«Зейнетақыларын шешіп алған»: Атырауда жоғалған бір отбасының мүшелері төртеу емес, алтау болып шықты (ВИДЕО): 4 қаңтар 2026, жаңалықтар Turkystan.kz
Журналист Гүлмира Әбіқай Instagram желісіндегі парақшасында Атырау облысында із-түзсіз жоғалып кеткен отбасы туралы жаңа деректерді жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Журналистің жазуынша, оған отағасы Мақсот Қарабалиннің қарындасы Әсилә хабарласып, отбасы мүшелерінің саны бұған дейін айтылғандай төртеу емес, алты адам екенін жеткізген.
«Алдымен “Ақтаудан жұмыс таптым” деп жалғыз ұлы Наурыз хабарсыз кетті. Кейін “дәрігерге қаралып келеміз” деген отбасы сол күйі үйге оралмаған. Үйлері жинақы, малы қорада, азық-түлік сол күйі тұр», — деп жазды журналист.
Оның айтуынша, жоғалғандардың екеуі зейнеткер, екеуі мүгедектік жәрдемақы алған. Сондай-ақ қараша-желтоқсан айларындағы зейнетақылары толық шешіліп алынған.
«Сонда тұтас бір әулеттің алты адамы қайда кетті? Жоғалудың басы алты ай бұрын басталғанымен, полиция іздеуді 2025 жылдың 29 желтоқсанында ғана жариялады», — деп жазды Гүлмира Әбіқай.