Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуін шектеу туралы шешім елдің жаңа біріңғай (бірпалаталы) Парламентінде қабылданатын болады. Бұл жөнінде Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов мәлімдеді.
Ведомство қазіргі уақытта тиісті заңнамалық өзгерістер топтамасын әзірлеп, мемлекеттік органдармен талқылауды бастап кеткен.
Вице-министрдің нақтылауынша, ұсынылып отырған норма тек жаңа пайдаланушыларды тіркеу процесіне ғана қатысты болуы мүмкін. Алайда әлеуметтік желілерде бұрыннан аккаунты бар балаларға бұл шектеудің қалай әсер ететіні және оны бақылау тетіктері әзірге нақты бекітілмеген. Құжат аясында балалар қауіпсіздігінен бөлек, желідегі онлайн-коучтар мен психологтардың қызметін реттейтін қосымша нормалар да қарастырылған.
Евгений Кочетов әлеуметтік желілерді шектеу мәселесі қазіргі таңда әлемдік үрдіске айналғанын, тіпті Еуропаның бес елі дәл осындай шешімді қарастырып жатқанын атап өтті. Осыған байланысты отандық мемлекеттік органдар Қазақстан үшін бұл шараның қажеттілігіне сенімді. Сонымен қатар, вице-министр бұл бағытта халықаралық тәжірибе, соның ішінде дербес деректерді ұсынбай жұмыс істегендіктен өз мақсатына толық жете алмаған Австралияның мысалы да ескеріліп, заң қабылданған жағдайда бақылау тетіктері заңға тәуелді актілер деңгейінде реттелетінін жеткізді.
Еске салайық, 2025 жылдың желтоқсан айында Мәдениет және ақпарат министрлігі «Онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қоғамдық талқылауға шығарған болатын. Аталған құжатта 16 жасқа толмаған пайдаланушылардың белгілі бір мессенджерлерден бөлек, өзге барлық әлеуметтік желі платформаларында тіркелуіне ресми түрде тыйым салу түзетуі алғаш рет көрсетілген еді.