ЗИЯЛЫСЫҒАН ЕМЕС, ЗИЯЛЫ ОРТА ҚАЖЕТ

Танымал “Түркістан” газетін кезінде Қалтай ағаның асатаяғындай қабылдап алған Шәмшидин Пәттеевтің “Қазекем тамаққа тойып алған соң, саясат айтуға көшеді” деп, замандастарын әжуәлайтыны бар. Онысы — “Білмейтін тақырыпта шаруаң не? Араласпа, артық сөзбен былғанба, арамтер болма!” дегенді меңзегені.
Кім білсін, Қалекең тәлімінен жұққан қасиет шығар, әйтеуір, өрекпігендердің кеудесін осылай бір басып қояды.
Қазір әр қилы орталарда алуан түрлі адам бас қосады. “Қолымен қосаяқ соқпайды,
Аузымен орақ орады” — деген мәтелдің кері қалыпты үрдіске айналып барады. Өзін саясаттың сүлейі санап, сөзге кезек бермейтіндерге тоқтау салатын салақиятты кісі азайған. Кемдігі былай тұрсын, айтар жерде бұғып қалады.
Айтыс-тартыс талқылау төрі емес, дастархан басында отырғанын ұмытып кетуге дайын. Тіпті ас, құдайы, садақа үсті екенін де ескермейді.
Сонда ұзын-сонар бос әңгімеден кім, қандай пайда көреді? Отбасы, бала тәрбиесі, ауылы мен қаласының проблемасы оның тақиясына тар келе ме? Қаптың аузы сөгілгендей, жеке адамдарға қатысты қауесет, домалақ арыз-шағым, сын айтқан кезде, іштері босағанша ақтарылады. Шеттерінен саясаттың сүтін ішіп, балын жалаған “кәнігі сарапшы” рөліне мықтап еніп кетеді. Шын мәнінде, көкейдегісін, аузынан шыққанды қағазға сауатты жаза алмайтындар өзгеге ақыл айтып, жол нұсқайды. Адастырады.
“Адамның дене мүшесі ауру болса, дәрігер емдейді. Ал қоғамның жан-дүниесіне түскен сырқат орасан кеселді болады” деген екен Әл-Фараби баба.
Имандылық туралы, мейірімділік жөнінде есті әңгіме, тағылымды оқиғаны естігісі келгендердің құлағы сарсып қайтатыны жасырын емес. Осы тұрғыда ел ағаларының кеселдің алдын алуына, түзік сөз айтуына, өрелі сұхбат құруына, кейінгілерге сара жол салуына не кедергі?
Ал, жұрт айта беретін «тіл тазалығына» келсек, көрнекті жазушы Қалихан Ысқақұлының:
”Қазақтың тілі дүрегейленді. Ожар, томырық адамның аузынан шығар тұтқыр тілге айналды…
Ауызекі сөйлеу мәнері мүлдем былғанды. Орыс мақамы — қазақтың зиялысыған ортасының сәні, бүгінгі тірлігіміздің мәні, жастарымыздың әні деңгейіне жетті. Құдай-ау, осы біз кімге, не үшін жазып жатырмыз?» деп ащы айтып, күйінгені еске түседі. Бүкіл өмірін, шығармашылығын
саф тілімізді сақтап қалуға, бейнелі тілмен ұлт бейнесін сомдаған марқұм қаламгердің жанайқайы әлі күнге көкейкесті.
Осы орайда мемлекеттік тілдің құнын түсірмей, өрісін кеңейтуге борышты кәсіби журналшылар алдыңғы шептің жауынгері болып қала бермек. Алайда мәтін жазуда, сөз саптауда олардың «заманауи шалалығы» бар екенін қалам қайраткері Қайнар ОЛЖАЙ сыпайы сынап та, сыбап та жазады. Арнайы дәріс те, шеберлік сыныбын да жүргізеді. Жорналшыға аса қажетті сауаттылықты өз тәжірибесі, білімі мен білігі арқылы танытып жүргендер сапында Шархан ҚАЗЫҒҰЛ, Гүлнар САЛЫҚБАЙ, Назгүл ҚОЖАБЕК т.б. шынайы жанашырлар бар. Бірақ олар санаулы ғана. Ана тілі мен аға буын өсиетіне адалдығын ақысыз-пұлсыз, отаншыл жүрегімен көрсететіндердің саны сапаға әсер етсе деп тілейміз.
Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы “Масс-медиа саласындағы өзекті мәселелерді шешу үшін ақпарат саясатын түбегейлі қайта қарау қажеттігін” айтты. Себебі, ұлт журналистикасына өз мектебін, өз жолын қалыптастырып, әлемдік деңгейде танылатын кез келді.
Өзге елдің мақамына салып кетпеу үшін осынау мемлекеттік маңызы бар іске зиялысыған емес, зиялы орта атсалысып, үлес қосуы қажет деп есептейміз.
Дархан МЫҢБАЙ
Comments (0)
Add Comment