Қазақстан Республикасының әр азаматы тегін медициналық тексерістен өтуге құқылы. Бұл қатардан түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан азаматтар да шет қалып жатқан жоқ. Мәселен, күні кеше Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №25 мекемесінде жазасын өтеп жатқан азаматтар толықтай дәрігерлердің қарауынан өтті.
Сотталғандардың денсаулық жағдайын қарауға Тараз қалалық №5 емхананың дәрігерлері келіп, жазасын өтеушілерді тексерістен өткізді. Аталған шараға облыс әкісінің орынбасары Айжан Есмағамбетова, Жамбыл облысы прокуратурасынан – Асылбек Пешеков, Сәкен Маратұлы, Эльдар Баймешов және Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары Қанат Сматов арнайы қатысты.