Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда өңірлердің даму деңгейіндегі теңсіздікті жоюды мемлекеттің стратегиялық маңызды міндеті ретінде айқындады. Бұл тұжырым халықтың біркелкі орналасуын қамтамасыз ету, елдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін нығайту, демографиялық тепе-теңдікті сақтау сынды аса маңызды мәселеде ірі қалалармен қатар шағын қалалардың алар орны ерекше екенін айқын көрсетеді.
Осы орайда, бүгін Жаңатас көпсалалы колледжінде «Jambyl Civil Hub» жобасы аясында
«Шағын қалалар үлкен мүмкіндіктер» форумы өтті. Жастардың алаңына айналған форумға «Жамбыл облысы Азаматтық Альянсы» ЗТБ басқарма төрағасы Исламбек Дастан, аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ермағанбетов, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Ұлбике Сәлімова, Жаңатас қаласының әкімі Ильяс Домалақов, “Қазфосфат” ЖШС филиалы “Қаратау” тау-кен өңдейтін комплексінің ұйымдастырушылықты дамыту бөлімінің бастығы Самат Серікбаев, “ГПК Қазфосфат” ЖШС кадрлар жөніндегі жетекші инспекторы Қуаныш Құлыбеков, аудандық Мансап орталығының директоры Данияр Омар, мемлекеттік қайтарымсыз грант иелері мен жастар қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша «Жамбыл облысы Азаматтық Альянсы» ЗТБ басқарма төрағасы Исламбек Дастан сөз сөйлеп үкіметтік емес ұйымдардың жастарға арналған мол мүмкіндіктерін айтып, болашақ өрендердің алғыр болып өсуіне тілектестігін жеткізді. Мұнан соң Жаңатас қаласының әкімі Ильяс Домалақов «Қаланы жаңғырту: даму жолындағы ірі жобаларды іске асырудың негізгі бағыттары бойынша» баяндама жасады. Сонымен қатар, “Қазфосфат” ЖШС филиалы “Қаратау” тау-кен өңдейтін комплексінің ұйымдастырушылықты дамыту бөлімінің бастығы Самат Серікбаев, “ГПК Қазфосфат” ЖШС кадрлар жөніндегі жетекші инспекторы Қуаныш Құлыбеков те сөз сөйлеп, қаланың инфрақұрылымын дамытуда өз үлестерін қоса беретіндіктерін айтты.
Сондай — ақ, аудандық Мансап орталығының директоры Данияр Омар жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі туралы мәлімет берді. Мемлекеттік бағдарлама арқылы қайтарымсыз грантты иеленген бірқатар жастар грант арқылы кәсіптерін дөңгелетіп отырғанын айтып, жастарға мүмкіндіктерді пайдалануға шақырды.
Форум барысында жастар интерактивті алаң айдарында «Менің қалам-менің болашағым» қатысушылар шағын топтарда өңірде дамуға арналған идеяларын ұсынса, «Жастар үні ашық» микрофон алаңында қаламызға қатысты көкейкесті мәселелерге тоқталып, үсыныс — пікірлерін жеткізді.
Аудан әкімінің орынбасары Ерлан Дайрабайұлы форумды қорытындылап, шараға белсенді қатысқандарға ризашылығын білдірді.