Ынтымағы мен ырысы жарасқан өлке

Мойынқұмдықтар мамыражай мамыр айын үлкен қуанышты көңіл-күймен қарсы алды. Қазақстан Халықтарының бірлігі күніне орай «Бірлігіміз жарасқан – Мәңгілік ел!» атты іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Іс-шараға аудан әкімі Ермек Карентаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Нұртас Саурықов қатысты. Мерекелік жиын «Айгөлек» балалар би тобының «Наз — Кербез» биімен ашылды.
Мұнан соң жиналған көпшілікті аудан әкімі Ермек Карентаев Қазақстан Халықтарының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтады. Аудан басшысының жылы лебізі мерекеге жиналған ел-жұртқа жақсы әсер сыйлады.
– Қадірлі жерлестер!
Өздеріңіз жақсы білетіндей, бұл мерекенің маңызы өте жоғары. Ауданымызға қарасты 24 елдімекенде бірнеше ұлт өкілдері тұрады. Олар жергілікті халықпен араласып, тату — тәтті ғұмыр кешуде. Ынтымақ пен бірлікті ту етіп ауданның дамуына үлестерін қосып келеді. Ауданның өрлеу жолында өзге ұлт өкілдері де аянбай тер төгуде. Тірлігіміз түзу, бірлігіміз бекем болсын. Баршаларыңыздың отбасына бақыт, береке, амандық, қуаныш тілеймін! Мереке құтты болсын!, деген аудан әкімі Ермек Амангелдіұлы сіңірген еңбектеріне қарай бірнеше кісіге құрмет көрсетті. Атап айтқанда, «Мойынқұм ауданының құрылғанына 60 жыл» мерекелік төсбелгісімен Айдарлы ауылынан еңбек ардагері Айдархан Асанов, Бірлік ауылынан еңбек ардагері Балтакүл Жетпісбаева, Мирный ауылының мейірбикесі Светлана Хасанова, Мойынқұм ауылынан еңбек ардагері Баяхмет Шынжарбеков марапатталды. Аудан әкімінің Құрмет грамотасына Людмила Терлікбаева, Шығанақ ауылынан Татьяна Андреевна, аудан әкімінің Алғыс хатына Мирный ауылының еңбек озаты Галина Ганжуева ие болды.
Мұнан соң аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарының қатысуымен мерекелік концерт жалғасын тапты. «Туған елім» әнін аудандық мәдениет үйінің әншілері жүрекке жеткізе орындаса, Ержан Омаров пен Нұрбол Жиренше орындаған «Бірлігіміз жарасқан» әні де көптің көңілінен шықты. «Шаттық» би тобы «Үнді», «Айгөлек» балалар би тобы «Испан» биін мың бұрала биледі.
Мерекенің сәнін әр ұлттың ұлттық билері аша түсті. Мәселен, Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясы – әзірбайжан, М.Жұмабаев атындағы мектеп-лицейі – грузин, Т.Рысқұлов атындағы тірек мектебі – неміс, аудандық аула клубы ұжымы – кәріс, «Балбөбек» бөбекжай бақшасы – тәжік, аудандық өнер мектебі – өзбек, аудандық балалар шығармашылық орталығы – орыс, экология орталығы – түрік, «Құлыншақ» бөбекжай бақшасы – қазақ халқының ұлттық билерін ел назарына ұсынып, тамаша орындап шықты. Концерттік бағдарламаны өзінің қоңыр дауысымен Ерлан Айтқабыл әсерлі жүргізгенін айта кеткен жөн. Жұрт көңілінен шыққан концерттік бағдарлама Қажымұрат Әбдіқадыров, Гүлгүл Тәйтімова, Аяжан Шаһархан орындаған «Қазақстан – достықтың шаңырағы» атты композициямен мәресіне жетті.
Сонымен қатар, мерекеге жиналған тұрғындар арасында бірнеше спорт түрінен жарыстар өтіп, жеңімпаздары анықталды.
Бұл мерекелік іс-шара барша тұрғындарға жақсы демалыс, жоғары көңіл-күй сыйлады.

Comments (0)
Add Comment