Жас ғалыммен кездесу

Алматы қаласындағы №79 гимназияның оқушысы Дана Қадырбекпен кездестім. Дана заманауи наноматериалдарды қолдана отырып, атмосферадан су жинайтын құрылғы ойлап тапқан жас ғалым. Бұл қондырғы электр желісіне қосылмай-ақ ауадағы ылғалды тиімді сіңіріп, конденсациялауға мүмкіндік береді.
Кездесу қорытындысы бойынша Дана Елтайқызымен құрылғының жұмысын бірлесіп талдауды, жобаны пилоттық режимде іске асыруды, ақпарат пен деректер алмасуды, сондай-ақ технологияны кеңінен қолдану мүмкіндігін зерттеуді көздейтін меморандумға қол қойдық.
Сондай-ақ Ғылым және инновациялық технологиялар департаментіне бұл әзірлемені пилоттық режимде енгізу бойынша барынша қолдау көрсетуді тапсырып, жоба авторы Данаға алғыс хат пен бағалы сыйлық табыстадым. Дарынды жастардың су үнемдеу мәселелеріне бейжай қарамай, бірегей ғылыми жобалар әзірлеп, жүзеге асырып жүргені қуантады.
Біз бұл жобаны бұрыннан бақылап келеміз. Ол су ресурстарын үнемдеуде ерекше шешім ұсынады, бұл әсіресе шалғай аймақтар үшін маңызды. Құрылғының ылғал аз кезде де атмосферадан су жинай алуы оның практикалық қолданылуын кеңейтеді. Қазіргі заманауи наноматериалдар мен күн энергиясын қолдану бұл жобаны «жасыл» инновациялардың маңызды жобасына айналдырады.
Айта кету керек, ғылыми жоба халықаралық және республикалық деңгейдегі бірнеше конкурста жоғары баға алған. Атап айтқанда, Оңтүстік Кореяда өткен WICO халықаралық көрмесінде 36 ел мен 2000-нан астам қатысушы арасынан I орынды, Индонезиядағы Жастардың халықаралық ғылыми жәрмеңкесінде (YISF) 24 ел арасынан I орынды иеленді. Сондай-ақ ҚазҰУ халықаралық конференциясында және Kazakhstan Smart Space ғарыштық технологиялар байқауында марапаттарға ие болды.
Дана Қадырбектің жобасы Біріккен Ұлттар Ұйымының Өнеркәсіпті дамыту ұйымымен (UNIDO) бірлесіп жүзеге асырылатын «жасыл» стартаптарды қолдау жөніндегі Global Cleantech Innovation Programme (GCIP) халықаралық бағдарламасының он жартылай финалисінің қатарына енді. Жоба Қазақстан бойынша 500-ден астам өтініштің ішінен іріктеліп алынған.
Comments (0)
Add Comment