Енді мен саған сәлемнің ең жолы үлкенін айтып берейін. Ол — шаңырақ сәлемі. Кісі үйіне келген адам үйде біреу болсын-болмасын амандасып кіреді. Үй иелерімен сыртта ұшырасып, есік алдында есен-саулық сұрасып алса да, табалдырықты аттай бере сол үйдің шаңырағына, отының басына сәлем береді. Қазақ халқы шаңырақты, табалдырықты және бесікті қасиетті санайды. Үй табалдырықтан басталады, шаңырақпен еңсе көтереді, бесікпен ұрпағы өседі. Әркімнің от жаққан, ұрпақ өсірген үйі — өзіне құтхана. Сондықтан келген адамның кісі үйін сыйлауы шаңыраққа сәлем беруден басталады.
Сырттан келген мейманды,
Сәлем беріп, қол алсаң,
Бірінші еткен құрметің.
«Түсіңіз», — деп түс беріп,
Шылбырына оралсаң,
Екінші еткен құрметің.
Есік ашып енгізіп,
Көрпе төсеп, құп алсаң,
Үшінші еткен қызметің, — деп айтқаны бар. Қазақ әдептен аспай, кісі шаңырағын сыйлай білетін адамнан сәлемін де, ықылас-пейілін де аямаған. Бұл — ғасырдан ғасыр асып келе жатқан дала этикасы…
Бауыржан Момышұлы
Зейнеп Ахметова апамыздың “Бабалар аманаты” кітабынан алынды.