Теріскейге көштің тиімділігі қандай?

Қазақтың тағдыры талайлы тарихпен өріліп, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан көшпенді өмір салтымен нығая түсті. Даланың төсін еркін кезген халқымыз үшін қоныс таңдау, жаңа жерге бейімделу – ежелден қалыптасқан дәстүр.

Алайда бүгінгі тәуелсіз Қазақстандағы көші-қонның мәні бұрынғыдай емес. Ол енді мал соңында жайылым іздеу емес, елдің болашағы мен стратегиялық мүддесін айқындайтын саяси-әлеуметтік қажеттілік. Солтүстікке қоныс аудару бағдарламасы – осындай тарихи әрі тағдырлы міндеттің көрінісі. Бұл бағдарлама тек халықты бір өңірден екіншісіне көшіру емес, ол – елдіктің тұтастығын сақтап, әлеуметтік теңгерімді нығайтатын, ұлттық қауіпсіздікті бекемдейтін шара. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше назар аударып келеді.
Мәселен, Президент Ұлттық сенім кеңесі отырысында ішкі-сыртқы миграцияға баса көңіл бөлу қажетін айтып, Үкіметке еліміздің оңтүстігінен солтүстігіне қоныс аударушыларға берілетін жәрдемақы көлемін екі есеге көбейтуді тапсырған болатын.
– Ел ішіндегі миграциялық үдерісті реттеу ісінің тиімділігін арттыру қажет. Әсіресе, бұл ел азаматтарын еліміздің оңтүстігінен солтүстігін көшіруге қатысты. Аталған мәселе Ұлттық кеңесте бірнеше рет көтерілді. Оны кешенді түрде шешу үшін, біріншіден, электронды еңбек биржасының базасында бірыңғай ақпараттық ресурс құру қажет. Көшіп барушылар мемлекеттен көрсетілетін қолдау туралы ақпаратты тікелей алуы қажет. Екіншіден, көшуге қатысты мәселені жеңілдеткен жөн. Мемлекет мигранттарға барынша қолайлы жағдай жасауы тиіс. Мигранттарды ынталандыратын қосымша шара ретінде, оларға берілетін жәрдемақыны екі есеге, яғни, 35 айлық есептік көрсеткіштен 70-ке дейін көбейткен жөн деп санаймын, – деген болатын Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, ішкі көші-қон мәселесі көбінесе еңбек нарығындағы жағдайға байланысты. Еңбекті көп қажет ететін мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру есебінен жұмыс орындарын құрудың басқарылатын процестері, әсіресе дағдарыс кезеңінде, жұмыспен қамту проблемаларын шешуге көмектеседі.
– Жыл сайын қажетті жұмыс орындарын құру үшін аймақтық жұмыспен қамту карталарын жасау керек. Үкімет барлық мемлекеттік бағдарламалардағы жұмыс орындары бойынша индикаторларды өзектендіруді қамтамасыз етіп, статистикалық есептің тиісті жүйесін енгізуі керек, – деді Президент.
Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп аталатын мақаласында қазақ қоғамының алдында ұлттық құндылықтарды жаңғырту және демографиялық реформа жасау міндеттері тұрғанына тоқталып: «Уақыт ұттырмай қолға алып, дәйекті түрде іске асыратын тағы бір шаруа бар. Халықтың қалалық жерлерге жаппай көшуі салдарынан көптеген ауылдарда, әсіресе, шекара маңындағы елді-мекендерде тұрғындар саны күрт азайды. Біз еңбек күші көп оңтүстік өңір тұрғындарының солтүстік және шығыс аймақтарға қоныстануына қолайлы жағдай жасап, осы жұмысты назарда ұстаймыз. Бұл – өте өзекті әрі еліміздің қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Бұған қоса соңғы жылдарда түрлі себептерге байланысты бәсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдап, оларды жоғарыда айтылған өңірлерге орналастыруды жандандырамыз», – деп атап өткен болатын.
Сонымен қатар ол бұл мәселенің кезекті науқандық шаралар емес, нақты жоспарлар негізінде іске асырылуы тиіс деп тапсырды.
– Бұл мәселенің стратегиялық маңызы бар. Оған кезекті науқан ретінде қарауға болмайды. Жергілікті билік мұндай жұмыстарды жоғарыға көпірген ақпар беру үшін емес, мемлекеттік мүдде және ағайынға шынайы жанашырлық тұрғысынан жасауға тиіс, – деп ел Үкіметіне үлкен тапсырма жүктеген-тін.
