Ақорда
Ұлттық құрылтай: Төрт отырыста көтерілген қандай бастамалар іске асты?: 19 қаңтар 2026, жаңалықтар Turkystan.kz
Ертең Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы Қызылордада өтеді. Бір ғасыр бұрын қазақ елінің астанасы болған бұл қалада ортақ мақсат пен игі істерге жұмылдыратын алаңның өтуі кездейсоқтық емес. 2026 жылы астананы Қызылордаға көшіру туралы тарихи шешімге 100 жыл толады.
Қазіргі форматтағы алғашқы құрылтай 2022 жылы Ұлытауда ұйымдастырылды. Екінші отырыс түркі әлемінің рухани орталығы саналатын Түркістанда өткізілді. Үшінші алқалы жиын Атырау облысында өтсе, төртінші құрылтай былтыр Бурабай аймағында ұйымдастырылды. Осы ретте аталған ұлтты біріктіріп, бірлікті нығайтатын маңызды төрт отырыста көтерілген бастамаларға тоқталып өтсек.
Ұлытаудағы тұңғыш жиын
2022 жылғы 16 маусымда өткен алғашқы құрылтайдың Ұлытауда өтуі тарихи тұрғыдан маңызды болды. Президент өз сөзінде құрылтайдың мән-маңызына жете тоқталып, не себептен бұл қалада өткізуді ұйғарғанын айтып өтті.
«Құрылтай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүріміз екенін жақсы білесіздер. Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген. Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген.
Төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар болған. Оның көбі халқымыз үшін маңызды кезеңде өткізілген. Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болды. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары жұртымызды ел қорғауға ұйыстырды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды. Екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланды.
Егемендік кезеңінде Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өткізілді. Бұл жиында сырттағы қандастарымыз Атамекенге шақырылды. Ұлы көш Тәуелсіз Қазақстанға бет алды.
Қазақ құрылтайларының бәрі ел дамуына зор өзгеріс әкелген. «Кеңесшіл ел кемдік көрмейді» деген нақыл сөз содан қалса керек. Біз бабалар жолын ұстанып, Құрылтай шақыру дәстүрін жаңғырттық. Елдігімізді нығайтып, бірлігімізді бекемдейік деп, бүгін бас қосып отырмыз. Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысын Ұлытауда өткізуге ұйғарым жасалды. Ұлық ұлыстың бастауында тұрған Жошы хан кесенесінің іргесіне ақ шатыр орнаттық. Мұның зор символдық мәні бар. Елдің бірлігі, ұлттың тұтастығы дегеніміз – осы», – деді Президент.
Ұлт ұясы Ұлытауда бастау алған бұл құрылтайда 25 қазан – Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін беру туралы маңызды шешім қабылданды.
Түркістан – ұлттық үнқатысу алаңы
2023 жылғы 17 маусым күні Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбына арналды. Аталған құрылтайдан соң бірнеше маңызды заң қабылданды. Атап айтсақ:
Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заң;
«Қазақстанның Халық жазушысы» атағын қайтару;
«Кинематография туралы» Заңға түзетулер;
Ономастика жұмысын жүйелеу туралы;
Вейптерге, шегуге келмейтін темекі өнімдеріне тыйым салу туралы түзетулер;
Құмар ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері туралы;
Жұмысшы мамандықтар үшін жаңадан 9 құрметті атақ енгізу;
Масс-медиа мәселелері туралы заңнамаға түзетулер;
«Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» Заң;
Мемлекеттік наградаларға ұқсас қоғамдық наградаларды дайындауға және марапаттауға тыйым салатын заң;
Ғылым және білім беру мәселелері туралы заңнамаға түзетулер (педагогтерге қосымша төлемдер туралы).
Ақ Жайықтағы алқалы жиын
2024 жылғы 15 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Атырауда Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өтті. Үшінші отырыстың күн тәртібі қоғамдық топтасу мен жалпыұлттық құндылықтарды дамытудың түрлі мәселелерін қамтыды. Жайық жағасында өткен алқалы жиыннан соң келесідегідей заңдар қабылданды:
«Айбын» орденіне аңызға айналған қаһармандар – Сағадат Нұрмағамбетовтың, Бауыржан Момышұлының, Рахымжан Қошқарбаевтың есімдерін беру туралы түзетулер;
Вандализмге қарсы күрес және табиғи нысандарды қорғау туралы түзетулер;
Лицензиялауды ретке келтіру және заңсыз археологиялық қазбаларға қатысты жауапкершілікті күшейту туралы түзетулер;
Есірткі тасымалдаушылар мен есірткі өндірушілердің жауапкершілігін саралау туралы түзетулер;
Әйелдердің құқықтарын қамтамасыз ету және балалар қауіпсіздігі мәселелері туралы түзетулер (тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық жауапкершілікке тарту, балаларға қатысты зорлықтың барлық түріне жазаны қатаңдату және т.б.);
Өңірлік рәміздердің бірыңғай стандарты туралы түзетулер;
«Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңға түзетулер;
Креативті индустрияны қолдауға бағытталған заңнамалық шаралар пакеті.
Бурабай – елдік пікір алаңы
14 наурыз күні Ақмола облысы, Бурабай баурайында өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында мәдениет пен руханиятқа, қоғамдағы ұлттық тәрбие, жастар саясатына, ақпараттық қауіпсіздіқ мәселелер талқыға салынды. Аталған құрылтайдан соң мемлекеттің даму бағытына қатысты келесідегідей маңызды заңдар қабылданды:
Қоғамдық орындарда бет-бейнені тануға кедергі келтіретін киім киюге қатысты әкімшілік жауапкершілік енгізу;
Құқыққа қайшы келетін контентті (оның ішінде ұлтаралық, діни араздықты қоздыруға бағытталған) таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу;
ЛГБТ мен педофилияны насихаттауға қатысты жауапкершілік енгізу;
Әйелдердің құқықтарын қамтамасыз ету және балалар қауіпсіздігі мәселелері туралы түзетулер (қамқоршылық органдарын күшейту, балалардың құқықтарын қорғауды нығайтатын шаралар және т.б.);
Ономастика саласындағы жұмысты ретке келтіру;
Қазақстандағы Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының мәртебесін қайта жандандыру туралы.
Құрылтай бастамаларын іске асыру аясында 26 заң қабылданды. Ал 10 заң жобасы бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Олар:
Үкіметтік емес ұйымдар туралы заңнаманы жетілдіру;
Психологтар мен коучтардың қызметін ретке келтіруге арналған заңнамалық шаралар;
«Шекара маңы аумақтары туралы» заң жобасы;
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс өлшемшарттарын жетілдіру туралы түзетулер;
Ғылымды қажет ететін аумақтарды (ғылыми қалашықтар) дамыту мәселелері туралы заң жобасы;
«Мүмкіндігі шектеулі балаларды (тұлғаларды) кешенді қолдау туралы» заң жобасы;
Жазасын өтеп жатқан, оның ішінде жүкті және кәмелетке толмаған балалары бар әйелдердің жағдайларын ізгілендіру туралы түзетулер;
Әлеуметтік желілерде азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау, кемсіту әрекеттерін тоқтату туралы түзетулер;
Фильмдерді прокатқа дейінгі сараптамадан өткізуге қатысты заңнамалық шаралар;
Ономастика саласындағы түзетулер (ең алдымен атауы жоқ көшелерге және қайталанатын топонимдерге атау беру).
Толық нұсқасына гиперсілтеме беруді ұмытпаңыз: https://turkystan.kz/article/274747-ulttyq-quryltai-tort-otyrysta-qandai-bastamalar-iske-asty