ТҮРКІСТАНДА ЕНДІ АРАҚ САТЫЛМАЙДЫ

Түркістан ауылдық округінде «Арақ – сатылмайтын ауылдық округ» қалыптастыру мәселесі талқылау мақсатында маңызды жиын өтті.
Жиынға ауылдық округ ардагерлер кеңесінің мүшелері, ауыл билері, учаскелік полиция инспекторы, жергілікті қоғамдастық мүшелері, аналар кеңесінің мүшелері, шаруақожалығының төрағалары, ауылдық округ тұрғындары мен дүкен иелері қатысты.
Кездесуде ауылдық округ әкімі Д.Борсықов күн тәртібіндегі мәселе бойынша мәселелерді қозғады. Мұнан соң ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Жылқыбаев ішімдіктің адам денсаулығына, отбасы берекесіне және қоғамға тигізетін зияны мен зардаптары туралы кеңінен тоқталып, округке қарасты ауылдардағы дүкендерде спирттік ішімдіктерді сатуды тоқтату мәселесін көпшіліктің талқылауына салды. Сонымен қатар, Ә. Бүркітбаев ауылының тұрғыны Стыбаев Марат ішімдікке тәуелділіктің отбасы тәрбиесіне, жастардың болашағына және ауыл тыныштығына кері әсер ететінін атап өтті.
Жиынға қатысушылар ауыл тұрғындарының бірлігі мен ортақ жауапкершілігі арқылы ғана арақсыз, тыныш әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға болатынын жеткізді.
Сондай-ақ ауыл тұрғыны Бегалиев Шахар барлық дүкендерде ішімдік сатылмаса, ауылдағы ішімдікке әуес адамдар саны едәуір азаятынын айтып, нақты ұсынысын білдірді. Сондай-ақ, Әжелер кеңесінің төрайымы Уасова Күлімша да сөз алып, ішімдік ішкен адамдардың қоғамдық орындарды ластап, ауылдың көркін бұзып кететін жағдайлары жиі кездесетінін айтып, бұл мәселені бірге шешу қажеттілігін айтты. Жиында Түркістан ауылдық округі бойынша учаскелік полиция инспекторы Т.Шымырбаев ішімдіктің салдарынан туындап жатқан құқық бұзушылықтар мен тұрмыстық келеңсіз жағдайлар жөнінде қысқаша мәлімет берді.
Кездесуге қатысушы ауылдық округ тұрғындары мен дүкен иелері (жеке кәсіпкерлер) округке қарасты азық-түлік дүкендерінде спиртті ішімдіктер сатылмауына бірауыздан шешім қабылдады. Жиын соңында ауыл тұрғындары спиртсыз ауыл – жарқын болашақтың кепілі екенін атап өтіп, бұл бағытта бірлесе жұмыс істеу қажеттігін қолдады.
Comments (0)
Add Comment