Нұрлан Өтешев жамбылдық жастармен жүздесіп, дәріс оқыды

752

М.Үркімбаев атындағы «Жастар сарайында» «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нұрлан Өтешев жамбылдық жастармен жүздесіп, дәріс оқыды.

Жалпы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру, жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау мақсатында Тараз қаласында «Қоғамдық лекция» интеллектуалды жобасы жүзеге асуда. Бұған дейін әулиеаталық студент жастар жоба аясында М.Х.Дулати атындағы ТарМУ ректоры Махметғали Сарыбеков, Қазақстанның Еңбек Ері, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Мұқаш Ескендіровпен кездесіп, олардың өнегелі өмір жолы, табысты талпыныстары мен жемісті жетістіктері және оған жетудің жолдарымен танысқан болатын. Бұл жолы да олар еліміздегі жастар саясатының қалыптасуы жолында табанды қызмет етіп, бұл күнде Ұлы Дала елі жастарының жанашырына айналған Нұрлан Сүлейменұлының келелі кеңестерін тыңдады.
– Осынау қарбалас заманда, қоғамда қарыштап даму процесі жүріп жатқанда ел жастары қандай болу керек? Ең бастысы кез келген жақсы идеяны жүзеге асырмас бұрын, соған өзі шын ниетін танытуы тиіс. Өз-өзінің дамуына сөзбен, оймен ғана шектелмей, іс-әрекет жасайтындай деңгейде болу қажет.
Қазір жастарда бос уақыт көп. Соны тиімді пайдалану, алтын уақыттың басым бөлігін әр адам өз-өзін дамытуға жұмсаған абзал. Сол үшін бойдағы ерік, жігер, қайрат пен намысты ту етуге тиіспіз. Және дәл қазіргідей ақпараттық майдан уақытысында ағылшын тілдерін меңгерген абзал. Өзге тіл адамның ой-өріс көкжиегін ашады. Бізде көбіне қазақ және орыс тілдеріндегі ақпаратты пайдаланумен шектеледі, ал оның аудиториясы өте тар. Ондай шектеу түсінігімізді толықтай қажетті ақпаратпен қамтамасыз етіп, әлемді тануға, сезінуге мүмкіндік бермейді. Латын қарпіне өту арқылы біз түркітілдес елдердегі ақпараттарды жетпіс пайыздай түсіне аламыз. Олар да бізді түсіне бастайды. Түрік әлемінде ақпараттардың жаңа арнасына ие боламыз.
Ағылшын тілін үйрену басында маған да қиын болды. Бірақ, мен күн сайын бір мәрте ағылшынша мәтін оқуға тырысамын. Ол күнделікті үйренгенімді ұмытпауға, көзқарасымды нақтылауға қажет. Сол үшін ең алдымен қазір уақыт бар кезде осыған ден қойған жөн. Құр оқып, ережелерді жаттағаннан бөлек, караокелер, түрлі қызықты бағдарламалар арқылы да өзге тілді меңгеріп кетуге болады.
Сонымен қатар критикалық сана-сезімнің де маңызы зор. Біздің студенттік шағымызда ректорымыз «Ұстаздарыңа қиын сұрақ қойыңдар. Сол кезде келесі дәрісте ұстаз сендерге жаңа деңгейде дайындалып келеді. Бұл әдіс ұстазға да, сіздерге де тиімді» деп үйрететін. Өз өздеріңізге мынаны неге істей алмадым, қайтсем қолымнан келеді деген сұрақтар қойып үйрену қажет. Адам өзіне сын көзбен қарағанда ғана түсінігі толысқан, жан-жақты жетілген, еліне және елі арқа сүйей алатын азамат болады, – деді өз сөзінде Нұрлан Сүлейменұлы.
Басқосу соңында жиналғандар жастар саясатына, білім алуға, жұмыс жасап, бизнес ашуға қатысты көкейлерінде жүрген көп сауалмен бөлісіп, тұшымды жауаптар алды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.