АрМИ-2018: Қазақстандық әскери аспаздар үздіктер қатарынан көрінді

486

Халықаралық «АрМИ-2018» әскери ойындарында қазақстандық әскери аспаздар өз шеберліктерін көрсетіп, үздіктер қатарынан көрінді.

ҚР Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазақстандық команда «Далалық әскери асхана» (Полевая кухня) конкурсында еркін рецептімен ас дайындау бойынша Ресей, Армения, Вьетнам, Израиль және Өзбекстанмен бір топта сайысқа түсті.

Жарысқа қатысушыларға шектеулі көлемде азық-түлік берілді, сол азық-түліктерден қазақстандық әскери аспаздар қуырдақ, кеспе, грек салаты және морс әзірледі. Әзірленген тағамдардың сапасы мен дәмділігіне барлық қатысушы елдердің өкілдерінен құралған арнайы комиссия баға берді.

Тағамдар органолиптикалық қасиеттері бойынша бағаланды, яғни дәмі, иісі және әсемдеуіне қарай. Жарыстың нәтижесінде қазақстандық команда Ресей мен Израильді алға жіберіп, 3-орынды иеленді.

Бұдан бөлек қазақстандық әскери аспаздар конкурс комиссиясы анықтап берген мәзірге сай нан-тоқаш өнімдерін пісіру сайысына қатысады.

Айта кетейік, «АрМИ-2018» халықаралық әскери ойындар жарысы аясында өткен аспаздар конкурсына Қазақстан, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, Ресей, Армения, Әзербайжан, Беларусь, Вьетнам, Израиль, Ангола және Египет елдері қатысуда.

inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.