Жамбыл облысында жаңартылатын энергия көздерінің қуаты артып келеді

Жамбыл облысында жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, өңірдің электр энергиясын өндіру әлеуеті жыл сайын артып келеді. Күн, жел және су электр стансаларын іске қосу арқылы облыстың энергетикалық қауіпсіздігі күшейіп, экологиялық таза энергия өндіру көлемі ұлғаюда.

Өңірдегі алғашқы ірі жобалардың бірі – Қордай ауданындағы «Отар» күн электр стансасы. 2014 жылы пайдалануға берілген нысанның қуаттылығы бүгінде 7 мегаваттқа жетіп, республиканың бірыңғай энергетикалық жүйесіне тұрақты түрде электр энергиясын жеткізіп келеді.

Жуалы ауданында орналасқан «Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» күн электр стансалары жалпы қуаты 100 мегаватт болатын Орталық Азиядағы ең ірі жаңартылатын энергия жобаларының қатарына кіреді. Сонымен қатар Қордай ауданындағы жел электр стансалары мен «Тасөткел», «Қарақыстақ» және «Меркі-3» су электр стансалары өңірдің энергия өндіру көлемін арттыруға елеулі үлес қосып отыр.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, Жамбыл облысының табиғи-климаттық ерекшеліктері жаңартылатын энергия көздерін кеңінен дамытуға қолайлы. Жел мен күн энергиясын тиімді пайдалану электр энергиясының тапшылығын азайтып, шалғай елді мекендерді сенімді әрі тұрақты электрмен қамтуға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда Жуалы ауданында қуаты 1 гигаватт болатын жел электр стансасын салу жоспарланып отыр. Ал Сарысу ауданындағы «Жаңатас» жел электр стансасы толық өндірістік қуатында жұмыс істеп, жылына 350 миллион киловатт-сағатқа дейін электр энергиясын өндіруде.

Жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған бұл жобалар өңірдің өндірістік әлеуетін арттырумен қатар, энергетикалық тәуелсіздікті нығайтуға, инвестициялық тартымдылықты күшейтуге және экономиканың тұрақты дамуына берік негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Comments (0)
Add Comment