Бие байлап та бизнесті дамытуға болады

710

Нұрбақыт АХЫТОВ, жас кәсіпкер, «Бастау бизнес» жобасының қатысушысы

Дана қазақ «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» дейді. Мұны һакім Абай «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп түсіндіреді. Расында да, қазіргідей нарықтық қатынастар заманында қол қусырып қарап жату қисынсыз. Оның үстіне мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар қолға алынып, қолдау көмек көрсетіліп жатқанда қорқынышқа бой алдыруға болмайды. Міне, осылайша талабы мен талпынысын тоғыстырып, баянды бастамалардың жемісін көріп жүрген азаматтардың бірі-Нұрбақыт Ахытов. «Бастау бизнес» жобасына қатысып, бағдарын айқындаған жас кәсіпкермен болған сұхбатымыздан оқырман ой түйеді деген сенімдеміз.

– Жасыратыны жоқ, замандас­тарымыздың көбінің заңгер болғысы келеді. Банк саласында жұмыс істеп, бақуатты болуды қалайтындар да бар. Ал, сіздің бизнестің бабын табуға бел буғаныңызды байқап отырмыз. Кәсіпкерлікке қалай келдіңіз? Бұл өз таңдауыңыз ба? Жоқ әлде үйдің үлкендері ой тастады ма?
– Мен бала күнімнен кәсіппен айналысуға қатты қызығатынмын. Жалпы, ешқашан еңбектен қашпадым. Алғашқы бизнесімді «Біссіміллә» деп, 15-16 жасымда бастағанмын. Ол кезде Тараздағы гипс зауытынан Шымкентке гипсополимер тасып, қайтарда цемент ала келетінбіз. Осылайша, бизнестің алғашқы баспалдақтарын кішігірім саудадан бастаған едім. Уақыт өте келе бұл тірліктің тілін тауып алғаннан кейін Шымкенттен шығатын декорациялық құрылыс қоспаларын Алматыға саудалай бастадым. Әрине, бұдан жаман болған жоқпын. Дегенмен, мемлекеттік қызметте тұрақты жұмысым болса деген мақсатпен жоғары білім алып алуды ұйғарып, заңгер мамандығы бойынша оқу орнына түстім. Бірақ, оқуды аяқтаған соң бірден әскерге шақырту алып, Ақтау қаласындағы теңіз жаяу әскері қатарында азаматтық борышымды өтеп келдім. Мемлекеттік қызметке жұмысқа кірем деген жоспарым да түрлі себептерге байланысты іске аспады. Бұрынғы бизнесті қайта қолға алсам деп талпынып едім, оның да тасы өрге домалай қоймады. Өйткені, мен әскерден келгенше құрылыс нарығы алыпсатарларға толып кеткен. Бәсеке көп. Сөйтіп, ірі қара өсіруге белді бекем будым. Алғашында сиыр етін көтерме бағамен сатып жүріп, кейін біржола жылқы бордақылап, базарға етін өткізумен түпкілікті айналыса бастадым. Қазір сол кәсіптің берекесін көріп отырмын.
– «Бастау бизнес» бойынша білім алып, несиеге де қол жеткізгеніңізді білеміз. Жалпы, бұл жоба несімен қызықтырды?
– Жаңа жоба туралы таныстардан есті­ген соң, былтыр Байзақ аудандық кәсіпкерлер палатасына барып кеңес алып, артынша 1 ай кәсіпкерліктің мектебінен өтіп, тиісті сертификатқа қол жеткіздім. Бірақ, несие беретін соңғы кезеңге үлгермей қалдым. Дегенмен, ұнжырғамды түсірген жоқпын. Биыл 4 миллион теңгенің жеңілдетілген несиесіне ие болып, сол қаржыға 10 құлынды бие сатып алдым. Бұл биелерді тек қымыз бағытында ұстап отырмын. Әзірге бес биені қолда ұстап, қалғандарын құлынымен бірге Жуалыдағы фазендаға жібердім. Салқын түскенде қайта алып келемін. Ал, ет бағытында байлап отырған жылқыларым тағы бар.
