28 наурыз, сенбі күні Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы шеңберінде Жамбыл облысында сенбілікке өтіп, 9 мыңнан астам ағаш көшеті егілді.
Облыс әкімі Тараз қаласына қарасты «Бәйтерек» шағынауданында бой көтеретін жаяу жүргіншілерге арналған аллея аумағына ағаш көшеттерін отырғызды. Бұл күні көне шаһардың әр аймағында 2 000 ағаш егілді.
Өңір басшысы сенбілікте аға буын өкілдері мен жастар табиғатқа деген жанашырлықтың мәнін іс жүзінде дәлелдегенін атап өтіп, тұрғындардың белсенділігін жоғары бағалады.
– Жаңарған Ата заңымызда табиғатты қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ерекше мән берілген. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, тазалық – әр адамнан, әр үйден, әр көше мен әр қаладан басталуы тиіс. Бұл – бір күндік шара емес, баршамыздың өмір салтымызға айналуы қажет маңызды құндылық.
Қасиетті Әулиеата өңірінің тұрғындары бұл бастаманың маңызын терең түсініп, қоршаған ортаны қорғау жолында әрдайым белсенділік пен жауапкершілік танытып келеді, – деді Ербол Қарашөкеев.
Айта кетейік, 2026 жылдың наурыз айынан басталған «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткен сенбіліктерге 15,6 мың адам және 840 кәсіпорын мен мекеме қатысты. Осы шаралар барысында 29,6 мың жасыл желек отырғызылды, 1,1 мың шақырым көше жолдары, 318 шақырым арық жүйесі мен каналдар, сондай-ақ 68,8 мың шаршы метр саябақ пен сквер аумағының тазалығы қамтамасыз етіліп, 1,3 мың тонна күл-қоқыс шығарылды.