Жұбы жарасқан тараздық тәртіп сақшылары

Бүгін еліміз Отбасы күнін атап өтуде. Бұл жүрекке жылы мереке отбасы атты ең қастерлі құндылықты еске салып, насихат етіп келеді. Бұл күн – әрбір адам үшін маңызды мәселелерге назар аударуға, яғни қамқорлық, қолдау, махаббат және балаларымыздың жарқын болашағы секілді ізгі құндылықтарды ұлықтауға мүмкіндік береді.

Қазақстандықтардың өмірінде отбасы ерекше орын алады. Мықты және бақытты отбасы – бүкіл қоғамымыздың,  мемлекетіміздің табысты дамуы мен өркендеуінің негізі. Сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы, кез келген зиялы қоғамның діңгегі.

Жандары жарасым тауып, бір арнаға тоғысқан ерлі-зайыптылардың қызмет бабында да бірге жүретін кездері кем емес. Ішкі істер органдарында ілкімді істердің атқарылуына үлес қосып жүрген жарасымды жұптар да баршылық. Солардың бірі – әділет капитаны Қайрат Калганов пен полиция капитаны Айгерім Махмеджан.

Қазіргі уақытта отағасы Калганов Қайрат Маратұлы Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №25 мекеме бастығының кезекші көмекшісінің орынбасары болып қызмет етуде. Ал жары Махмеджан Айгерім Ануварқызы – Жамбыл облысы Полиция департаменті тәрбие және кадр жұмысы бөлімінің белді қызметкері.

Ішкі істер органдарының қос қызметкері де жұмысында жоғары іскерлік және адами қасиеттері үшін әріптестері арасында зор абырой мен құрметке ие. Жауапкершілігімен, талапшылдығымен және еңбекқорлығымен көзге түсіп жүрген жас мамандар үйінде – мейірімді ата-ана, сүйікті жар екенін естен шығарған емес.

– Отбасы деген шағын ғана мемлекетіміздің берік те бақытты болуы үшін ең бастысы халықтың қауіпсіздігін басты назарда ұстаймыз, адал қызмет етеміз. Өз отбасымызбен қатар, басқа жанұялардың да қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтауға барымызды салып еңбек етеміз, — дейді отағасы Қайрат Маратұлы.

Ерлі-зайыпты қызметкерлер жұмыс бабы отбасы бақытына кедергі келтірмейтініне сенімді. Қызмет еңбекті талап етеді, төзім мен кәсібилікті қажет етеді. Бірақ Қайрат та, Айгерім де осы мамандықты таңдағанына ешқашан өкінген емес.

– Бірлігі мықты отбасы – мықты мемлекеттің тірегі. Бұл – біздің ұранымыз. Әлемнің көптеген елдерімен бірге Қазақстан да Отбасы күнін атап өтуде. Мереке күні отандастарымызға бір-бірін сүйіп, құрметтеуді тілеймін. Өйткені, бірлік пен өзара түсіністік – бұл тек отбасының ғана емес, біздің Отанымыздағы қоғамның құндылықтары, – дейді Айгерім.

Comments (0)
Add Comment