Екі тентек кездессе, төбелеспен тарқайды…

1 005

Бүгінде жасөспірімдер арасында қылмыстың дендеп тұрғаны жасырын емес. Әсіресе, тараздық тентектердің бұзақылығы талай мінберлерде көтеріліп, майшаммен де қаралды. Десе де, бұдан нәтиже шығар емес. Керісінше, мектеп және арнаулы орта оқу орындарындағы бопсалау, ұрып-соғу, тіпті адам өлімі фактілеріне дейін азаймай тұр. Бұған не себеп? Отбасы мен білім ошақтарындағы тәрбие жұмыстарының аздығы ма? Әлде, басқа да факторлар бар ма? Неліктен жасөспірімдер арасындағы қылмыстардың алдын алу мүмкін болмай тұр? Бұл тұрғыда не істемек керек? Міне, осы сауалдарға жауап іздеп көрген едік.

Облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметі берген мәліметке сүйенсек, ағымдағы жылы түрлі құқықбұзушылықтары үшін 7042 жасөспірім ішкі істер органдарына жеткізіліпті. Нәтижесінде 1062 жас пен 664 жайсыз отбасы есепке алынған. Бірнеше рет тәртіп бұзғаны үшін 41 кәмелетке толмаған жасөспірім арнайы мектепке орналастырылса, 57 тұлға ата-ана құқығынан айырылған.
– Есепті кезеңде мектептермен бірлесе отырып барлығы 1908 рейдтік шара ұйымдастырдық. Нәтижесінде спирттік ішімдік ішкені үшін 182 бала, бұзақылық жасағаны үшін 95, оқудан жалтарып, қаңғыбастыққа салынып, садақа сұраумен айналысқаны үшін 390, түнгі мезгілде қадағалаусыз жүргені үшін 3215 жасөспірім ұсталды. Олардың 435-і бейімдеу орталығына орналастырылды.
Бұдан бөлек, биыл мектеп және колледж білімгерлерінің ауыр қылмыс жасаған деректері азаймай тұр. Мәселен, Талас ауданында 16 жасар Ө. және 14 жасар А. тұрғындары өзара бірігіп, өзге тұлғаға пышақ салған. Сондай-ақ, 15-16 жасар бес суайттың ұйымдасқан қарақшылық шабуылы Т.Рысқұлов ауданын дүр сілкіндірді. Олар жанар-жағармай бекетін тонаған. Осы қылмыстар Талас және Т.Рысқұлов аудандарындағы оқу орындарында қылмыс жасауға бейім оқушыларды анықтау, өмір жағдаяттарын салмақтау мен мектеп психологтарын жұмылдыру сынды жұмыстардың жолға қойылмағанынан орын алып отыр. Қазір барлық фактілер бойынша аудан әкімдігіне аталған білім мекемелерінің жауапты педагогтарына шара қолдану туралы ұсыныс жолданды, – дейді облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметі ювеналдық полиция бөлімінің басшысы Қуанышбек Қалжанов.
Иә, бұл шын мәнінде алаңдайтын жайт. Ай-күннің аманында мектеп оқушылары бір-біріне пышақ салып, одан қалса қарақшылық шабуылдар жасап жатса, бұл білім мекемелеріндегі тәрбие жұмыстарының кенжелеп тұрғанын айғақтайды. Сонымен қатар, Талас пен Т.Рысқұлов аудандарында жасөспірімдер заңнан да, басқадан да қорықпайды деген сөз. Сондай-ақ, ата-ана да балаларын қараусыз бетімен жіберген секілді. Олай дейтініміз, дәл осындай факт жаңа оқу жылының басында Тараз қаласындағы Жамбыл политехникалық жоғарғы колледжінде де орын алды. Нақтырақ айтсақ, 17 жасар студент өзі танымайтын 16 жасар жасөспірімді себепсізден-себепсіз ұрып-соғып, соңы адам өлімімен аяқталды. Қалаға арман арқалап, білім іздеп келген бір жанның өмірі осылай қиылды да кетті. Қазір күдікті ретінде ұсталған білімгердің үстінен қылмыстық іс қозғалып жатыр. Небәрі 17 жасында осындай қылмысқа барған жасөспірімнің ісі шынында жаға ұстатады.
