Сурет сыры

1968 жылдың басында, Лениншіл жас газетасына хабарландыру шықты.
Мағынасы:
«Қыз Жібек фильмін түсіреміз.
400қыз суреттерін жіберсін, 200қызды таңдаймыз, одан әрі 15 қызды ғана фильмге түсуге шақырамыз» деген сияқты…
Сол хабарландыруды оқып, анамнан өтіндім:
«Маған суретке түсу үшін, қазақы бас киім керек»- деп.
Содан анам, картон қағаз алып, басыма өлшеді де , оның сыртын қызыл мақпалмен қаптады.
Енді, үкі тағайық десек, біздің елде үкі жоқ.
Тауықтың қауырсындарын әкеліп, бірнешеуін топтастырып, әлгі бас киімнің төбесіне тігіп қойды.
Сосын анам, түлкінің терісінен қиып, бөріктің жиегіне жапсырып, тігіп берді.
Үйде ақ матадан тігілген көйлегім болатын.
Соны кидім.
(желбіреуігі жоқ болатын)
Шашыма тағатын ақ бантиктен желбіреуік жасадым.
Қызыл бешпент кидім.
Тахиаташ қаласының орталығындағы фотосалонға барып суретке түстім.
Сурет дайын болған күні, конверт әкеліп, конверттің сыртына киностудияның адресін жаздым.
Суреттің артына аты жөнімді, адресімді жазып, енді конвертке суретті сала бергенімде, жаныма анам келді.
«Не істеп отырсың?
Кімге жіберіп жатырсың бұл суретті ?»- деп сұрады.
Содан мен анама түсіндірдім:
Солай да, солай.
«Қыз Жібек фильміне түсуге конкурсқа қатысқым келеді.
Сол үшін жіберейін деп жатырмын «- дедім.
Анам сол кезде маған:
«Ой, қарағым ай!
Бүткіл Қазақстаннан 400 қыз таппайды дегенге сенбеймін.
Сен тіпті алыста тұрасың.
Қарақалпақстан мен Алматының екі ортасы қандай алыс екенін білесің ғой.
Сурет жіберудің қажеті жоқ, конкурстан өтпей қалсаң , ертеңгі күні ренжисің ғой.
Қазақстанда небір сұлу қыздар көп қой»-деді.
«Апа! Мен ең болмаса бір сюжетіне түссем де қуанар едім ғой «- дедім.
Тағы да қайталады:
«Конкурсты жариялай береді ғой.
Алматыдан, әлдеқашан тапты ғой, небір қыздарды»- деді.
Соныменен, бұл сурет менде қалды.
Ақ бантик тағып , мектепте оқып жүретін шағымнан естелік болып қала берді.
Міне, бұл суреттің сыры осы.
Қайран жастық шағым ай!
«Болмасаң да, ұқсап бақ!»- деп, Абай атамыз айтқандай, балғын шағымды, еліктегіш шағымды еске салып тұрады, осы сурет.
Тарихи сурет…
Марита Қабижанқызының парақшасынан алынды
Comments (0)
Add Comment