Байзақ ауданында жаңа балабақша ашылды

545

Бурыл ауылдық округінде 75 орындық «Қарақат-Димаш» балалар бақшасы ашылды.

Ол Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы «Атамекен» жобасының кіші бағыты негізінде іске қосылды. Жеке кәсіпкер Нұрмаханбет Қабылбеков отбасы мүшелерімен ақылдаса келе, өзінің тұрғын үйін қайта жабдықтап, бақшаға лайықтаған екен.

Екі қабатты нысанда балалардың дамуына және белсенді қозғалысына мүмкіндік беретін ойын, әр топтың жатын бөлмелері, тамақ ішетін орындары, сондай-ақ, музыка, дене шынықтыру залдары бар. Әдемі жиһаздар, бөлмелердің кеңдігі көз тартады. Бақшаға жаңадан қабылданып, қуаныштан жүздері бал-бұл жайнаған жас өскіндер өнерлерін көрсетіп, ән айтты, би биледі, өлең оқыды. Бала қуанышына шаттанған ата-аналар ілкімді азаматтардың ел сүйсінетін тірліктеріне алғыстарын білдірді.

Бала — көздің нұры, еліміздің үкілеген үміті, ел келешегі. Жас ұрпақты тәрбиелеуде бірінші бесік — отбасы, ата-ана тәрбиесі болса, екінші бесік — білім беру мекемесі. Мектепке дейінгі кезеңдегі тәрбие — адам қалыптасуының алғашқы баспалдағы саналады. Қазіргі таңда ауданда 30 балабақша (оның 7-еуі жекеменшік) мен 11-і шағын орталықта 7 жасқа дейінгі 4 086 бала тәрбиеленуде.

Өңірде 1-6 жас аралығында мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылғандар үлесі — 65,1 пайыз, 3-6 жас аралығында мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылғандар үлесі — 97,9 пайызды құрап отыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.