ТЕРІСБАҚҚАН

Мыналар әбден шаршады, божырады, болдырды. Теріс оқыған, терісбаққан дінуарлар қаптады. Өздерін емес, дүнияуи һәм діни білім деңгейлерін, сол тараптағы сөздерін айтамын. Тіпті, табалдырықтан да төмен түсіп кетті. Басқасын қойшы, жұртқа насихат шашып отырған оқымыстысымақ молдекеңнің бір ауыз сөзіне ден қойып көрші. Әуелден түсінікті хикаятты, бір түрлі түсініксіз тілде «талдап», қор болып және шығарманы қор қылып отыр. Мейлі, өздері білген боғын жеп, оттай берсін ғой. Бұлар осылардың лебізіне құлақ тосып, ден қойған тыңдаушысын қор ететін болды. Бұл шығарма Ахмет Байтұрсынұлына (молда Омардың да «Өтіпті ілгеріде Қара Шекпен» деп басталатын, сөзді «шаруа» деген мазмұн-мағынада қолданатын «Қара Шекпен» деген шығармасы бар) тиесілі, күллі қазаққа түсінікті хикая. Бірінде қарашекпен мен маймылдың, екіншісінде қасқыр мен Қара Шекпеннің тартысы суреттеледі. Бейсауат жан да ұғынуға болатын мәтінді теріс түсіну және солақай түсіндіру, бұл енді сау санаға сиымсыз, барлық үлгі-қалыптарға томпақтау келетін нәрсе. Мынау «оқу өтіп кеткен» неме сол «Қара Шекпен» деген сөздің мағынасын «қара ешекпен» деп «аударып», албасты басып отыр. Сонда қалай, бұлар өзі түрлі мағынада ауыс қолданыла беретін «қара шекпен» (шаруа, шекпен киген, шекпенді, шенді-шекпенді, орыстың қара шекпенділері — Авт.) деген қарапайым сөзді де білмейтін болғаны ма? О, қара ешектен басқа дым көрмеген «қара ешектер-ай»! Ара-арасында «баракалла, сабаз-ай, сабаз-ай, жігіт-ай, жігіт-ай» деп қоятынын қайтерсің, бұл есалаңның? Сөйтіп, шығармадағы «қарашекпен» деген кейіпкер «қара ешекпен» болып, түбірімен өзгеріп, қор болып, ақыр аяғында мәшідей аңырап, азбандай ақырып, шақырып, құлағы салпиып шыға келген. Қош, енді мұны тыңдаған бала мен ересек атаулының молдекең айтып отырған «қара ешекке» айналмаған несі қалды? Құдай біледі дейін, мынау ертең қазақтың «ересекпен» (жасы үлкенмен, егдемен — Авт.) деген сөзін де «ер ешекпен» деп, тағы да сол жанына жақын ешекеңе — қара ешекке қатысты етіп тәпсірлеуден таймайтын «ғұлама» ғой. Осындай немелер молда атаулының сүйкімін қашырып, жалпақ жұртты діннен жирендіріп бітті әбден. Ұят-ай, ұялмайтын жерлерімнің ұялғаны-ай.
Берік ЖҮСІПОВ
Comments (0)
Add Comment