Президент тапсырмасынан кейін демографиялық теңсіздікті еңсеру үшін мемлекет арнайы бағдарлама қабылдап, оны жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Айталық, 2025 жылғы ресми деректер бойынша қоныс аударушыларға арналған жалпы квота 9 653 адамды құрайды. Оның ішінде 2 309 орын – қандастарға, қалғаны ішкі көшке ниетті қазақстандықтарға бөлінген. Бұл ретте негізгі бағыт ретінде Павлодар облысына – 3 050, Солтүстік Қазақстанға – 2 969, Қостанайға – 535, Шығыс Қазақстанға – 372, Абай облысына – 255, Ұлытау облысына 125 орын белгіленген. Демек, мемлекет халықтың басым бөлігіне игілік әкелетін аймақтық теңгерімді қалыптастыру үшін нақты жоспармен жұмыс істеп отыр.
Нәтижесінде осы жылдың алғашқы жартысында бағдарлама арқылы 2 202 адам қоныс аударды. Оның 1 111-і ішкі көшіп келушілер болса, 1 091-і – шетелден оралған қандастар. Қоныстанғандардың Павлодарға – 672, Солтүстік Қазақстанға – 532, Қостанайға – 330, Ақмолаға – 215, Шығыс Қазақстанға – 214, Абай облысына 145 адамнан орналасты. Ал қандастардың шыққан елдеріне тоқталсақ, Өзбекстаннан – 396, Монғолиядан – 310, Қытайдан – 286, Ресейден – 52, өзге мемлекеттерден 47 этникалық қазақ атамекеніне қоныс аударған. Бұл – жүрекке жылылық ұялататын көрсеткіш. Ғасырлар бойы атамекенге деген сағынышын сақтап келген қандастарымыздың туған жердің топырағына табанын тигізуі – ел бірлігінің айғағы.
Мемлекет тарапынан жасалған қолдау шаралары да көңілге сенім ұялатады. Мәселен, жоғарыда көрсетілгендей, әр отбасы мүшесіне көшу үшін 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни шамамен 275 мың теңге біржолғы субсидия беріледі. Бұған қоса, тұрғын үй жалдау немесе коммуналдық қызметке кететін шығындарды өтеу үшін ай сайын 15-тен 30 айлық есептік көрсеткіш аралығында көмек қарастырылған. Сондай-ақ қоныс аударушыларға баспана сатып алуға мүмкіндік беретін «Экономикалық мобильділік сертификаты» ұсынылады. Бұл құжат – жаңа ортаға орнығудың тиімді жолдарының бірі. Ал кәсіп ашқысы келген азаматтарға жеңілдетілген несие мен мемлекеттік гранттар қолжетімді.
Теріскейдің тиімділігін түсіндіру мақсатымен Тараз қаласындағы «Анаға тағзым» орталығында «Еңбек мобильділігі орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Тараз қаласы бойынша мансап орталығы филиалының ұйымдастыруымен «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі мен кеңес беру алаңы өтті. Бұл іс-шараға Солтүстік Қазақстан облысының өкілдері арнайы келіп, жамбылдық тұрғындарға қоныстану және жұмыспен қамтылу жайын жан-жақты түсіндірді.
Жәрмеңкенің ашылуында сөз сөйлеген облыстық Еңбек мобильділігі орталығының директоры Серік Әлібеков шараның мақсат-міндеттері мен маңыздылығына тоқталып өтті.
– Ішкі көші-қон тек қоныс аударушыларға жаңа мүмкіндік ашып қана қоймай, жалпы аймақтық даму саясатына серпін беруде. Біріншіден, солтүстік өңірлердегі еңбек ресурстары тапшылығының орнын толтыруға ықпал етсе, екіншіден, Жамбыл облысы сияқты оңтүстік аймақтарда демографиялық жүктемені азайтуға сеп болып отыр.
Жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы аймақтарға қоныс аудару бағдарламасы аясында биыл Жамбыл облысынан 54 отбасы немесе 212 адам еліміздің солтүстік және шығыс өңірлеріне қоныс аударды. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысына – 7, Солтүстік Қазақстан облысына – 55, Қостанай облысына – 47, Павлодар облысына – 99, Абай облысына 4 адам көшіп барды.
