Ұлттық ұлан жауынгері Бурабайда 8 мың метр қашықтықты жүзіп өтті

Ұлттық ұланның әскери қызметкерлері үшін дене дайындығы — қызметтің маңызды бөлігі. Алайда көптеген жауынгер міндетті жаттығулармен ғана шектелмей, бос уақытында да спортпен айналысып, жарыстар мен бұқаралық спорттық іс-шараларға белсенді қатысады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Соның жарқын мысалы — 6636 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Нұртас Әлібеков. Ол 8–9 тамыз күндері Бурабай көлінде өткен X-WATERS Kazakhstan 2026 халықаралық жүзу жарысына қатысты.

Жарысқа әлемнің түрлі елдерінен жүзу бойынша спортшылар мен әуесқойлары жиналды. Қатысушыларға әртүрлі деңгейдегі қашықтықтар ұсынылды: жүзу ласталары арқылы 500 метрден бастап, ал ашық суда көмекші құралсыз 8000 метрге дейін.

Қатардағы жауынгер Нұртас Әлібеков ҚР ІІМ-нің «ARLAN» спорт клубының атынан өнер көрсетіп, бірден бірнеше санатта жоғары нәтиже көрсетті. 500 метрге жүзу ласталары жүзуде ол үшінші орын алса, 3×500 метрлік командалық эстафетада оның командасы мәреге екінші болып жетті.

Ең үлкен сынақ 8000 метрлік қашықтық болды. Оның бағыты Бурабай көлі арқылы Жұмбақтас жартасына дейін барып, қайта оралуға есептелген. Ұлттық ұлан әскери қызметкері бұл қашықтықты бағындыруды алдына жеке мақсат етіп қойып, тапсырманы сәтті орындап, бесінші орынға ие болды.

Нәтижелі өнер көрсету Нұртасқа GlobalSport.kz жылдық рейтингіндегі көшбасшылығын сақтауға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта оның көрсеткіші 11 572 ұпайды құрап, рейтингте бірінші орында тұр.

Сол демалыс күндері Ұлттық ұланның тағы бір әскери қызметкері — Бас жедел басқарманың аға офицері подполковник Асет Медеуов те спорттық шараға қатысты. Ол 9 тамызда Астанада өткен IX «Jüregımnıñ Jeñımpazy» («Жүрегімнің жеңімпазы») қайырымдылық жүгіру фестиваліне қатысты.

 

Жарыс ағзаларын трансплантациялауды күтіп жүрген науқастарды қолдауға және донорлықты насихаттауға арналды. Іс-шараға шамамен 7 мың адам қатысты. Подполковник Медеуов елорданың орталық көшелерімен 10 шақырым жүгіріп өтіп, жарысты ЭКСПО аумағында аяқтады.

Мұндай мысалдар әскери қызметкерлер үшін спорттың жай ғана формалды немесе қызметтік дайындықтың бір бөлігі емес екенін көрсетеді. Бұл — дене дайындығын сақтауға, төзімділікті арттыруға, алдына жаңа мақсаттар қойып, оларға жетуге мүмкіндік беретін маңызды бағыт.

Демалыс күндерін әркім әртүрлі өткізеді. Бірі белсенді демалысты таңдаса, енді бірі жүгіру жолына немесе бассейнге барады, ал кейбірі жарыстарға қатысады. Ең бастысы — алғашқы қадамды жасау.

Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/286484-ulttyq-ulan-zauyngeri-burabaida-8-myn-metr-qasyqtyqty-zuzip-otti

Comments (0)
Add Comment