– Бүгінде қымызға деген сұраныс қандай деңгейде? Өзіңіз ұлттық сусынды қайда өткеріп жүрсіз?
– Тұрақты тұтынушыларым бар. Сосын тойға деп те тапсырыспен алып кетіп жатады. Шыны керек, қымыз өзімізге жетпей қалады кейде. Себебі, бұрынғыдай емес, қазір қымызға деген сұраныс жоғары.
– Жалпы, жылқы шаруашылығына шындап ден қойғаныңызды аңғарып отырмыз. Дегенмен, алдағы уақытта бизнестің өзге де бағыттарына бет бұру ойда жоқ па?
– Негізі, кішкентайымнан жылқыға қызығушылығым бар еді. Атам көкпарға шауып, жүйрік аттар ұстаған. Қысқасы, көзімді тырнап ашқалы аттың үстінде келе жатырмыз. Неге екенін білмеймін, табиғатынан жаратылысы ерекше жануар болғандықтан ба, түліктің осы бір түріне аңсарым ауады да тұрады.
Әрине, жоспар көп. Биыл алған несиемді келесі жылы толығымен жауып, тағы да үлкен сомадағы қаржылай қолдауға қол жеткізсем деген ойым бар. Ол қаржыға таза қанды бие алғым келеді. Қазір мәселен, қатардағы құлындардың базардағы бағасы 80-90 мың теңгенің төңірегінде ғана. Ал, таза қанды құлынды 200-250 мың теңгеге сенімді түрде сата аласың. Есесіне асыл тұқымды биені қымбат бағаға сатып алғаныңмен, ол өзінің құлындары арқылы шығыныңды ақтап береді. Бабы келіп жатса мүмкіндігінше жаратып, бәйгеге қоссам деген де жоспарларым бар. Егер үлкен сомада несие шықса, тағы да жақсы 10 бие алмақпын.
Қазір кәсіпкерлерді қолдап жатқан мемлекеттік бағдарламалар көбейіп жатыр. Қолдан келіп, сәті түсіп жатса, жақын мерзімге жоспарлаған шаруаларым оңды болса, болашақта бағымды сынап көрсем деген басқа да мақсаттарым көп. Мысалы, балабақша ашсам деген ниетім бар. Оған керекті жер телімі де дайын тұр. Бүгінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында мектепке дейінгі білім беру мекемелері көптеп ашылуда. Шүкір, халқымыздың саны ақырындап өсіп келе жатыр ғой. Оның ішінде табиғи өсімнің оң динамикасы байқалуда. Соған байланысты бала санының көбеюінен болашақта балабақшаға деген сұраныстың арта түсетіні анық.
– Жаңа жобалардың жанданып жатқанына қарамастан жастар арасында жұмыссыздық мәселесінің әлі де өзекті болып тұрғаны жасырын емес. Үлкен қалаларға кетіп жатқандарының кейбірі оңдырып та тірлік істеп жүрген жоқ. Осы мәселе бойынша қандай ұсыныс-пікір айтар едіңіз?
– Өзіңіз жақсы білесіз, еліміздің батысындағы мұнай компанияларында жақсы жұмыста жүргендердің дені шетелдіктер. Ал, қара жұмысшылар кілең өзіміздің қазақтар. Олардың жалақысын салыстырсаң айырмасы жер мен көктей. Қарапайым жұмысшының өзі 250 мың теңгенің төңірегінде айлық алады. Жаман жалақы емес. Ал, неге өзіміздің азаматтар сол компаниялардың жалақысы көп маманы бола алмайды. Әрине, мұнай игерудің, оны өңдеу технологиясының күрделі екенін түсінемін. Сондықтан, біздің жастар заңгер, экономистің оқуына жүгіре бермей, кәсіптік мамандыққа да көңіл бөлсе, жұмыссыздық мәселесі өзектілігін жояр еді. Бұл әрине, өз алдына бөлек үлкен тақырып. Менің айтпағым, сол Атырау жақтың адамдары мұнай саласына кетіп қалады екен де, құқық