Көрме аясында этностың тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі мен ұлттық болмысынан сыр шертетін құнды жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды. Іс-шара ары қарай қоғамдық бірлестіктің ұйымдастыруымен концерттік бағдарламаға ұласып, мазмұнды мәдени кешке айналды.
Салтанатты жиын «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Махмуджон Давришев, өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары Ғұлам Умаров және «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мубарак Жинақбаеваның алғы сөздерімен ашылды. Спикерлер өз сөздерінде түрік этносының бай мәдени мұрасын сақтау, оны жас ұрпақтың бойына сіңірудің маңыздылығына тоқталып, этномәдени бірлестіктің қоғамдық келісім мен татулықты нығайтудағы айрықша рөлін атап өтті.
Осы орайда, «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мубарак Қасымқызы бірлестік жұмысына белсене атсалысып жүрген азаматтарды арнайы марапаттады.
Ауқымды шараға Әулиеата өңірінде тұратын түрік этносының өкілдері қатысып, төл мәдениетін кеңінен танытты. Сондай-ақ жиынға облыстық этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері, Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі мен Ақсақалдар кеңесінің өкілдері мен белсенді жастар қатысты.
Мәдени бағдарлама «Tertib ailede başlar» («Тәртіп отбасынан басталады») атты салт-дәстүр көрінісімен ашылды. Сахналық қойылымда үлкенге құрмет, әжелер тағылымы, келін әдебі, бата беру сынды ұлттық құндылықтар көркем түрде бейнеленді. Бұдан кейін аналар қауымына деген құрметтің белгісі ретінде «Analar var olsun» өлеңіне әзірленген бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды.
Салтанатты шара барысында түрік этносының дәстүрлі әуендері мен күйлері шырқалып, «Popurri», «Türk marşı», «Davul Zurna» сынды музыкалық нөмірлер көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Аслан Кавазов, Сардар Омаров, Абдулла Эюбов, Юсуф Гаюпов, Кибар Рижалов, Кивар Шатов, Салим Шахпазов, Шамиль Бешлиев бастаған өнерпаздар жоғары деңгейде өнер көрсетті.
Сонымен қатар, Лиана Исмаилова мен Зейнеп Фахлулова қазақ тілінде Мағжан Жұмабаевтың «Қазақ тілі», Абай Құнанбайұлының «Өлер табиғат, адам өлмес» атты өлеңдерін мәнерлеп оқып, қос халықтың рухани үндестігін айқын көрсетті.
Үш домбырашының орындауындағы күй мен би композициялары да көрерменнің көзайымына айналды. Концерттік бағдарлама барысы бір сөзбен айтқанда көрермен көңілін түрік этносының ерекше әлеміне сапар шектіріп, тұмса тарихы мен биік мәдениетіне сүңгітті.
Концерттік бағдарлама көрерменді түрік этносының өзіндік рухани әлеміне жетелеп, тарихы мен мәдениетіне терең бойлатты. Фестиваль соңы түрік қызы Зульфия Фарманованың патриоттық рухтағы «Алға, Қазақстан!» әнімен түйінделді.
Аталған тағылымды шара түрік этносының ұлттық өнері мен рухани мәдениетін кеңінен насихаттап қана қоймай, этнографиялық мұраны сақтау, ұлттар арасындағы достық пен өзара түсіністі нығайтуға зор үлес қосты.