Жамбыл облысында 21 спорт нысанының құрылысы жүруде

Жамбыл облысында жыл соңына дейін 7 жаңа спорт кешенін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Нәтижесінде өңір халқының спорттық инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі 72 пайызға жетпек. Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимов баяндады.
Кеңес барысында спорт инфрақұрылымы мен бұқаралық спортты дамыту, сондай-ақ отбасын қолдау орталықтарының қызметін жетілдіру мәселелері жан-жақты қаралды.
Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде облыс бойынша 2 355 спорт нысаны жұмыс істейді. Қазіргі таңда 21 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Оның 18-і бюджет қаражаты есебінен, ал үшеуі демеушілердің қолдауымен салынуда.
Биылғы жылы Мойынқұм, Талас және Қордай аудандарында үш денешынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 7 нысан іске қосылып, қалған 11-і келесі жылы қолданысқа берілмек.
Сонымен қатар Ж. Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, нысанның сыртқы футбол алаңы жаңартылған.
Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде облыс халқының спорттық инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі 70,8 пайызға жетіп отыр (2024 жылы – 68,3%). Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 72 пайызға дейін арттыру көзделген.
Ернар Ибраимов баяндамасында «Тараз» орталық стадионының Қазақстан футбол федерациясы мен УЕФА талаптарына сәйкес келмейтінін айтты. Спорт нысаны 1936 жылы пайдалануға беріліп, 2002 жылы қайта жаңғыртылған.
Тараз қаласы мен аудандарда бұқаралық спортты дамытуға 449,1 млн теңге бөлінді. Бүгінде облыс халқының 41,9 пайызы, яғни 511 мыңнан астам адам спортпен жүйелі түрде айналысады (2024 жылы – 41,2%).
Жыл басынан бері өңірде 3 171 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оған 299 мыңнан астам адам қатысқан.
Облыс әкімі спорт нысандарының тұрғындарға қолжетімді болуын қамтамасыз етуді, заманауи спорт алаңшасы жоқ елді мекендердің тізімін жасап, оларды қамту бойынша арнайы жоспар бекітуді, сондай-ақ спортпен шұғылданушылар санын арттыру үшін бұқаралық спорттық іс-шараларды жиі ұйымдастыруды жүктеді.
Сондай-ақ, орталық стадионды құрылыс басқармасының теңгеріміне өткізіп, талаптарға сәйкестендіру үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуді және оны мемлекеттік сараптамадан өткізуді тапсырды.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетова өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсетуді тиімді ұйымдастыру және отбасын қолдау орталықтарының жұмысын жетілдіру мәселелеріне тоқталды.
«Анаға тағзым» отбасылық даму орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали орталықтар мен мобильді топтардың жұмысына жүргізілген талдау нәтижелерін таныстырды.
Өңір басшысы баяндамаларда айтылған кемшіліктерді жүйелі түрде және нақты шешуді талап етіп, олардың нәтижелері кеңесте қайта қаралатынын ескертті.
Comments (0)
Add Comment