Байзақта ауданында жаңа саябақ салынуда

486

Сексен жылдық мерейтойы қарсаңында Байзақ ауданында «Сарыкемер-Түймекент» автожолының бойынан ауданның сексен жылдығына арналған саябақ пен жаңа стела бой көтеруде.

Бәйтерек ауылдық округі әкімі аппаратының берген мәліметіне көз жүгіртер болсақ, ауданның 80 жылдығына арналған саябақ және стела құрылысына 42000,0 миллион теңге бөлініпті. Ашық тәсілмен өткізілген конкурста 35056,0 миллион теңгемен «ЕрКоса және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаз деп танылыпты.

Үнемделген 6000,0 миллион теңге қаражат қайтадан конкурсқа ұсынылып, бағалы ұсыныстарға сұраныммен ауданның 80 жылдығына арналған саябағын және стела аумағын абаттандыру (айналасын қоршау) жұмыстарын жүргізу мақсатында 4190,0 миллион теңгемен «Саңыраулардың қазақ қоғамы» қоғамдық бірлестігінің «Тараз оқу-өндірістік кәсіпорыны» мекемесі ұтып алған екен.

Бүгінгі таңда, құрылыс аумағында қызу жұмыстар жүргізіліп жатқанына куә болдық. Бізді қарсы алған серіктестік прорабы Махаш Самекеев мұнда отызға тарта адам еңбек етіп, құрылыс жұмыстарының бір сәтке де тынымсыз жүріп жатқанын жеткізді. Үлкен жолдың бойынан орын тепкен жаңа нысанның биіктігі 15 метр болса, кіреберіс қақпадан стелаға дейінгі аралықта ұзындығы 135 метр, стеладан ары қарай ұзындығы 140 метр екі бағытты аяқжолға брусчатка төселіп жатыр. Стеланың алдыңғы қоршауының биіктігі 2 метр болса, айнала қоршауының биіктігі 1,5 метр. Үстіміздегі жылғы қазан айының 25-іне дейін құрылыс жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отырған жауапкершілігі шектеулі серіктестігі электр желілерін тартып, жарықтандыруды да қатар жүргізіп жатыр.

Жаңа нысан алдағы уақытта аудан тұрғындарының мақтанышына айналады деген сенім мол.

Мұхтар ШАЛҒЫНБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.