Мектеп оқушылары арасында есірткіге әуестіктің де белең алып бара жатқандығы бұқараны алаңдатпай қоймайды. Мәселен, өткен жылдың қараша айында Тараз қаласындағы №6 мектеп оқушысы, 13 жасар Н. есімді жасөспірім токсиндік мас күйінде сол мектептің 4-сынып оқушысын өлтіріп қойды. Екі жасөспірім бірлесіп желімді иіскегеннен кейін бірі екіншісін күртешенің бауымен буындырып, абайсызда өмірін қияды. Қазір ол қылмыскер 2 жылға бас бостандығынан айырылып, Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласындағы ерекше режимді мектепке орналастырылып отыр.
Міне, осындай төбе шашың тік тұратын қылмысты 13 жасар бала жасап отыр. Адам өлтіргені былай тұрсын, оның зорлауға әрекет еткеніне не дерсің? Мұндай жас ертеңі қандай тұлға болып қалыптасады? Негізі Өскемен қаласындағы аталмыш арнайы мектепте қазір 10 жамбылдық бала жатыр. Сол жеткіншектердің үшеуі Тараз қаласынан болса, біреуі Байзақ, бесеуі Т.Рысқұлов және біреуі Шу аудандарынан. Бұдан бөлек, 31 жасөспірім Тараз қаласындағы теріс мінезді балаларға арналған мектепте оңалтылуда.
Осы сандардың өзі саналы адамды ойландыратыны анық. Егер 41 жасөспіріміміз арнайы мектепте қамақта жатса, ертеңіміз не болмақ? Бұған біз қалай ғана жол беріп қойдық? Бесіктен белі шықпаған күйде жастарымыз ерекше режимдегі тәрбие мекемесінің темір торына тоғытылып жатса, ол баланың болашағынан не күтеміз? Бір тағдыр талқан болып, келешегіне балта шабылды деген осы емес пе?
Жергілікті полиция қызметінің ювеналдық полиция бөлімінің басшысы Қуанышбек Қалжановтың айтуынша, мұндай ауыр қылмысқа жеткізбес үшін қазір ата-ана жауапкершілігін күшейтуге бағытталған бірқатар шаралар қолға алынуда екен.
– Ювеналдық полиция бөлімі тарапынан жүргізілген рейдтік шаралар барысында кәмелетке толмағандардың түнгі мезгілде көңіл көтеру орындарында болуына жол бергені үшін 189, алкоголь сату ережелерін бұзғаны үшін 69, темекі және темекі өнімдерін 18 жасқа толмаған тұлғаларға сату немесе кәмелеттік жасқа толмаған тұлғалардың сатуы бойынша 35 және жасөспірімдердің түнгі мезгілде заңды өкілдерін ертпестен тұрғын жайдан тыс жерде болу дерегі бойынша 3106 ата-анаға хаттама толтырылды. Нәтижесінде 1206 адамға 10 миллион 506 мың 847 теңге айыппұл салынды. Осылайша біз мұндай қылмыстарға ұсақ-түйек ретінде қарамай, ата-аналарды әкімшілік жауапкершілікке тартып жатырмыз. Бұл шаралар аса ауыр қылмыстардың алдын алу болып табылады, – дейді бөлім басшысы.
Әрине, мұндай шараларды орынсыз дей алмаспыз. Себебі, түн мезгілінде көңіл көтеру орындарында жүріп, одан қалса ішімдік ішкен жасөспірімдер ертең бір қайғылы оқиғаға тап болмасына кім кепіл. Содан барып, жастарымыз жоғарыда айтқан ерекше режимдегі мектептерге немесе тіпті түрмеге де тоғытылып жатады. Сондықтан ата-аналарды жауапкершілікке шақырған рейдтік шаралар көптеп ұйымдастырылса құба-құп.