Қоныс аударушылардың ішінде еңбекке қабілетті 90 азаматтың 26-сы тұрақты жұмысқа орналасты. Сонымен қатар 52 жас жаңа қоныста еңбек етуге мүмкіндік алды. Ал 112 бала мектеп пен балабақшаға орналастырылды. Барлық қоныс аударушы отбасылары қабылдаушы өңірдің квотасына енгізіліп, мемлекеттік субсидиялар төленді және жалдамалы тұрғын үйлермен қамтамасыз етілді, – деді Серік Айдарұлы.
Келесі кезекте сөз алған Солтүстік Қазақстан облыстық Еңбек мобильділігі орталығының директоры Аман Төрегелдин бүгінде теріскейде еңбек ресурстарына сұраныс жоғары екендігін ерекше атап өтті.
– Бүгінде солтүстік өңірде ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық сақтау, құрылыс салаларында маман тапшылығы сезіледі. Сондықтан мемлекет тарапынан қоныс аударушыларға барлық жағдай жасалған. Біз жаңа жұмыс орындарын ұсынып қана қоймай, тұрғын үймен қамтамасыз ету, әлеуметтік жеңілдіктер беру мәселесін де қарастырамыз.
Ұлттық жобаға қатысушылардың ерікті түрде қоныс аударуы жұмыс күші артық облыстардан жұмыс күші тапшы облыстарға жүзеге асырылады. Бұл өңірлердің қатарында Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Маңғыстау, Жетісу, Түркістан облыстары мен Шымкент, Алматы және Астана қаласы бар.
Ал мемлекеттік қолдауға келсек, көшуге субсидиялар және оған байланысты әрбір мүшеге 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 275 240 теңге бір рет беріледі. Сонымен қатар «Экономикалық мобильділік сертификаты» бар отбасына үй құнының 50 пайыз мөлшерінде бірақ 4 561 120 теңгеден аспайтын мөлшерде қаражат беріледі. Жалпы, қоныс аударған әрбір отбасының ертеңіне сенімді болуы – біздің басты мақсатымыз, – деді Аман Жақсыбайұлы.
Оның айтуынша, қалалық жер мен ауылдық жерге қоныс аударушыларға берілетін субсидия көлемінде айырмашылық бар екен.
– Қалалық жерге қоныс тепкендерге бір адамға 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 78 640 теңге бір рет беріледі. Ал отбасы мүшелерінің саны екіден төртке дейін болса 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 98 300 теңге болса, бес және одан көп мүшелі отбасына 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 117 960 мың теңге біржолғы субсидия беріледі.
Сонымен бірге ауылдық жерге қоныс аударғандар үшін бір адамға 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 58 980 теңге бір рет берілсе, отбасы мүшелерінің саны екіден төртке дейін болса, 18 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 70 776 мың теңге біржолғы субсидия беріледі. Ал отбасы мүшелері бес және одан көп болса, 21 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 82 570 мың теңге біржолғы субсидия беріледі.
Сонымен қатар бағдарламаға сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын көрсету, жұмысқа орналастыру, оқыту және микрокредит беру қатарлы тиімділіктер бар, – дейді А.Төрегелдин.
Сондай-ақ шара барысында Солтүстік Қазақстан облысынан келген өкілдердің сөзінен білгеніміз, бұған дейін қоныс аударған көптеген отбасы жаңа өмірге бейімделіп, тұрмысын түзеп, өңірдің дамуына үлес қосып жатыр екен. Соның әсерінен бір кездері бос қалған ауылдар жанданып, мектептерде қоңырау сыңғыры қайта естіліп, мал шаруашылығы мен егіншілік саласы жаңа дем алып, солтүстік өңірдің тынысы кеңейіп келеді екен.
Қорыта айтқанда, «Солтүстікке көш» бағдарламасы – тек көші-қон шарасы ғана емес, ол – елдің болашағына бағытталған стратегиялық жоба. Оның мақсаты – халықтың теңгерімді орналасуын қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығын өркендету, өндірісті күшейту, демографияны жақсарту, ең бастысы – ел бірлігін сақтау. Әр қоныстанған отбасы – тек бір шаңырақтың ғана емес, тұтас елдің қуаты мен тірегі. Әр көшкен азамат – солтүстіктің болашағын айқындайтын жаңа тыныс. Әрбір игерілген жер – тәуелсіздігіміздің бекем тірегі. Сондықтан да солтүстікке қоныс аудару – жай ғана бағдарлама емес, ол – елдіктің ұлы мұраты, болашаққа бағытталған нақты қадам.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Comments (0)
Add Comment