Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық мәселелері қаралды.
Кеңес барысында энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім және денсаулық сақтау басқармаларының басшылары атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Жиында жылу көздері мен желілерін жөндеу, қазандықтардың дайындығы, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді жылыту маусымына әзірлеу, отын қорын қалыптастыру және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары талқыланды.
Сонымен қатар коммуналдық кәсіпорындардың берешегі, әлеуметтік нысандарды көмірмен қамтамасыз ету және ұлттық жобалар аясындағы жұмыстардың орындалу барысы қаралды.
Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімі жылыту маусымына дайындық жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды, жөндеу жұмыстарын қатаң бақылауда ұстауды және әлеуметтік нысандардың толық дайындығын қамтамасыз етуді тапсырды.