Жамбыл облысындағы «Jambyl» телеарнасы елімізде алғашқылардың бірі болып жасанды интелект (ЖИ) арқылы қазақ ертегілерінен мультфильмдер топтамасын әзірледі.
22 қыркүйек, дүйсенбі күні телеөнімнің жабық көрсетілімі өтіп, оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, басқарма басшылары, БАҚ өкілдері, телеарна ұжымы және мектеп оқушылары қатысты.
ЖИ арқылы жасалған мультфильмдердің жалпы саны – 12, ұзақтығы – 20 минут.
Топтамаға «Қарлығаш пен Дәуіт», «Ақылды шыбын мен жалқау аю», «Түлкі мен тырна» сияқты танымал қазақ ертегілері енгізілген.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында цифрландыру мен жасанды интеллектіні барлық салаға енгізудің маңыздылығын атап өткен болатын.Осы міндеттерді басшылыққа ала отырып, «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының құрамындағы «Jambyl» телеарнасы 1 қарашадан бастап 36-маусымын бастайды. Елімізде алғаш рет ЖИ көмегімен дайындалған бұл туындылардың көрерменге жол тартуына облыс әкімдігі қолдау көрсетті. Ал олардың дыбысталуына корпорация құрамындағы «Балапан» телеарнасы атсалысты, – деді телеарна директоры Гүлбаршын Құланбаева.
Мультфильмдер топтамасы тек телеарна эфирінде ғана емес, сондай-ақ «Әжемнің әңгімесі» өңірлік жобасы аясында балабақша тәрбиеленушілеріне де ұсынылмақ.
Жаңа мультфильмдер оқушыларға ерекше әсер сыйлап, танымдық көкжиегін кеңейтті.