қорғау, мемлекеттік қызмет сияқты жұмыстарға көп бас сұқпайтын көрінеді. Бұл салаларда ол жақта жұмыс табу оңай. Оған қоса, ол өңірде сервистік қызметтердің де үлес салмағы оңтүстікке қарағанда тым төмен екен. Мәселен, Атырауға барғанда тандыр самсасын таба алмай кеткенбіз. Міне, сондықтан да құзырлы мекемелер еліміздің өзге аймақтарына да зерделеу жұмыстарын жүргізіп, қай өңірге қандай маман керек болып жатқанын анықтап, өзіміздің жастарды сол жаққа жіберудің тетігін тапса деймін. Олай дейтінім, біздің өзімізде де жүздеп ашылып жатқан жұмыс орындары шамалы. Елбасы да бір үлкен жиналыста оңтүстіктіктерге қарата бір жерде отыра бермей еліміздің солтүстік, шығыс, батыс өңірлеріне шығып, жұмыс істеу туралы ой тастаған еді. Мәселен, Атырауды мен өзім біраз зерттеп шықтым. Ол жақтағы мұнай зауыттарында маман тапшы екен. Қоғамдық тамақтану, сервистік қызмет көрсету саласында сұраныс көп, ұсыныс аз.
Сосын тәртібі бұзық, тіркеуде тұрған балалармен де жұмысты дұрыс жолға қойған жөн. Өйткені, олардың көбі ақылды келеді. Тәуекелге көп барады. Тек олар ата-ана немесе мектептің тарапынан дұрыс бағыт-бағдар берілмегеннен кейін өзіне керек емес мамандыққа барады, не мүлдем оқымайды. Сөйтіп, немен айналысарын білмей бұзақылыққа ұрынады. 9,11-сынып бітіріп жатқан оқушылар да ата-анасымен бірге қандай мамандық таңдарын білмей басы қатып жүреді. Осындайда жастар ісімен айналысатын мекеме, қоғамдық ұйымдар қай саланың дамып, қай саланың ақсап тұрғанын, немесе еліміздің қай өңірінде қандай маман тапшы екенін нақты зерделеп, тура жолды нұсқаса, жастар арасындағы жұмыссыздық анағұрлым аз болар ма еді. Мәселен, өзім де полицей боламын, мемлекеттік қызметке кіремін деген жастықтың буымен заңгерлікті оқып алдым. Қазір жатыр үйде сол диплом. Яғни, маған да ешкім дұрыс бағыт бермеді. Сосын жастар тегін курстар бойынша да кәсіптік білім алып шығып жатыр. Бірақ, өзіміздің еңбек нарығында ол мамандықтарға сұраныс бар ма, ол жағы аса қатты назарға алынып жатқан жоқ. Демек, сол курс бітірген жас мамандарды екіжақты келісіп, көрші облыстарға да жіберу ісін неге қолға алмасқа?
Біздің жастардың ішінде шетелге, әсіресе АҚШ-қа, Кореяға кетіп жатқандары көп. Өйткені, ол елдерде қандай жұмыс істеу тиімді, қай жерде жұмыс күші аз деген сияқты ақпаратты табу қиын емес. Яғни, оларда жұмыссыздықпен күрес жүргізу ісі жақсы реттелген. Мәселен, сол шетелге жұмыс іздеп кеткен жастар түбінде тұрған Атырауда қанша мұнай зауытының салынып жатқанынан, ондағы айлық жалақының көптігінен хабары болмауы мүмкін. Білсе, шетке кетпес еді. Себебі, қарапайым мұнайшының өзі 200 мың теңгеден аса айлық алса, тіл білетін маманның 500-600 мың теңге көлемінде жалақысы бар. Бір сөзбен айтқанда, жастарға бағыт-бағдар беру жұмыстары атүсті жүргізіліп жатыр. Мәселен, мектеп бітіргелі тұрған жастардың басын қосып, жалпылама емес, жеке жұмыс жүргізсек, нақты нәтижеге қол жеткізеріміз сөзсіз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Leave A Reply

Your email address will not be published.