Тағы бір алаңдайтын жайттардың бірі – мектеп қабырғасындағы оқушыларды бопсалау фактілері. Биылғы оқу жылының басының өзінде осындай бір факт тіркеліп отыр. №3 мектеп-лицейдің 14 жасар оқушысы өзінің құрдасынан ақша бопсалау дерегі бойынша ұсталған. Мектеп пен ата-аналар арасында үлкен резонанс тудырған бұл оқиға бойынша қазір тергеу амалдары жүргізілуде. Егер күдіктінің кінәсі дәлелденсе, оның ата-анасына айыппұл салынуы немесе бала міндетті түзету жұмыстарына жолдануы мүмкін. Ювеналдық полиция бөлімінің басшысы Қуанышбек Қалжановтың айтуынша, күдіктіге тіпті 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы да кесілуі ғажап емес екен.
Өңірдегі жасөспірімдер қылмысы мұнымен де толастап тұрған жоқ. Қазір кәмелеттік жасқа толмағандардың жыныстық әрекеттерге баруы да шошытуда. Мәселен, ағымдағы жылдың тоғыз айында мұндай 121 қылмыс тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда едәуір артқан. Аталмыш қылмыстардың ішіндегі ең ауырларын атап айтар болсақ, биыл 1 кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімді зорлау фактісі тіркелген. Сондай-ақ, 23 азамат 16 жасқа толмаған тұлғамен жыныстық қатынасқа түскені үшін ұсталса, балғын балаларды азғындату бойынша 6 қылмыстық іс орын алған.
Міне, осындай жаға ұстатарлық қылмыстардың алдын алу үшін бүгінде жергілікті полиция қызметінің ювеналдық полиция бөлімі тың жобаларды ұсынып отыр.
– Қазір біз аз қамтылған отбасылар, яғни баласын мектепке таси алмайтын ата-аналардың тізімін жасап, білім ошақтарында тәжірибе ретінде қоғамдық көмекшілерді бекітіп жатырмыз. Бұл бастамаға ерікті ретінде «Қазфосфат» ЖШС-ның жұмысшылары қолдау білдіруде. Олар өздеріне бекітілген бір топ оқушыны сабақтан кейін үйіне жеткізіп салып, ертесіне қайта мектепке алып келеді. Одан бөлек, шетелде бар тәжірибе негізінде «Мектептің сары автобусы» үлгісі бойынша балаларды тасымалдайтын мектеп автобустарын жүргізуді пилоттық жоба ретінде енгізіп жатырмыз. Ол үшін №16, №5 орта мектептер мен №8 мектеп-гимназия таңдалып алынды. Осы мектептерге автобустардың қозғалу бағыты бекітіліп отыр. Егер жоба өз тиімділігін дәлелдесе, Тараз қаласындағы барлық мектептерге «сары автобустарды» қатынату жоспарлануда, – дейді бөлім басшысы Қ.Қалжанов.
Иә, қалай дегенде де, жасөспірімдер арасындағы қылмыстардың алдын алуға отбасы, мектеп, құқық қорғау органдары, қала берді жергілікті билік болып көңіл бөлген абзал. Әйтпесе, бүгінгі жағдай мен статистика сананы сан саққа жүгіртіп отыр. Егер бұлай жалғаса беретін болса, ертең барлық мектептерде осындай фактілер тіркелуі мүмкін. Облыстық ішкі істер департаменті мамандарының айтуынша, қазір Тараз қаласындағы білім мекемелерінде мектеп инспекторлары толықтай қызмет көрсетуде екен. Алайда, аудандарда 101 мектеп бақылаусыз қалып отыр. Сондықтан бұл мәселені тез арада шешіп, олқылықтың орнын толтырған жөн. Және арнаулы орта оқу орындарына құқық қорғау қызметкерлері тарапынан бақылау күшейтілген дұрыс секілді. Әйтпесе, ертең екінің-бірі қылмыс жасап, бармақ тістеп отыруымыз бек мүмкін.

Leave A Reply

Your email address will not be published.