Сондықтан, бұрыннан банкноттарды үтікпен басамын. Жоғары температура көк қағаздағы ауру тудырғыш заттарды өлтіреді. Бұған қоса, қазір көбіне карта арқылы төлем жасауға тырысып жүрмін.

Қолыңыздағы теңге қаншалықты қауіпті?! Оны Ұлттық сараптама орталығына барып, тексертуге болады. Біз тексеруден өткізген купюрадан қауіпті ауру қоздырғыш табылмағанымен, зертханадағы мамандар оны тап-таза деп те айтуға ауыздары бармады.  Ал, ақшадан өлімге жетелейтін кеселдерді жұқтырмайын десеңіз, қарапайым тазалық талаптарын сақтағаныңыз жөн. Әсіресе, тамақ ішер алдында қолды жуу маңызды. Банкноттарды кішкентайларға, тіпті, ұстатпаңыз. Сондай-ақ, дәрігерлер шекара асып, шетел ақшасын қолданған кезде де аса сақ болу қажет дейді.

ktk.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.