Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Үржар ауданына барып, Ақжар ауылындағы «Үржар балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» жанынан салынған қосымша ғимараттың ашылу рәсіміне қатысты.
Пайдалануға берілген жаңа корпуста заманауи жатын бөлмелер, мамандар кабинеттері, ойын және демалыс бөлмелері қарастырылған.
Аймақ басшысы тұрғындарды жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, бұл нысан ерекше қажеттіліктері бар балаларға көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған маңызды жоба екенін атап өтті.
«Бүгінгі шара – өңіріміздегі әлеуметтік сала үшін маңызды оқиға. Бұл нысан ерекше қажеттіліктері бар балаларға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға және олардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға бағытталған маңызды жоба. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы халықаралық балалар күніне орай жолдаған құттықтауында «Жас ұрпақтың құқығын қорғау, денсаулығын сақтау және олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау – жалпыұлттық мақсат және конституциялық міндет», – деп айрықша атап өткен болатын. Өздеріңіз жақсы білесіздер, былтыр Үржар ауданына келгенімде осы ғимаратқа арнайы келіп, аралап көргенмін. Нысанның жұмысы баяулап, тоқтап қалған болатын. «Сақалды» құрылысқа айналмау үшін жылдам шешім қабылдап, қосымша қаржы бөліп, мердігерден талап етіп, соның арқасында осындай ғимарат пайдалануға беріліп отыр. Соңғы жылдары психоневрологиялық ерекшелігі бар балаларды орналастыруға деген сұраныстың артуына байланысты орталықтың материалдық-техникалық базасын кеңейту қажеттілігі туындаған болатын.
Осыған байланысты негізгі ғимаратқа жапсарлас екі қабатты жаңа корпус салынып, пайдалануға берілуде. Бұл шешім балалардың қауіпсіздігі мен қолайлылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы игі істің жүзеге асуына үлес қосқан барлық азаматтарға, құрылысшыларға, жобалаушыларға, сала мамандарына және қолдау көрсеткен мемлекеттік органдарға шынайы алғысымды білдіремін», – деді Берік Уәли.
Бұған дейін медициналық блок пен асхана ғимараты негізгі корпустан 170 метр қашықтықта орналасқандықтан, балалар күн сайын ашық алаң арқылы қатынауға мәжбүр болды. Әсіресе, қыс мезгілінде және қолайсыз ауа райында бұл ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін елеулі қиындықтар туғызатын. Жаңа ғимараттың іске қосылуы осы мәселені толық шешуге мүмкіндік беріп отыр. Орталықтың жалпы ауданы бұрын 2 381,48 шаршы метрді құраса, бүгінде жаңа ғимарат есебінен кеңейтіліп, балалардың жайлы өмір сүруі мен дамуына қажетті барлық жағдайлар жасалуда.
АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