«Жыр болып төгілген ақын мұрасы» атты театрландырылған поэзиялық кеш Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдық мерейтойына орай Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының ұйымдастыруымен ерекше форматта өтті. Besh BQ мейрамханасында ұйымдастырылған бұл рухани кеш поэзия мен театрды, көрермен мен кейіпкерді бір кеңістікке тоғыстырған тағылымды шара болды.
Кеш барысында Мұқағали образындағы арнайы дайындалған кейіпкер демалушылар арасынан кенеттен шығып, ақынның жүрекжарды «Арыз» өлеңін оқып, көрерменді бірден поэзия әлеміне жетеледі. Мейрамханадағы әрбір үстелде отырған кейіпкерлер Мұқағалидің өмір жолын өлеңмен өрді: ақынның балалық шағына жетелейтін «Сағым» өлеңі оқылса, туған ауылына деген сағыныш «Бір әңгіме қозғашы, ауыл жайлы» жыры арқылы әсерлі жеткізілді. Көрініс барысында даяршылар арасынан оқылған «Махаббат монологы» келушілердің жүрегіне жол тауып, кештің эмоциялық шарықтау шегіне айналды. Ал мейрамханаға кірген екі дос арасындағы диалогта Мұқағали жырларымен өрілген «Қадірлі дос» өлең шумақтары көрермендердің ерекше ықыласына бөленіп, залда жылы сүйіспеншілік пен құрмет сезімін орнатты.
Театрландырылған көріністерді кітапханашылардың автор сөзіне жазылған әндерді жанды дауыста орындауы толықтырып, кештің көркемдік мазмұнын байыта түсті.
Шара аясында мейрамхана келушілеріне ақынның шығармаларынан жасақталған дәстүрлі емес кітап көрмесі ұсынылды. Аталмыш көрме арқылы Мұқағали Мақатаевтың рухани мұрасын жаңа қырынан таныту мақсатында 18 кітап ұсынылып, 52 оқырман қамтылды.
Кеш соңы ақынның терең философиялық ойға жетелейтін қара сөзімен, «Бұл өмірге не іздеп келдің?» деген сауалмен түйінделіп, әрбір көрерменді ой әлеміне жетеледі.
Бұл театрландырылған поэзиялық кеш Мұқағали мұрасының мәңгілік екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, жырсүйер қауымға ұмытылмас рухани әсер сыйлады.