Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағына қарасты Тараз қалалық кәсіподақ комитеті өңірдегі ең ірі ұйымдардың бірі.
Қазіргі таңда комитет құрамындағы 141 бастауыш кәсіподақ ұйымында 16 103 кәсіподақ мүшесі еңбек етеді. Осы ретте, Тараз қаласындағы №66 орта мектеп базасында өткен қалалық кәсіподақ комитетінің ІІІ пленумы «Жұмысшы мамандықтар жылы: жұмысшыларға лайықты еңбек ақы алуға ықпалдасып, ұжымда еңбекқорлық пен кәсібилік идеясын ілгерілету» тақырыбында ұйымдастырылды. Іс-шараға Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков, мекеме басшылары мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, мүшелері қатысты.
Пленумда қалалық кәсіподақ комитетінің төрағасы Ирина Костина Ұжымдық шарт аясында жыл бойы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Оның айтуынша, кәсіподақ мүшелері көтерген бірқатар мәселе оң шешімін тапқан. Атап айтқанда, Ұжымдық шарт шеңберінде кітапханашылардың лауазымдық жалақысына 30 пайыз, іс жүргізушілер мен хатшылардың, сондай-ақ мектеп автобус жүргізушілерінің еңбекақысына 50 пайыз қосымша ақы төлеу 2025 жылдың басынан бастап жүзеге асырылған. Сонымен қатар 2025 жылғы 20 қаңтардағы қосымша келісімге сәйкес 141 білім беру ұйымындағы мұрағаттық құжаттарды сақтауға жауапты мұрағатшыларға 50 пайыздық үстеме ақы белгіленген. Сондай-ақ баяндамада заң көмегі, жұмыс уақыты, демалыс және еңбек жағдайлары, әлеуметтік қолдау мен сауықтыру шаралары бойынша атқарылған жұмыстар қамтылды.
Жиын соңы марапаттау рәсіміне ұласты.