Тоқаев әлемдік нейрохирургия саласының өкілдерімен кездесті

Фото: Ақорда
https://turkystan.kz/article/263079-toqaev-alemdik-neiroxirurgiia-salasynyn-okilderimen-kezdesti

Мемлекет басшысы әлемдік нейрохирургия саласының өкілдерімен кездесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Уолтер Эдуард Денди атындағы нейрохирургия қоғамдастығының дүниежүзілік Х конгресіне қатысу үшін Астанаға келген әлемдік нейрохирургия саласының өкілдерін қабылдады.

Президенттің айтуынша, мұндай форумның Қазақстанда өтуі отандық нейрохирургия жетістіктерінің кеңінен мойындалғанын көрсетеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Конгресс нейрохирургия саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға зор үлес қосып, озық тәжірибе мен технология алмасуға ықпал ететініне сенім білдірді.

– Ұлт саулығы – кез келген елдің қарқынды дамуының негізі. Сондықтан денсаулық сақтау ісін жан-жақты өркендету мемлекеттік саясатымыздың негізгі басымдығы саналады. Қазақстан медициналық инфрақұрылымды жаңғыртуға, маман даярлауға, үдерістерді цифрландыруға және аталған салаға инновациялық әзірлемелерді енгізуге мол қаржы бөледі, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан нейрохирургияда жасанды интеллектіні қолдануға айрықша мән беретініне назар аударды. Сол арқылы медицинаның жоғары технологиялы салаларын белсенді дамытуды қолға алғанын жеткізді. Оның айтуынша, цифрлы және роботты технологиялардың арқасында отандық нейрохирургия саласы өркендеп келеді.

Мемлекет басшысы кездесуге қатысушылардың әлемдік медицинаны дамытуға қосқан елеулі үлесін ерекше атап өтті. 

– Әрқайсысыңыз – мыңдаған адамның өмірін құтқарған жоғары деңгейлі мамансыздар. Сіздерді ең қиын жағдайда да адамдардың дертінен айығып кетуіне үміт сыйлайтын ізгі миссия біріктіреді. Астанада өтіп жатқан нейрохирургтер конгресіне қатысу үшін арнайы келдіңіздер. Бұл медицинада шекара жоқ екенін көрсетеді. Нейрохирургияда ғылым мен инновация айрықша рөл атқарады, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан медициналық технологияларды трансферттеуге, сондай-ақ тәжірибе алмасуға бағытталған халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екенін айтты.

– Нейрохирургия сияқты жоғары технологиялы салада медициналық туризмді дамыту ісінің әлеуеті зор. Осы бағытта табысқа қол жеткізу үшін орнықты мемлекетаралық байланысты жолға қоюға дайынбыз, – деді Президент.

Өз кезегінде кездесуге қатысушылар Қазақстандағы нейрохирургияны дамыту мүмкіндіктерін жоғары бағалап, маман даярлау және озық технологиямен алмасу тұрғысынан қолдау білдіруге уағдаласты.

Қасым-Жомарт Тоқаев мазмұнды әрі нәтижелі пікір алмасу үшін ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ Денсаулық сақтау министріне нейрохирургияға, жалпы медицина саласына озық технологияларды енгізу шараларын жандандыруды, Қазақстанда шетелдіктерді емдеу бойынша көрші мемлекеттермен үкіметаралық келісім жасау туралы Ұлттық нейрохирургия орталығының басшысы Серік Ақшолақовтың ұсынысына қатысты жұмыс жүргізуді тапсырды.

Comments (0)
Add Comment