«Терезеге телміріп, жүруді армандадым»: 10 жыл төсекке таңылған марафоншы ауруды қалай жеңгенін айтты

Ауруын жүгіру арқылы жеңген Жетісу облысының тумасы, 62 жастағы Досмұхаммед Төлегенов өмірінің 10 жылын төсек тартып өткізген. Сау жүрген азамат бір күнде аяқ-қолы қозғалмай, көзіне көрінген бейнелер қосарланып, тілі күрмеліп қалған. Сөйтіп, 34 жасында “ұмытшақтық” дертіне шалдығып, екінші топ мүгедектігін алған. Сырқатқа шалдығуына басындағы ісік әсер етіпті. Ол 40 жастан асқанда қайтадан қадам басып жүруді үйреніп, кейін ондаған шақырымға жүгіре бастаған. Қайтпас қайсарлығының арқасында ауруын жеңген азаматпен Stan.kz тілшісі тілдесті.

Фото: видеодан скрин

Досмұхаммед Төлегенов мұғалім болып қызмет еткен, қазір зейнеткер. Жастайынан аңшылықпен айналысып, табиғатта көп уақыт өткізген. Оның айтуынша, 34 жасында аңнан оралып, келесі күні орнынан тұра алмай қалған. Сөйтіп 10 жыл өмірі төсекке таңылып, терезеге телмірумен өтіпті.

Басымдағы жағдай бір күнде болды. Аңшылықтан келіп ұйықтап қалдым, таңертең анам теңселіп жүргенімді, даусым дұрыс шықпай жатқанын айтты. Өзім мән бермей жүре бергенмін. Сөйтіп тілім күрмеліп, көз алдым тұманданып, жүре алмай қалдым. Осылай 10 жыл төсек тартып, ұмытшақтық дертіне шалдықтым”, – дейді марафоншы.

Фото: жеке архивтен

Ауру жанына батқан азамат шарасыздықтан ішімдікке әуестене бастаған. Күйзеліске түсіп,  қанша жүруге талпынса да нәтиже болмағанын айтады. Тек балалары үшін сынбай, бәрін қайта бастауға бел буады. Алғашқы қадамын кітап оқып, санасын қалпына келтіруден бастаған. Ұлы тұлғалардың жүгіру, спорт туралы шығармаларын оқып шабыттаныпты. Қызы сыйлаған құран кітабын 40 жасқа келгенде алғаш қолға алып, өз өміріме жауапкершілік алуды үйрендім дейді.

Фото: жеке архивтен 

Дәрігерлер теледидар көруге, газет-журнал оқуға тыйым салды. Қалаған тамақты да жей алмайсың. Отырасың, ештеңеге шамаң жетпейді. Сонда дәрігерлерге “мұндай өмірдің несі қызық, өлген артық” дедім. Кейін ойландым: бізге берілген өмірге шүкір ету керек екен. Балаларымды ойлап, өзімді қолға алдым. Ауырып жатсам да, қиындыққа сынған жоқпын, – дейді Досмұхаммед Төлегенов.

Фото: видеодан скрин

10 жылдан кейін ол 100 — 300 метр қадам басып үйренеді. Кейін дәрігерлердің рұқсатынсыз жүгіруді бастайды. Күш-қуаты арта келе спортпен жүйелі түрде шұғылданып, марафондарға қатысады. Сөйтіп ауруын жүгіру арқылы жеңеді.

Фото: жеке архивтен 

Бұрын мүлде төсектен тұра алмаған азамат бүгінде ерік-жігерінің арқасында 50–70 шақырымды еңсеретін деңгейге жеткен. Туыстары оның қайсарлығына таң қалады. Кезінде қадам баса алмаған жан бүгінде бірнеше шақырым жүгіретін марафоншыға айналған.

Толығырақ Stan.kz YouTube арнасынан көріңіздер

Comments (0)
Add Comment